Аналар наразылығы назардан тыс қалып барады

Бифат ЕЛТАЕВА

29.12.2021, 16:10

1779

Әр жылдың басы аналардың жанайқайынсыз басталмайтын болды. Биылғы 2021 жыл да аналардың наразылығынсыз өтті деп айта алмаймыз. Қымбатшылық қысқан заманда бір айлыққа қарап, бала күтімімен отырған отбасылар үшін өмір сүру тіптен қиын. Жылда жалғасып келе жатқан наразылық биыл шешімін таба алды ма? Үкімет аналардың жанайқайына қаншалықты құлақ асты?  

Астанада өртенген үйде қалып қойған бес баланың қазасынан кейін аналардың наразылығы, билікке талап қоюы күшейген болатын. Әсіресе көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың әлі күнге мемлекеттен дұрыс қолдау таппай келгеніне куә болдық. Билік 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін арттырды. Яғни бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге. Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жасқа толғанға дейiн төленетін ай сайынғы төлем: бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 25 962 теңгеге өсірді. «Алтын алқа» (жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеген), «Күміс алқа» (алты бала туған және тәрбиелеген) алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге ай сайын 6,4 АЕК (19 603 теңге) мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленген болатын.

      Алайда бұл көмек әр баланың жыртығын жамай алды ма? Егер жеткілікті болса, аналар неге наразылықтарын айтып, алаңға шығуының себебі неде? Бірақ соңғы жылдарға қарасақ, аналардың алаңға шығып, жанайқайын жеткізуі кейінгі уақыттарда бәсеңсіп қалғандай. Тынышталып қалудың бір себебі көпбалалы әйелдердің мемлекеттің қолдауына разылығынан дейін десек, бұл жағдайға барлық ана мемлекеттен қолдау тауып жүр дегенмен көбісі келісе бермейді.

      Осы мәселеге қатысты саясаткер Балташ Тұрсынбаев «елімізде аналардан бөлек, ерлердің де, қоғамның да мәселесі шешілмеген, бұлай жалғаса берсе, 5-6 жылдың ішінде Африканың әбден артта қалып қойған елдерінің шаңын жұтып, солардың артында жүреміз» дейді. Сондай-ақ саясаткер аналар наразылығының соңғы уақытта бәсеңсуіне бірнеше себеп бар екеніне тоқталды.

–Біріншіден, аналар шеруінің бәсеңдеуіне пандемия әсер етіп жатыр. Екіншіден, билік ер адамдардан гөрі әйел адамдардан қаймығып, қорқып, жеке-жеке көзге түскен әйелдерге көмек жасап, тыныштандырып, оларды тоқтатты. Бірақ мемлекет әйел адамдардың түпкілікті мәселесін шешкен жоқ. Еркектердің де, әйелдердің де, қоғамның да сұрағы шешілмеген. Мәселен, соңғы екі жылды қарайтын болсақ, жалақы өскен жоқ. Жәрдемақы өспеді, сол күйі тұр. Студенттердің стипендиясы кішкене ғана көтерілді. Ал енді күнделікті халықтың тұтынып жүрген тамақтары 35-40 пайызға өсіп кетті.  Көптеген жанұялар қазір несиеге тамақ алып жүр. Бұл нағыз халықты мазақ қылу деген сөз. Ертең несие алдың деп, соларды қылғындырады.  Кеше ғана үш баласын аямай, өзінің жанын қиған әйел адам не үшін секірді? Екі кредит алып, төлей алмай, пәтер жалдап, әбден қиналған соң, балаларымен қоса секіріп кетті. Қоғамды жемқорлық жайлады. Елді дұрыс басқарып отырған үкімет жоқ. Бағдарлама деп айтып жүргендерімен, оны орындап жатқан ешкім жоқ. Міне, содан елдің экономикасы дамымайды. Сондықтан бұлай жалғаса берсе, 5-6 жылдың ішінде Африканың әбден артта қалып қойған елдерінің шаңын жұтып, солардың артында жүреміз. Дамыған, дамып жатқан елдердің көші әлдеқашан алға жылжып кетті. Ал біз көштен қалып қойып жатырмыз, – дейді саясаткер.

    Ал Қазақстан ата-аналар одағының өкілі Бағила Балтабаева аналар жыл сайын қозғау салып тұрмаса, мемлекет мүлгіп отыра беретінін айтады. Сондай-ақ барлық ана бірдей мемлекеттен айтарлықтай қолдау тауып жатқанына күмәні бар екенін жеткізді. «Қыз-келіншектердің, көпбалалы аналардың наразылығы әлеуметтік желілерде бәсеңсіген шығар. Дегенмен 2019 жылдары аналардың көмек сұрап, алаңға шығуы көп болды. Бұл пандемияның жаңадан қарқын алып келе жатқан кезі еді. Негізі, адам баласы не нәрсе болса да үйреніп, соған қалыптасады. Кейінгі жылдары аналардың жанайқайы бәсеңсіді дегенге келсек, аналардың алаңға шығуы, әкімдіктерге, министрліктерге жағдайларын айтуы азайған шығар. Бірақ олардың көкейінде сол ашу-ыза әлі де бар. Наразылыққа шықпай жүрулерінің себебін де айтарлықтай көмек алды деп айтуға болмайды. Басында аналар әкімдіктегілерге барып, айқай-шумен де, айтыс-тартыстарымен мұң-мұқтажын айтып жүрді. Кейбіреулерін сол жерде ұстап әкетті, көбісіне айыппұл төлетті. Содан аналардың саны бірте-бірте азайып, соңында  үкіметтен қайыр болмайтынын сезіп, қолды бір сілтеп, қара нан мен суын қанағат тұтып отыр. Сол себепті аналар үкіметтен көмек алып, сол көмекке  риза болып, алаңға шықпай, бәсеңсіп қалды деп айта алмаймын», – дейді.

