Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

22.09.2021, 14:20

764

Елімізде аралас мектептер жыл өткен сайын артып барады. Білім және ғылым министрлігіндегі Ұлттық білім беру деректері қорының 2021 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық бала 2047 аралас тілді мектепте білім алып жатыр. Жасыратыны жоқ, аралас мектеп деген аты ғана, әйтпесе ондай мектептегі жиналыс та ресми тілде өтіп, оқушылардың тілі де орыс тіліне бейім болып келетіні жасырын емес. Өйткені аралас мектептің қазақ сыныбында оқитын балалар үзілісте орыс тілінде шүлдірлеседі. Яғни аралас мектептер азаймай, қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ көбеймейді.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының мәліметінше, елордада жалпы 91 мемлекеттік мектеп бар болса, оның 34-і қазақ мектебі, 8-і орыс мектебі, 49-ы аралас тілді мектептер екен. Аралас мектептердегі балалар тілінің орыстілді екенін ескерсек, бас қалада 34 мектеп қазақтілді, 57 мектеп орыстілді ұрпақ тәрбиелеп жатыр деп айта аламыз. Басқаларға үлгі болар бас қаланың жағдайы осындай болғанда, аймақтағыларға не бетімізді айтамыз?! Осыдан соң қоғамда қазақ тілі қағажу көріп, оның қолданыс аясы жыл өткен сайын неге тарылып бара жатқаны айтпаса да түсінікті секілді. Қазақ тілін дамыту туралы сөздердің барлығы жеме-жемге келгенде жай сөз екенін, орыс тіліне шорқақ ауылдықтарды шошытып алмау үшін, Қазақстанға қазақ тілі керек емес екенін ашық мойындамау үшін айтылып жатқанын бағамдауға болады. Қазақ тілі қоғамның жанды жері екенін білетіндер ұлт алдында ұпай жинау үшін қазақ тілінің сөзін сөйлегенсіп қойғанымен, шын мәнінде елімізде қазақ тілінің халі мүшкіл екенін мойындау керек.  

Осындайда еске түседі, былтыр сенат депутаты Динар Нүкетаева «еліміздегі аралас тілді мектептердің санын азайту керек» деп дабыл қағып, үкіметке арнайы депутаттық сауал да жолдаған болатын. Қос тілді қатар алып жүрген мектептерде патриоттық тәрбие берудің ақсайтынына алаңдаған сенатор «бұл мәселе қазақ тілінің дамуына да үлкен кедергі келтіріп отыр» деген еді. Алайда қазақ тілімен қоса, балалардың бойларына қатар сіңетін патриоттық мәселесі де билікті аса қайғырта қоймайтын секілді. Соңғы бес жылда аралас тілді мектептерде білім алатындардың саны 200 мыңға дейін көбейгеніне алаңдаған сенатор: «Елімізде күндізгі жалпы білім беретін мектептердің саны – 6973. Оқушылардың саны – 3 млн 250 мың. Оның ішінде қазақ тілінде оқытатын 3726 мектеп, орыс тілінде оқытатын 1181 мектеп, аралас тілде оқытатын 2043 мектеп бар. Басқа тілде оқытатын 23 мектеп бар: оның ішінде 12 мектеп өзбек тілінде, 11 мектеп ұйғыр тілінде. Яғни аралас тілді мектептер жалпы мектеп санының 30 пайызға жуығын құрап отыр. Бұл әлемде ешбір елде кездеспейтін, тек қана Қазақстанда бар жағдай. Бұл үрдіс одан ары да жалғаса беретін болса, одан кейін қазақ тілінің тағдыры, ел тағдыры қалай болатынын ешкім болжап айта алмайды. Еліміздегі аралас тілді мектептердің соңғы бес жылдағы жағдайына қарасақ, 2016 жылы – 2045, 2017 жылы – 2037, 2018 жылы – 2046, 2019 жылы 2054 мектеп болған. Ал 2020 жылы аралас тілді 2043 мектеп жұмыс істеп, онда 1 393 727 оқушы білім алып жатыр. Демек, 2016 жылмен салыстырғанда осындай мектептерде оқитындардың өсу тенденциясы жыл сайын үдей түсіп, олардың саны 196 715 оқушыға дейін артқан», – деген болатын.

Бірақ бұған селт еткен билік болмады. Тіпті биыл аралас мектептер санының тағы өскенін байқап отырмыз. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, жыл өткен сайын аралас мектептер саны азайып, түбі бәрі қазақтілді мектептерге айналуы тиіс болатын. Бірақ статистика кері кетіп барады. Рас, тиісті орындардың айтатын бір уәжі бар: қоғамда орыс сыныптарына сұраныс жоғары-мыс. Демек, биліктің бұл бағытта отыз жылдан бері айтып жатқаны нәтижесіз, жасап жатқан әрекеті халықты сендірерліктей болмай отыр ғой. Әрине, билік басына бір ауыз қазақша білмейтіндердің жиі баратынын көрген халықтың реакциясының осындай болуы да заңды емес пе?! Сондықтан халықты кінәлап, мәселені халықтан іздеуден бұрын, билік өз әрекетіне де баға беріп қойса, қазақ тілінің көсегесі баяғыда көгерер ме еді?!

Осы орайда естеріне бір салып қойсақ, 2011 жылғы жолда­уында елбасының: «2020 жылға қарай мектеп бітірушілер 100 пайыз қазақ тілінде сөйлейді», – деген межесі қайда?! Аралас мектептердің мына көбею қарқынымен 100 пайызға ешқашан жетпейтін де секілді. Өйткені сөзіміз бен ісіміз тым қайшы болып отыр.

Еліміздің бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов әліппені қайтару арқылы халық алдында біраз абырой жинап, сүйкімін де көтеріп алғаны рас. Алайда аралас мектептер мәселесіне де ұлттық мүдде, ана тіліміз тұрғысынан бір қарап қойса, шын мәнінде ұлттың сойылын соққан министр ретінде таныр едік.

Тегтер: мектеп мәселе ұстаз басшылық лицензия жанайқай

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:40
Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
Сайт әкімшілігі 18.05.2022, 12:15
Ташкентке Алматыдан пойыз қатынайды

Аңдатпа


  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20
  • Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
    18.05.2022, 06:17