«Ақбұлақ» ауылымызға ауру әкеле ме деп қорқамыз

Қалиақбар ДОСЫМОВ

05.01.2021, 15:56

1182

«Жас Алаштың» 2020 жылғы №95 санында (26.11.2020) басылымның бірінші бетіндегі «Қайнайды қаның» және «Мәссаған!» айдарымен берілген мақалалардың бізге де тікелей қатысы бар, екі ауылға да ортақ бір мәселе екен, яғни мұңдаспыз.

Мысалы, Іргелі ауылы қолдағы малын көгендеп бақса, ал бізде жайылымның жоқтығынан төрт түлік мал, оның үстіне аналық бас бойдағымен бірге бағылады. Анығы, бір сайдың бойымен ары-бері жүріп бой жазып, кешке азан-қазан болып, қара жердің шаңын шығарып қайтады да, бақташы ауылдың кіреберісіне дейін созылып жатқан және шыға бере басталатын жекеменшік жер телімдеріне мал түсіп кетпесін деп, қамап тастайды.

Қызық болғанда, күнде мал ары-бері жүріп бой жазып жүрген бұл сайдың да иесі бар екен. Биыл күзде келді де, ешкімге де қараған жоқ, қар түскенге дейін ауыл астын түгелдей мияның түбір-тамыры үшін астан-кестеңін шығарып қазып тастады. Бұл бір емес, осылай ауыл айналасы, ой-шұқыры шығып қазылып жатқанына, міне, 10 жылдай болды. Осы жерлерге кезінде астықтұқымдастармен қатар, тары, күріш, темекі де егіліп, түгелдей суармалы болған, одан беріде жекешедегі мал да жайылымнан таршылық көрген емес еді. Жыл сайын демалдырмай, тамырлануына мұрша бермей, ту-талақайын шығарып қаза берсең, мияның да күші кетіп, орнына мал жемейтін тікен қаптап кететін көрінеді.

Дәл қазір ауылдағы түйіні шешілмеген, елдің бас ауруына айналып, арқамызға аяздай батып, тұйыққа тірелген үлкен мәселенің көкесі малға деген жайылымның жоқтығы, міне, осылай ешкімге масыл болмай, қолдағы азын-аулақ уақ жандықты бағып күн көрейік десек, оған мүмкіншілік жоқ.

26.11.2019 жылы «Жас Алаш» газетіндегі аудан әкімінің «1998-2010 жылдар аралығында жер телімдері шаруа қожалықтарын жүргізу үшін ауыл тұрғындарына берілген» дегені негізі жоқ бос сөз. Қазір осы жылдар аралығында оңды-солды саудаға ұшыраған  жерлердің алғашқы иелерін таппайсың да.

Ауылда тағы бір ел естімеген астыртын «бизнес» бар. Баяғыда суретші, ұлы Тициан есек сүтін үзбей ішіп жүріп, бар дертінен құлан-таза айығыпты десе, қара құрлықтағы Сомалиде сүті үшін есек асырап, ол арнаулы жерде күтіп-бағылады екен дегенде, бәріміз қызық көріп таңғалатынбыз. Қызығы, енді оны көру үшін Африкаға барудың кажеті жоқ, Алматыдан бетонкамен бізге келсеңіз, тіпті жап-жақын. Ауылымыздың үлкен жолдардан қашық, шетте орналасқанын сәтті пайдаланып, кейбір пысықайлар арендаға алған жерінде қытайлармен байланысы бар топ арқылы есек фермасын құрып, осы кезге дейін талай есектің кәлләсі осында кесіліпті. Ал сойылған есектің терісі, құлағын алу үшін бас терісінен ажыратылмай бірге сыпырылып, оны ваннада арнаулы ерітіндіде керіп-созып, сұрыптап, бірнеше жыл бойы бұлар оны үздіксіз шекара асырып, біраз пайда тапқан көрінеді.

Алғашында есек терісі үшін ұйымдастырылған бұл азғана топ тарап кеткен жоқ, керісінше, есек сүтіне деген сұранысқа байланысты есек сауу ісін қолға алды. Қазір сауылатын есек саны 180-ге жетіпті. Бұрынғыдай кез келген есек емес, енді тек сүттісін алады дейді. Сауын есегінің жеке клеткасымен қоса, астауы да бөлек екен және аппаратпен сауылатын көрінеді.

Енді «Ақбұлақ» әкелуі мүмкін ауру туралы бірер сөз. Ауылымызда 1966 жылы қазылып, 100 метр тереңдіктен өз қысымымен шығып жатқан, әр үйде, әр аулада өзіміз түсіріп алған суымыз бар болатын.

Жарты ғасырдан бері санэпидемиологиялық сараптамадан еш күмәнсіз, әр уақытта мінсіз өтетін сол су көзі ауыл тұрғындарының суға деген барлық қажеттілігін толықтай өтейтін. Кейбіреулер «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ақшаның шеті көрінгеннен ауылды көкпарға салып, аяқасты пысықтық танытып, сыртымыздан жоспар құрып, кесіп-пішіп, ауылдағы су мәселесін үлкен проблемаға айналдырып, атқарушы билік ауылды бетімен кеткен, ештеңені ұқпайтын, түсінбейтін, бұратана тобыр, яғни «третий мир» деп қабылдап, осыларға осының өзі «роскошь» дейтін болу керек, қоғамдық пікір алмасу тыңдалымын өткізбей-ақ ауыл, аудан әкімдері Еңбекшіқазақ ауданындағы суға зәру, су тапшылығының азабын әбден тартып, осылай итқорлықты көріп отырған бес ауыл болса, 2015 жылы осы қосаққа су проблемасы жоқ біздің ауылды да санэпидемиологиялық нормаға сай емес деген, түбі шикі уәжбен алтыншы етіп кіргізіп жіберіпті, яғни ауыл осыған дейін су емес, у ішіп келген көрінеді.