     Сондай-ақ қоғамда әлі күнге шешімін таппай келе жатқан үлкен мәселе бар. Ол – әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының ұзартылуы. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың қаңтарынан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Десе де, кейбір әйелдердің зейнет жасы өзгермейді. Олардың ішінде көпбалалы аналар және Семей ядролық полигонында тұрған әйелдер бар. Бұл мәселеге қатысты өткен айларда Нұр-Сұлтан қаласында 50 жастан асқан әйелдер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында митингіге шыққан болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғыс Сұлтанбеков әйелдердің талабын министрге жеткіземін деп уәде еткен болатын. Кеңесші уәдесінде тұрса, министрдің құлағына осы күнге дейін жеткен болар.

       Шынында, аналардың наразылығы шешімін тапты ма? Бұл мәселе жөнінде саясаткер Балташ Тұрсынбаев «зейнет жасын дамып кеткен елдерге қарап бекітетіндей біздің өмір сүру жағдайымыз олармен салыстыруға да келмейді» дейді. «Әйелдердің зейнеткерлікке шығуы жайлы мәселелер көп көтерілгенімен, оған ешқандай жұмыс жасалынып жатқан жоқ. Әйелдердің зейнет жасын ер-азаматтармен бірдей қылып қойып, үкімет қолдарын шапалақтап мәз болып отыр. Олай болмайды ғой. Дүниежүзінде ең соңғы байып кеткен, үздік Германия, Жапония секілді мемлекеттерде адамдар жасайтын жұмыстарды роботтар атқарып жатады. Сол себепті олардың зейнетке шығу жасын ұзартуға болатын шығар. Ал біздің елдің жағдайын олармен салыстыруға мүлдем келмейді. Сондықтан да бұрын әйел адамдардың зейнет жасы қандай болды, солай қалдыру керек еді. Егер оны ұзартатын болса, жұмысын жеңілдетіп, жалақысын көтеру керек. Тұрмысын жақсартуға көмектесу қажет. Сол кезде ғана жасын көбейтуге болады. Бірақ бізде ондай жұмыстың бірі де жоқ, тек зейнет жасын ұзарта береді. Сондай-ақ біздің елдегі жұмыссыздық дейгейі өте жоғары. Берілген статистиканың барлығы өтірік. Шын мәнінде жұмыссыздарды есептейтін болса, 45 пайыз адам жұмыссыз. Сондықтан олардың зейнет жасын көтерудің қажеті жоқ еді», – дейді саясаткер.

    «Қазіргі заман мен бұрынғы заман адамдарының денсаулығын салыстыруға келмейді», – дейді қоғам белсендісі Бағила Балтабаева.  «Әйелдердің зейнет жасының өсуіне келіспеймін. Өйткені 59-60 жасты айтпай-ақ қояйын, 58 жастың өзі әйел адам үшін өте қиын. Кеңес өкіметіндегі 55 жасты қайтару керек. Кеңес өкіметі кезінде экология мен  тағамдар таза болатын. Қазіргідей ұялы телефон, микротолқынды пеш, компьютер секілді ультра шығаратын техникалар болмады. Енді 5G қосылып жатыр. Сондай-ақ қазір таза тамақ та жоқ, тіпті нанның өзінде де түрлі қоспалар бар. Сондай тағамды тұтынып келе жатқан ағзамен 60-63 жасқа қалай шыдаймыз? Шыдаса жылы креслода отырған депутаттар шыдар. Ал қара жұмыс істеп жүрген апалардың денсаулығы депутаттардың денсаулығымен мүлде салыстыруға келмейді. Үкімет аналардың талабын тыңдап қана қоймай, зейнет жасын төмендетуге жұмыс жасасын», – дейді қоғам белсендісі.

       Еліміздегі зейнетақы төлеміне келек, «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы 43 272 теңгеге дейін, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеге дейін көтерілді. Ал жалақының ең төменгі мөлшері 42 500 теңге мөлшерінде белгіленді. Осы орайда айта кетер жайт, еңбек өтілі 25 жылдан жоғары, ісқағаздарын жүргізуші барлық өтемақысын қосқанда, айына 64 мың теңге алады. Төртінші разрядтағы көлік жүргізушісі 60 мың алса, бірінші разрядтағы еден жуушы 54 мың теңгеге жетер-жетпес айлық алады, ал қолға тиетіні одан да аз. Ал енді ойлап қараңыз, қара жұмыс істейтіндердің айлығының шайлығына қалай жететінін. Сондай-ақ осындай аз мөлшердегі айлықпен 63 жасқа дейін сүйретіліп жүру де оңай емес. Осыған дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы мен аналардың мемлекеттен қолдау алуы жөніндегі мәселелер үкіметте бір емес, бірнеше рет қарастырылған болатын. Алайда зейнет жасы мен аналардың әлеуметтік жағдайына байланысты жыл қорытындысы мәз емес. Ал үкімет аналардың жанайқайын тыңдағысы келмегендей сол баяғы марғау кейпінде жылды аяқтап барады.

Тегтер: ана-бала демография статистика тұрмыстық зорлық-зомбылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 14:38
Әлемдегі ең қымбат дәріні еккен қазақстандық бала көз жұмды

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49