Апатты үйлердегі алаң жұрт

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

17.03.2021, 09:20

1274

Қызылорда қаласында Хрущев заманында салынған ескі үйлер көп. Алдыңғыларының бүгінде іргетасы жерге кіріп, кесектері үгітіліп жатыр. Олардың қатарында кезінде жатақхана есебінде салынып, кейіннен үй боп кеткен баспаналар да жоқ емес. Сонау 60-80 жылдары салынған сол жатақханалардың бірінде жуырда қайғылы жағдай бола жаздады. Құрылысына 40 жылдан асқан 64 пәтерлік жатақхананың баспалдағы опырылып, осы үйдің тұрғыны екі баласымен жертөлеге құлап кетті. Абырой болғанда, келіншек те, балалары да дін аман.

Оқиға былай болған: Әсем Мырзаханова кешкісін балаларын балабақшадан алып, үйге кіреді. Кенеттен баспалдақтың қалай опырылып кеткенін өзі де түсінбей қалыпты. «Қас қағым сәтте жертөлеге құлап  кеттім», – деген келіншек жанындағы балаларын «періштесі қақты» деп отыр. Әлі үреймен жүрген Әсем болған жайды былай суреттейді.   

– Бірінші өзім құладым, екі қап цемент үстіме құлады. Одан кейін екі балам үстіме түсті. Баламның бірінің басы цементке соғылды. Тексертіп едім, миы шайқалған екен. Өзімнің де денсаулығым мәз емес. Аяғым ісіп, ішімнің бәрін тіліп кетті, – дейді келіншек.  

Тұрғындардың айтуынша, салынғанына қырық жылдан асқан ғимарат ылғалдану салдарынан күн өткен сайын мүжілуде. «Іргетасы шөгіп, кесектері үгітіліп жатқан үйде үреймен өмір сүріп жатырмыз» дейді олар. Қаланың қақ ортасында тұрып, табиғи газға да қосылмапты. Тіпті «қыс бойы жылуға жарымадық» деп отыр қапаланған жұрт. Ал жауын жауса төбеден су ағып, әбігерге салады екен. «Күн өткен сайын қабырғалары қақырап, іргетасы үгітіліп барады» дейді олар.  

– Үйдің қабырғалары екінші қабатқа дейін ылғалданып көгеріп кеткен, соның иісінен дем ала алмаймыз. Қысы-жазы қаптаған маса. Жертөлеге түсіп қарадық, ешқандай тіреуіш жоқ. Күндердің күнінде үйдің төбесі ортасына түсуі ғажап емес. Осындай қауіппен қаншама халық отырмыз, – дейді осы үйдің тұрғыны Жарқынай Кенжетаева.

Жатақханадағы төтенше жағдай жөнінде әкімдіктегілер «құлаған баспалдақты жедел жөндеп бердік» дейді. Баспанадағы өзге мәселелерді шешуге қауқарсыз екендерін де ашық айтты. Олар меншік иелерінің бірлестігін құруға кеңес беріп отыр.   

– Тұрғын үй қатынастары заңындағы өзгерістерге сәйкес, меншік иелерінің бірлестігін немесе серіктестік құру жөнінде толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Әрі қарай тұрғындар өз таңдауы бойынша басқару органын таңдаса, сервистік компания тиісті жұмыстарын атқарады, –  дейді Қызылорда қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Бұл жатақхана ресми түрде апатты деп танылмаған екен. Ол үшін тұрғындар арнайы мамандар шақыртып, ортақ ақша шығарып, сараптама  жасатулары шарт. «Сонда ғана мұндағы тұрғындар тиісті санат бойынша пәтер кезегіне тұра алады» дейді әкімдік өкілдері.

Ал енді 60-жылдары салынған Қызылорданың қақ ортасындағы тағы бір үйдің тұрғындарына сөз берсек. Олар да жандарын шүберекке түйіп отыр. Бұл үйдің де қабырғасы қақырап, іргесі күн өткен сайын шөгіп барады. Ол аз болғандай, жауын жауса төбеден су сорғалайтынын айтып, «мұндай баспанада тұруға еш жағдай жоқ» деп мұңаяды.

