18.08.2021, 14:13
9913
Аралас неке ХХІ ғасырдың жаңалығы емес. Бүгінгі таңда аралас некелерді жиі кездестіруге болады. Статистикаға жүгінер болсақ, жыл сайын 100 мыңнан астам жұптың некесі қиылса, оның ішінде 20 мыңы аралас неке.
Өткенге көз жүгіртсек, қазақтардың басқа ұлт өкілдерімен некеге тұру үлесі 1959 жылы – 14,4, 1970 жылы – 20,6, 1979 жылы – 21,5, 1989 жылы 23,9 пайызды құрады. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі аралас некенің үлесі 1999 жылы – 21,4, 2005 жылы – 18,8, 2013-17 жылдары 15,5 пайызды құрап отыр.
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметі бойынша соңғы бес жылда еліміздегі неке санының 15,5 пайызын ұлтаралық некелер құрайды. Яғни әрбір алтыншы неке аралас болады.
Әдетте ерлер мен әйел азаматтар өз ұлтының және ата дінінің өкілімен некелескенді жөн көреді. Мәдениет, тіл, дәстүр мен туыстардың жақындығы өзара тіл табысу барысын жеңілдете түседі. Шектеулерден ада заманауи әлемде аралас неке көп. Көп жағдайда әйел адамдар ерлерден гөрі ұлтаралық отбасыларды жиі құрады. Аралас некедегі басты түйткілдердің бірі – өзге ұлт өкілімен шаңырақ көтерген қыз баланың өмірге әкелген ұрпағы түп тамырымен сол ұлт өкілінің адамына айналуы.
Аралас некенің көбеюіне шетелге барып оқыған қазақ жастарының сол елдің өкілімен отбасын құруы, ғаламтордың, ұялы телефондардың, танысу агенттіктері жұмыстарының ықпалы зор. Қазіргі таңда шетел азаматтарымен танысуға ешқандай кедергі жоқ. Бар болғаны ғаламтор желісіне қосылып, әлеуметтік желіде тіркелген болсаңыз жеткілікті. Тағы бiр себеп – Қазақстанға келiп еңбек етiп жатқан шетелдiк жұмысшылардың саны жыл өткен сайын арта түсуде. Осылардың да салдары болар, қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдері азаматтарының етегінен ұстап кетуге құмар болып тұрғаны. Көптеген қазақ қыздары өзге ұлт өкілдері – түрік, араб, әзірбайжан, кәріс, қытай азаматтарымен отау құруға қарсылық танытпайды. «Қызым өрісімді кеңейтеді» деп, аруын аялаған текті қазақтың қыздары шетел азаматына тұрмысқа шығуға мұнша неге құмар болды?
Өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының бірі – Бибінұр Санжарова. Алғашқыда ақ некесі ертегідей көрінгенімен, арты өкінішке алып келген. «Бір күні шетелдік компанияға жұмысқа орналастым. Сол жерде қызмет ететін Стив есімді ағылшын азаматымен таныстым. Басында оны тек әріптес ретінде көретінмін. Уақыт өте келе, махаббат пен шынайы сезімге еш нәрсе кедергі бола алмайтынына көзіміз жетті. Отбасын құрғаннан кейін АҚШ-қа көшіп, сол жақта тұрдық. Отбасылық мейрамханамыз болды. Мейрамхана бизнесінің қыр-сырын толықтай меңгеріп алдым. Әрине, елді сағынатынмын. Анамды қонаққа шақырып, бірге қыдыратынбыз. Алайда бұл таңдауыма кейіннен өкіндім. Некеміз ұзаққа бармады, бір жылдан кейін мен қызыммен елге оралдым. Себебі өмірлік серігім деп таңдаған азаматым қызым екеумізді тастап, басқа жанмен отбасын құрып алды. Қызын тіпті іздемейді. Басқа ұлттың өкіліне шыққанымды әуел бастан-ақ туған-туыстарым құп көрмеді. Олармен осы күнге дейін араласпаймын, ешбіріне бармаймын. Мені қабылдаған тек ата-анам. Қазіргі кезде қызым екеуміз ата-анаммен бірге тұрып жатырмыз. Алдағы уақытта отбасын құрам ба, жоқ па, оны дәл қазір айта алмаймын. Уақыт керек шығар», – дейді Бибінұр.
Осы тұста «шетелдіктердің назары неге қазақ қызына ауа береді» деген заңды сауал туындайды. Аралас некенiң көбеюіне тағы бiр себеп – заңның олқылығында болып тұр. Арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді. Жапонияда да дәл осындай жағдай, өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қыздарын елден аластайды екен. Ал Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмейді. Көршілес өзбек халқы шетелдік күйеубалаға есікті тарс жауып қойса, Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап барып, сосын үкіметке салық төлеу қажет. Ал бізде ше?
Шолпан Сәрсенбайқызы, заңгер:
– ҚР «Неке және отбасы туралы» заңының 2-бабының 4-тармағында: «Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) кезінде және отбасылық қатынастарда шығу тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, нәсiлі, ұлты, тiлі немесе діни көзқарасы, немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады» делінген. Заңнама бойынша, шетелдіктер өз елінде некелеспеген деген анықтама әкелсе, еш қиындықсыз отбасын құра алады. «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жалпы негіздерде не некеге отыруға тілек білдірген адам азаматы болып табылатын шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде, консулдық мекемесiнде жүргізіледі.
Ел ішінде аралас отбасылардағы балалардың денсаулығы мықты, қабілетті және талантты болып туады деген пікір бар. Бұл саладағы зерттеушілер ол мәліметті растап отыр.
Айназ Дулатова, генетик:
– Шығу тегі әртүрлі жұбайлардың балалары шынымен де денсаулығы мықтырақ болып туады. Алайда бұл әсердің ұзаққа тұқым қуалай бермейтінін де айта кетуіміз керек. Бұл тек бірінші буында ғана байқалады, кейіннен аталмыш әсер әлсірей береді. Мұндай балалардың ата-аналары да өз балаларын болашақта не күтіп тұрғанын болжай бермейді, сондықтан да балаларға сыртқы ортаның жағымсыз көзқарасын сездірмеуге тырысады. Нәтижесінде аралас некеде тәрбиеленген бала қатарластары алдында білімімен де, басқаша артықшылықтарымен де жоғары тұрады.
Аралас неке халық саны көп ұлттар үшін үлкен пайдасы бар саясат. Ұлтаралық некелер адамдарды шыдамдылыққа және әртүрлі ұлт өкілдеріне түсіністікпен қарауға үйретеді. Сонымен қатар аралас некедегі отбасылардың арқасында мәдениетке деген қызығушылық артып, әлеуметтік серіктестік орныға түседі.
Ал қазақ сияқты саны 19 миллионға енді жеткен аз халық үшін қауіпті. Ұлтаралық некенің салдарынан азулы ұлттардың құшағына жұтылып кеткен қаншама ел бар. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қараудың арты тұтас бір ұлттың жер бетінен жоқ болып кетуіне себеп болатынын естен шығармаған жөн.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР