Бірақ мұны кейбіреулер түсінбейді
09.06.2021, 12:45
1298
Павлодарлық шенеуніктер мен жеке компаниялар Ұлы Отан соғысында жан алысып, жан берісіп, елімізді жаудан аман алып қалған батырлардың «бағасын» жақсы біледі. Олай дейтініміз – орталық көшелерге майдангерлердің суреттері бейнеленген билбордтарды ілу үшін қомақты қаржы сұрайды. Түптеп келгенде, елді қорғаған ардагерлерді ұлықтау идеологияның бір бағыты емес пе? Сондықтан отты жылдарда жау оғына кеудесін тосқан батырлардың ерлігін саудалау, билбордтардың бағасын жыл сайын қымбаттату – елдігімізге сын, бейбітшілік деген аманатқа қиянат, өзекті өртейтін өкініш.
Соңғы жылдары Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Павлодардың барлық дерлік көшелеріне майдангерлеріміздің суреттері бейнеленген билбордтар әр келтіріп, ажарын ашады. Әр билбордтағы суретке қарап, ерлердің көзінен мұңды, қайсарлықты, батырлықты, еліне деген махаббатты – бәрін көресің. Есімін оқып, жадыңда сақтауға тырысасың. Себебі Отан үшін отқа түсуге дайын болған осындай батырлардың арқасында бүгінде егемен ел болып отырмыз. Әсіресе мұндай суреттер өскелең ұрпақтың санасына ой салып, олардың отансүйгіштігін оятып жатса қуанасың.
Тек сол билбордтар үшін жеке жарнама компанияларының дүниенің ақшасын сұрайтыны қатты қынжылтады. Оларға атқамінерлердің сөзі де, әмірі де жүрмейді. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша, биыл Жеңіс күніне орай, мемлекеттің қаржысы есебінен 125 билборд орнатылды. Сондай-ақ 23 Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» ордені кавалерлерінің суреттері көшелерге ілінді. Көзі тірі 37 ардагердің суреттері LED-экрандардан көрсетілді. Бұл тізімдегі есімдердің барлығы жергілікті ардагерлер кеңесінің ақылымен бекітілген көрінеді.
Ал өзге ардагерлерді ұлықтау, оларға құрмет көрсету – ұрпақтарының өз ісі. Шенеуніктер «оларға біздің қатысымыз жоқ» дегендей, «Басқа ардагерлердің суреттерінің қойылуына балаларының өзі жауапты. Жарнама агенттіктеріне шығып, ақшасын төлесе болғаны» деп ашық айтқан еді.
Жарнама агенттіктерінің «тәбеті» жаман емес. Осыдан екі жыл бұрын майдангерлердің суреттері бейнеленген билбордтардың бір ай ілініп тұруының бағасы 60-80 мың теңге аралығында болса, былтыр 80-85 мың теңге болды. Сурет қаланың шеткі көшелерінде болса бағасы арзандау, орталық көшелердің бірінен орын бұйырса, онда қымбаттау болады. Сондықтан ұрпақтары алдымен қалтасына қарайды. Ал биыл баға тіпті шарықтап шыға келді. Бір билбордтың бағасы 100 мың теңгеге дейін жетті. Сұрапыл соғыста көзсіз ерлікке барған батырлардың суреттерін осылайша саудалау ұят нәрсе.
– Менің атам Асан Жақыпов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Сталинград үшін шайқасқа қатысып, жауды елге кіргізбегені үшін орден-медальдармен марапатталған. Еліне аман-есен оралған соң, қойма меңгерушісі болып талай жыл жұмыс істеді. Бізге бейбіт күнді сыйлаған атамыздың ерлігі ел жадында болсын деген ниетпен соңғы үш жылда суретін орталық көшелердің біріне орналастырып келеміз. Ол үшін ақпан айынан бастап «Цитадель» жарнама агенттігіне хабарласып, кезек алып қоямыз. Дизайндарды әзірлеу уақыты басталған тұста ардагер екенін дәлелдейтін құжаттарын апарып, ақшасын төлеп, өзіміз қалаған мекенжайды атаймыз. Үш жыл аралығында билбордтың бағасы әжептеуір өсті. Былтыр 80 мың теңге, биыл шамамен 100 мың теңге төледік. Ол соманы бес баласы жинап, жарнама жасаушылардың қолына ұстатты. Атамыздың есімі ұрпақтар жадында болуы үшін неше теңге болса да, төлеуге дайынбыз. Тек, меніңше, бұл әкімдік бас болып тегін жасалатын дүние болуы тиіс. Биліктегілер ардагерлер туралы мәліметтерді сұратып, жинап, өздері осы іске ұйытқы болуы керек. Өкінішке қарай, олар мұндай идеологиялық іске немқұрайды қарап отыр, – дейді Айжан Жақыпова.
Былтыр Ұлы Жеңістің мерейтойлық 75 жылдығы болғандықтан, батыр бабасының суретін ілуге ниеттілердің саны да көп болған екен. Кейбір деректер бойынша облыс орталығында 300 билборд қойылды. Биыл да шамамен осынша сурет көшелер бойынан орын алды.
Біреудің қалтасын ақтарғанымыз емес, десе де, жарнама агенттігі 300 ардагердің билбордын дайындау арқылы шамамен 30 млн теңге табыс түсіретінін есептеу қиын емес. Батырларымыздың майдан даласындағы ерлігі 30 млн теңге түгіл, 300 млн теңгеден артық. Олардың ерлігі бағаланбайды. Өкінішке қарай, мұны ұлттық рухтан жұрдай шенеуніктер мен көзін пайда басқан дүниеқоңыздар түсінбейтін сыңайлы.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР