Аналар неге аттан салды?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

12.03.2021, 09:30

631

(фото ашық ақпарат көздерінен)

Қарағандылық көпбалалы әйелдер 8 Наурызда  аяқасты ашуға мінді. Олар «Біздегі билік соқыр ма, бізді  неге елемейді?» деп ашынды.  Ардақты аналардың ұлардай шулауына  Астана және Өскемен қаласы әкімдігінің   көпбалалы отбасыларға бір реттік ақшалай  сыйақы беруі себеп  болған. Наласын  ішке бүккен  бір топ  әйел облыстағы «Тал бесік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Ләззат Қожахметоваға шағымдарын айтқан. 

     – «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», әлбетте. Қарағандылық өкпелі аналар өзге өңірдегі  митингіге шығып, атойлаған әйелдердің мұң-зары естіледі, біздің үніміз билікке жетпегендіктен, осындай пұшайман күйге жетіп, назардан тыс қалып отырмыз деген пікір қалыптастырып отыр. Шынымен де жылына бір келетін мейрам күні аналардың ерекше құрметтеліп, ескерілгені ләзім. Өкінішке қарай, осы жағы үнемі ұмыт қалады, – дейді облыстағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әлеуметтік жаңғыру тобының мүшесі Ләззат Таймырқызы.

                  Билік әйелдерді неге алалады?

Биылғы мерекеде билік белсенді әйелдерге ерекше екпін қойды. Әрқайсысын бағалы сыйлықтан кенде қалдырмай,  көңілдерін көктем етті. Құрметті  ханымдардың тізіміне  алтын, күміс алқаларын алып кетсін дегендей, бір-екі көпбалалы ананы  ғана қыстырмалап қосыпты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі  аймақтағы  журналист  қыз-келіншектердің, зейнеткерлердің  үйіне, кейбірін  көшеден іздеп тауып, ерекше сыйлықтарын тарту етті. Оны  әлеуметтік желіге салып, жұртты желпіндірді. Мұны көрген   көпбалалы аналардың  көңіліне қаяу  түсті. Одан да көпбалалы аналардың шаңырағына барып қуаныш сыйласа, қандай жарасымды болар еді!   Байыппен ойлайтын адамға  бұл  мерекеде  алдымен көпбалалы аналарға құрмет көрсетілуі керек.

 Алтын құрсақты аналар – елдің қуаты,  «Мәңгілік Қазақстанның» жалауын жықпайтын бірегей  жандар. Өйткені бала – елдің басты құндылығы. Бір ауыз сөзбен дүниенің тереңдігін суреттеген дана бабаларымыз «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп бекер айтпаған.  Мемлекеттің келешегі мен тағдырын  қорғайтын бүгінгі өрендер. Ендеше баға жетпес осынау қазынаның қазығы саналатын аналарды ардақтауды жергілікті билік  неге естен шығарады?! Елегісі келмей ме, әлде өресі тар ма? Түптеп келгенде «Бар жақсымыз – балаларға»  деген қағиданы жүрекке сіңіретін  қазақстандық идеологияның  аса қажеттілігі  туындап тұр.    

ҚР президенті жанындағы Әйелдер ісі және  демография жөніндегі ұлттық комиссияның  мүшесі Ләззат Қожахметованың мәлімдеуінше,  біздің елде көпбалалы отбасылардың статусы тұрақты емес.  Бұл  мәселе аналардың жан жарасына айналған. Тарқатып айтсақ, төрт баласы бар отбасының тұңғышы орта кәсіптік  немесе жоғары  оқу орнын  тәмамдаса, ол отбасы көпбалалы жанұялардың қатарынан  автоматты түрде шығарылады. Тек алтын және күміс алқа иеленген шаңырақтар ғана  статус сақтады. Спикердің пікірінше, көпбалалы отбасыларға әуелде берілген мәртебе мәңгілік қалу керек.

Баладан қаржы үнемдейміз деп жүріп, ұрпағымыз  жаhаннан жайлы мекен, өмір іздеп, жетілген Жапония мен балағынан доллар төгілген Швейцарияға  ауып кетпесе болғаны. Айтпақшы,  үкіметтің құлағына алтын сырға! БҰҰ сарапшылары Қазақстанды «қартаюшы» елдердің санатына енгізіп отыр. Ал біз ақшаға сатылмайтын байлықты бағаламай отырмыз. Бұл қалай?

Тегтер: ана бала жоспар шара денсаулық сақтау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 03.12.2021, 11:30
Инстаграмның жетегінде кетпейік
Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 10:30
Халыққа бермеудің амалы ма? Зейнетақы жинағын алу: жеткілікті деңгей екі есе өседі
Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 08:44
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 12:44
Kaspi.kz мобильді ақша аударымына байланысты сұрақтарға жауап береді
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 13:00
Шымкентте жалдамалы пәтерден 22 жасар қыздың мәйіті табылды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 01.12.2021, 09:20
Қазақ-түрік лицейлерінің орнын немен толтырамыз?

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00