Ана мен бала өліміне кім кінәлі?

Еңлік АБАҒАН

21.10.2021, 13:27

746

Алматы облысында бір аптаның ішінде бірнеше қайғылы оқиға орын алды. Соның көп талқыға түскені – Сарыөзекте ана мен бала көз жұмуы.  Марқұм болған ана Айжан Шепенованың туыстары қайғылы жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, жүктіліктің 41 аптасы толған әйелді бір апта бойы перзентханада босандырмай, жатқызып қойған. Айжан дәрігерлер салған толғақ дәрісінен кейін де толғағы келмей жатқанын жақындарына жеткізген.

Әлеуметтік желіде әйелі мен баласының қазасы туралы айтқан ер адамның видеосы тарады. Ол төртінші сәбиіне жүкті әйелін аудандық перзентханаға әкелгенін, бір аптадан кейін жары белгісіз себептен босану кезінде қайтыс болғанын айтады. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сенсек, 37 жастағы әйел жүктіліктің 41-аптасында Кербұлақ аудандық ауруханасының перзентханасына түскен.

Марқұмның жақындары Айжанның денсаулығына дәл осы толғақ дәрісі кері әсер берді деп санайды. Себебі толғақтың дәрісін салғандығын Айжан Whatsapp желісі арқылы жақындарына хабарлаған. Содан дәрі де әсер етпегеннен кейін кесар тілігін жасауға шешім шығарған. Отадан кейін де қан тоқтамай, ана да, бала да көз жұмды дейді жақындары.

«Балаға да, өзіне де дәрігерлер қарамаған. Қарамағандықтан өлтіріп отыр. Бала ішінде қансырап тұншығып өлді. Содан бізге айтпаған, хабарламаған, күйеуі тыным таппағаннан кейін түнгі он екі жарымда барса, атам заманда қайтыс болып кеткен. Ешқайсысы қарамай өлтіріп отыр», –  дейді марқұм Айжан Шепенованың енесі Дәмет Ерментаева.

Марқұмның жақындары ана мен баланың қайтыс болғанын дәрігерлер хабарламады деп қапалы. Ақпаратқа сүйенсек, Сарыөзектен Талдықорғанға баланың да, ананың да мүрдесін марқұмның жақындары өздері әкеліпті. Ешбір құжатсыз берілген мәйітті мәйітханадағылар қабылдамай, біраз әлекке түскен екен.

Ал дәрігерлер ана мен баланың өмірін сақтап қалуға тырыстық деп ақталуда. «Сарыөзек орталық ауруханасына түскеннен соң бір аптадан кейін  толғағы басталды. Сағат 18:30-дан кейін жағдайы нашарлап, қан қысымы төмендеп кетті. Шұғыл түрде кесар тілігіне операцияға алынды. Операция кезінде жүрегі тоқтап қалды. Барлық реанимациялық шаралар жасалды. Бірақ соған қарамастан сағат 21:45-те әйел қайтыс болды», – деп жауап берген Кербұлақ аудандық ауруханасының дәрігері Гүлнәр Тыныбаева.

Сарыөзектегі ауруханаға төртінші баласын босанамын деп барып, сәбиімен бірге қайтыс болған Айжан Шепенова мұғалім болған. Денсаулығына еш уақытта шағым айтып көрмеген. Марқұмның артында үш ұлы, жары қалды. Айжанның отбасы аудандық прокуратураға дәрігерлердің үстінен шағым түсіріп, арыз жазған. Кінәліні таппай тоқтамаймыз деп отыр. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханадағы жағдайды тексеру үстінде. Ал облыстық полиция департаменті жағдайдың бақылауда екенін, сараптама нәтижесін күтіп отырғанын мәлімдеді. Соған байланысты процессуалдық шешім қабылданады.

Екі күннің бірінде осы тектес жантүршігерлік оқиғалар орын алады. Әлеуметтік желіні ашуға қорқатын халге жеттік. Өйткені көңіліңді түсіретін негатив оқиғалар мен әшкере болмаған қылмыс туралы ақпаратқа толы. Жоғарыдағы жазылған – ресми белгілі болған жағдаят. Ал қылмыс әшкереленбей, жасырылып жатқаны қаншама? Қылмыстық оқиғалардың орын алуына не себеп? Бұл сұраққа жауап беру күннен-күнге қиындай түсуде.

Тегтер: ана-бала демография статистика тұрмыстық зорлық-зомбылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 17:50
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы облысында үшем тапқан ана балаларына пана таппай жүр...
Сайт әкімшілігі 11:20
Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері баяндалды
Сайт әкімшілігі 10:24
КВИ: Науқастар саны қайта өсіп келеді
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 18:40
Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» пен жаңа ұрпақ
    12:29
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00