Бұл үйлерде шатыр жоқ, төбе жабындысы да шіріген. Қабырғалары да сыр берген. Тозығы жеткен үй тұрғындарының шамасы жеткендері өз күштерімен көгілдір отын кіргізіп алған. Көпшілігі пәтер ішінде әлі күнге от жағып отыр. Ал кәріз жүйесі мүлдем қарастырылмаған.

– Суды сыртқа төгеміз, әжетханамыз да сыртта. Осыдан 5-6 ай бұрын ұйықтап жатсақ, шіріген бетон аяқ жағымызға қарай түсті. Бала-шағамызбен шошып ояндық. Басымызға түскенде не болатын еді? – дейді тұрғындардың бірі Гүлбаршын Мырзахметова.

Тұрғындардың айтуынша, бұл ғимарат әу баста түзеу мекемесі болыпты. Кейін адамдарға баспана есебінде берілген. Мұнда қазір 20-дан аса отбасы тұрады. Алды 40 жылдан бері тұрып жатыр. Күн өткен сайын тозығы жеткенімен, әлі күнге апатты деп танылмаған. Құжат жүзінде растату үшін тәуелсіз сарапшы шақырту керек. Ал оны шақыртып, құжат рәсімдеуді мұндағылардың қалтасы көтермейді.

– 1988 жылы көшіп келген кезде төбеден су ағатын. Сол су әлі ағады. Әркім өзінің үйінің тұсын жамай береді, жамай береді. Оның қалыңдығы қазір 1 метрге жетті. Мен кейде төбе түсіп кететін шығар деп қорқамын. Өйткені арматураларының бәрі шіріген ғой. Апатты деп тану үшін 200 мыңдай ақша керек. Қосыла алмайтын отбасылар бар. Сол жағы да бізге қиын болып отыр, – дейді тұрғын Манат Сүлейменова.

Аймақта құрылыс жүргізу көрсеткіші төмендеп кеткенін өткен жылдың қорытындысынан білеміз. Бұдан бөлек, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша аймақтың еліміздегі өңірлер арасында неге кенже қалғанын президент облыс әкімінен сұраған еді. Гүлшара Әбдіқалықова болса Сырдағы құрылыстың баяулағанына «пандемия тұсау болып тұр» деп ақталды. Ал несиеге берілетін үйлерге халықтан сұраныс төмен көрінеді. «Кезекте тұрған 30 270 адам бар. Оның ішінде Отбасы банкі салымшыларының өзі 8000 адам. Оның тек 600-і ғана бірінші жарнаны төлей алатынын дәлелдеп отыр. Проблемалар бар. Бірақ біз биыл алдымызға 644,7 мың шаршы метр үй беріледі деген жоспар қойдық. Несиелік үйлерге сұраныстың азаюына да себеп жоқ емес. Аймақ экономикасының негізі болып отырған мұнай қоры таусылып, өндіру көлемі азайып барады. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайына салқынын тигізіп отырғаны анық», – деген еді облыс әкімі.

Ал қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев болса есепті кездесуінде биыл Сырдария өзенінің сол жағалауынан апаттық үйлерде тұратын отбасылар үшін 50 пәтерлік тұрғын үй құрылысын жүргізуге тиісті қаржы бөлінгенін атап өтті.

Статистикаға сенсек, былтыр аймақта құрылыс қарқыны 27 пайызға төмендеген. Ал тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20 пайызға азайған. Бұл республикадағы ең төменгі көрсеткіш. Жағдайды түзеу үшін енді жергілікті шенділер бел шешіп жұмыс істемесе, атқарып отырған қызметтерінен кететіні анық.

Тегтер: апатты үйлер статистика мәселе проблема

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрболат ӘЛДИБЕК 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:19
Қапшағайда демалысқа уақытша тыйым салынды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:12
Бес қалада жаңа шектеулер күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58