Аналары ашынып, әкімі тергелген Қызылорда

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

03.09.2020, 12:13

58

Соңғы кездері шенділердің сырғытпа, құрғақ уәделерінен шаршаған тұрғындар наразылықтарын тура облыс әкімдігі алдында өткізуді «дәстүрге» айналдырғандай. Тек аймақ басшысынан ғана үміт күтетін жандардың жағдайын да түсінуге болады. Өйткені шаршаған, қажыған, үміт оты сөне бастаған немесе семе бастаған алаң жұрт демеуді, уәлі уәжді нәзік жанды әйел затынан күтетіндей.

                         Тұрмыс тауқыметі титықтатты

Қызылорда облысы әкімдігінің алдында тағы да наразылықтарын білдірген шу болды. Өткен жолы жанбағысқа жалақыларын сұраған санаторий қызметкерлерінен кейін кезек көпбалалы аналарға келгендей.

Облыстық әкімдік алдына жиналған аналар балаларының қашықтан білім алуға дайын еместігін айтты. Олар жергілікті билік қаржылай қолдау көрсетіп, оқуға берілетін ноутбук-планшеттерді уақытша емес, «басыбайлы берсін» деген талап қойды.

«Тұрмыстың тауқыметінен титықтадық» деген көпбалалы ана Жадыра Салыбаева «әр балаға 30 мыңнан берілсін» дейді.

– Оқу құралдарына қаржылай ақша берсін. Бізге киім-кешегі керек емес. АСП-ның азық-түлігінен тек сүтін ғана ішіп отырмыз. Компьютер, планшетті қайтарымды қылып беріп жатыр. Соны бізге қайтарымсыз етіп берсін, – дейді ашынған ана.

Аналарды алаңдатқан жайт жалғыз бұл ғана емес екен. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалса да, қашықтан оқуға қажетті техникалар қолымызға тимеді дейді олар.

Әдеттегідей жиналғандарды әкімдік қоршауынан әрі асырмаған атқамінерлер аналарды жақын маңдағы мектепке апарып, жиын өткізді.

Аналардың базынасын облыс әкімінің орынбасары тыңдады. Ол барлығы заң шеңберінде шешілетінін айтып, орынсыз талап қоюдың жөні жоқ екенін ашық айтты.

– Мектептерге 9400 компьютер таратылып беріледі. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге республикалық бюджеттен 22 800-дей электронды құрылғылар алынатын болады. Осы құрылғыларды қайтарымсыз беріңдер деп жатыр. Ол мемлекет мүлкі болғандықтан, біз олай ете алмаймыз. Өйткені заң алдында жауап беретін боламыз, – деді әкім орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Облыстық білім департаментінің мәліметінше, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың 90 пайызы қажетті техникамен қамтылған екен. Одан бөлек, демеушілер есебінен жүздеген бала құрылғыға қол жеткізіпті. Ал дау тудырған жағдайы төмен отбасының балаларына берілетін заманауи құралдар бір айдың ішінде табысталатынын айтты.

                                «Симптомнан» сақ болса...

Аналардың айқайынан бөлек, бұл күні Қызылорда облысының экс-әкіміне қатысты сот процесі өтті.

Өңірдің бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты сот процесі онлайн өткенімен, оған шектеу қойылған. Облыстық соттың баспасөз қызметі мұны қатысушылардың рұқсат бермеуімен түсіндіреді.

Қызылорда облыстық сотының бөлім басшысы Ардақ Смағанбетованың айтуынша, экс-әкімге қатысты қылмыстық іс қаралу сатысында екен.

– Аталған іс бойынша сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Күдікке іліккен бұрынғы әкім Қуанышбек Ысқақовтан бөлек, оның орынбасары мен екі кәсіпкер де осы іс бойынша жауап беруі тиіс. Аталған қылмыстық іс 52 томды құрады. Сондықтан сот процесі де ұзаққа созылуы мүмкін, – деді А.Смағанбетова.

Аймақты небәрі тоғыз ай басқарған Қуанышбек Ысқақов наурыз айында күдікке ілініп, үйқамаққа алынған болатын. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерінің мұндай әрекеттерін «өте қауіпті симптом» деп баға берген еді. Сондықтан ат үстіндегілердің арзан атаққа ұмтылмай, «симптомнан» сақ болғаны жөн-ау.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 11:16
Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:34
Өткен тәулікте пневмониядан 1 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:38
Ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:35
Пневмония: науқастар саны тағы артты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:26
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43