Біздің тәуелсіз сараптамадан өткен №242–18\481 14.08.18 хаттаманы алға тартып, арнайы шақырылған тәуелсіз сарапшылар 09.09.2018 жылы КТК телеарнасының «Аптап» бағдарламасында судың сапасы санэпид нормаға сай екенін дәлелдеп берсе де, билік бұл хаттаманы мойындамай, көкбеттеніп отырып алды.

Міне, осылайша біз сияқты суы бар елге тағы бір қосымша су желісі тартылып, орынсыз мемлекет ақшасының шашылуына саналы түрде жол берілді. Еліміздегі жоғары лауазым иесі, сол кездегі премьер-министр Б.Сағынтаевқа, мәжіліс спикері Н.Нығматулинге, «Нұр Отандағы» М.Әшімбаевқа, сенаттағы Д.Назарбаеваға, Қ.Тоқаев пен А.Маминге жазған өтініштеріміздің құны көк тиынға татымай, бүкіл ақпарат құралдары арқылы қанша қайраттансақ та, орынсыз жұмсалып жатқан мемлекет ақшасына араша түсе алмадық.

Жарайды, мемлекет ақшасы қайда шашылмай жатыр дейсіз. Айтайын дегенім, дәл қазір ауылдың айтар уайым-қайғысы басқа. Шақыртусыз келген «Ақбұлақ» бағдарламасының кесірінен ауылда ауру пайда болу қаупі туып тұр. Ауылда 1980-2010 жылдары сойылып, сатылған мал етінен сібір жарасы вирусы табылып, талай мал өліп, адамдар емханаға түскен, бұл енді ресми түрде мойындалған айғақ. Ауру белгісі білініп, ол анықталып карантин жарияланғанша, мал өлекселері ауыл сыртындағы қоқысқа тасталған, оған ел куә. Қызығы, «скотомогильниктер» кейін салынды, яғни ол жерде өлекселер көмілген жоқ. Аудандық ветеринария бөлімі бәрін растап отырса да, әкімдер тізеге салып бұра тартып отыр.

Ұзын сөздің қысқасы, «Ақбұлаққа» байланысты даудың түйінін 29.08.2018 жылы облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашев қойып берді. Ол «көнсеңдер де, көнбесеңдер де, ауылға су тартылады» деді де, кетті. Осыдан кейін тендер ұтқандар өлексе тасталып, көмілген жерлердің астын үстіне аударып, ойран-асырын шығарып, құбырларды көміп тастады.

Ауру пайда бола ма деп уайымдаған қазаткомдықтар топалаңға байланысты премьер-министр А.Маминге хат жазған. Одан келген жауапта топалаң қоздырғыштары табылған аймақтар түгелдей жабық темірмен қоршалғанын, географиялық ендік пен бойлығы белгіленіп, 2015 жылы РГП «Казгеодезия» мекемесі арқылы пайдалануға болмайтын аймақ кадастріне тіркеліп, картаға түсірілгені айтылыпты. Бұл жерде әкімдіктегілер А.Маминге географиялық ендік пен бойлықты басқаша айтып шатастырып отыр, әйтпесе мал өлекселерінің қайда көмілгенін біз жақсы білеміз.

Бұны аз десеңіз, еліміздегі ең жоғары лауазым иесі Қ.Тоқаевқа жазылған ауыл өтінішін президент әкімшілігі барынша тексеріп, анығына жеткен соң, ауыл тұрғындарына жауап беруді экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жүктелген екен. Іле-шала вице-министр Е.Нысанбаев қол қойған жауап (5.11.2019 ж. №29-03-03) та келді. Онда министрліктің тек елді мекендерден тыс су қорын пайдалану, қорғау және сумен жабдықтау, су бұру саласын қадағалауды реттейтінін, ал ауыл ішіндегі осы аталған кызмет түрлері индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне міндеттелгеніне сілтеме жасап, тайқып шыға келіпті. Нақты өздеріне тікелей берілген президент тапсырмасына және ел аманатына байыпты да орнықты жауап беру үшін министрлік өз тарапынан әлдебір шешімдер қабылдауға ниеттенбеген, қызығы, жауапта сібір жарасы жөнінде бір сөз жоқ.

Қазір «Ақбұлақты» мысықтабандап жүріп ауылға әкеп, тендер ұйымдастырып, кезінде оны қызылтанау болып қорғаған билік пен аспаннан айы туып тұрғанда көзіне көрінген кез келгенді шен-шекпеніне қарамай билеп-төстеп, ерінбесе ноқталап алатын тендер ұтқандар да көрінбейді.

Тегтер: ауыз су тапшылық ауыл құбыр мәселе тұрғындар уәде әкім әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 14:40
еGov принциптері банктерді цифрландыру саласында қолданыс табуда
Сайт әкімшілігі 14:01
Алматыда "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы асында 1100-ден аса жоба қаржыландырылды
Нұрай РАХЫМ 12:49
Тағы да «СК-Фармацияның» жыры
Бифат ЕЛТАЕВА 11:16
Жаңарған ҚазҰУ
Қуаныш ЕРМЕКОВА 09:43
Көші-қон саясаты қуантып тұр
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 14:15
Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31