Ардың алдындағы атақ

Жадыра МҮСІЛІМ

31.03.2022, 10:30

1859

Жақында елдегі біраз кісілер орден тағынды, бірқатары мадақталды. Көбісі демесек те тең жартысы бұған дейін талай рет жоғарыдағылардың қолынан бірнеше мәрте марапат пен медаль да алған. Олардың қатарында еліне еткен еңбегі өлшеусіз жандардың барын жоққа шығаруға да болмас. Әйткенмен марапатқа ие болғандардың арасында өз саласының нағыз майталмандарына қарағанда билікке жақын жандардың саны әлдеқайда көп. Ең сорақысы атақ алған адамдарды артынша жер-көкке сыйғызбай мақтау қанымызға сіңіп бара жатқаны қарнымызды аштырады.

Өз ісінің отынан кіріп, күлінен шыққан жанға қалай құрмет көрсетсек те жарасады. Ел үшін аянбай еңбек еткенде бейнетің ескерілсе, одан артық мәртебе де жоқ шығар. ХХ ғасырда адам құқықтары үшін күресіп, Кеңес одағының тоталитар режиміне ашық қарсылық танытқаны үшін Нобель бейбітшілік сыйлығын алған аса көрнекті тұлғалардың бірі – Андрей Сахаров өз еркімен жоғары мәртебелі қызметтерден, өзіне бекітілген көлік пен басқалар үшін «аса қажет» болған құрмет пен атақ-даңқтан да бас тартыпты. Өкінішке қарай, кезінде Сахаров өз еркімен бас тартқан арзан атақ-даңқ әлдебіреулер үшін қазір абыройлы бола түсті. Міне, осы атаққұмарлық ауруы Сахаров ойлап тапқан ядролық қарудан да қауіпті секілді  ме, қалай?

Отаршылардың озық үлгісі

«Түркістан өлкесін басқару туралы» ережеде «сатқындыққа апарар жолдың бірі – әсіреатаққұмарлық» екені айтылады. Оның қоғам үшін аса қауіптілігі – атақ үшін адамдар ар-намысты аяққа таптауды ұят санамайды. Мысалы, тарихта Черняевтің оңтүстік өңірді жаулап, жеңіске жетуіне бірден-бір себеп болған нәрсе жергілікті адамдардың жаппай отаршылардың сый-құрметін алуы септігін тигізген. 1837-1847 жылдары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары хан мен серіктестерінің түгелдей қырылуына да әсіреатаққұмарлық себеп. Мәселен, 1847 жылы Кенесарыны сатқан қырғыздарды мара­пат­тау үшін жоғарғы басшылықтың атына 6 алтын және осыншама күміс медаль жіберу керек екені туралы өтініш жазылған. Сөйтіп қырғыздың әскери элитасына алтын-күміс медальдар, қымбат шапан мен әскери шендер берілген. Кенесары әскерін қырып-жойып, патша сарайына ерекше «сіңірген» қызметі ескерілген 12 қырғыз манабы алтын медаль алды.  

Дінмұхамед Қонаев «Өтті дәурен осылай» кітабында «Орынды-орынсыз орден-медаль үлестіру, құрметті атақтарды тарату одан әрі жалғасты, бірақ бұл қоғамдағы моральдық-психологиялық хал-ахуалды жақсарта қойған жоқ» дейді. Бүгінде атақ алмаған адам қалмады. Бірақ жақсылығы халқына емес қара басына арналғандарды айы оңынан туып, ерен еңбектері «еленіп» жүр.

Атақтың көкесі ауданнан басталады

Осы күні жергілікті әкімдіктер де аудан мен облыстың «Құрметті азамат» атағын ауданға сіңірген еңбегі үшін емес танымалдығы үшін тарата беретін болды. Тіпті ауылдың ыстығына күйіп, суығына тоңған шаруалардан қарағанда әкімдіктің бөлім басшылары «Құрметті азамат» атанып, «Тәуелсіздікке сіңірген еңбегі» үшін мерекелік медалдары кеше ғана келген жас маманға табысталатын болды. Мәселен, Алматы облысы Кеген ауданы әкімі Талғат Байеділов әлеуметтік желідегі парақшасында елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тер төккендерді марапаттағаны туралы тұрақты есеп береді. Бірақ сол ауданның ауыл шаруашылығы саласында табаны күректей 50 жылға жуық қызмет етіп, ауыл халқының тұрмысы үшін тер төккен қарапайым адамдардың еңбегі неге еленбей жүргенін, марапат берудің ережесі мен медаль иелерін кімдер анықтайтынын сұрап білгіміз келген. Сөйтіп әкімнің қолынан марапат алғандардың соңғы екі жылдағы тізімін сұрап жарты жыл бұрын хат жаздық. Өкінішке қарай, жарытып жауап бермеген әкімдіктің хатын қайтарып өздеріне бірнеше рет беріп, әкімнің өзі мен екі орынбасарына, хатқа жауапты адамға да жекесіне қоңырау шалдық. Алайда ауданның атқамінерлері атақ алғандардың тізімін бергісі келмеген сыңайлы. БАҚ туралы заңның талабын бұзған әкімдіктің баспасөз қызметін облыстың мамандарына да жеткізген едік. Әйтсе облыстың баспасөз қызметі мен әкімнің көмекшісі «мәселені алдағы уақытта шешеміз» деп сырғытпа жауап берді. Шамасы «үндемеген үйдей пәледен құтылатынын» аудан облыстың өзінен үйренген секілді.   

Атаққұмарлар атақ үшін жұмыс істейді

Жуырда ғана атақ алған Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов «қазіргі атақ-дәреже қадірінен айырылып, жарнама бизнесінің жалау­ына айналды» дейді. Айтуынша, «Құрметті азаматтық» түгілі «ғылым докторы» деген атақтың құны көк тиынға айналған заманда «академиктердің» көп болуы заңды. «2011 жылы «ХХІ ғасырдың ғұламасы», «Ғылым үздігі-2011» деген атақтардың тағайындалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Сөйтсем соңғы жағында медалі, сертификатының құны мың доллардай сомаға шағылып, бағаланған прейскуранты қоса салынған екен. 2013 жылы біздің академиямызға Ұлттық бизнес-рейтинг бойынша «Саланың үздігі-2013» атағына ұсынылғанымыз туралы хат келді. Ең қызығы, бұл сайысқа қатысудың және түрлі атақ-медалін иеленудің құны жағынан олар америкалық «әріптестерінен» асып түседі екен. Осыған ұқсас «Кімнің кім екендігі» атты еліміздің көрнекті тұлғаларына арналған кітапта елге қандай еңбек сіңіргені белгісіз жандар қатар енгізіліпті. Еліміздің ғылымында өз саласының ауыр жүгін сүйретіп, алға алып шыққан, ұшан-теңіз еңбек сіңірген жандарды еңбегін салыстыруға да келмейтін адамдармен бір қатарға қою – ар алдында ұят іс емес пе?», – дейді академик. Бұны ол «тәтті өтіріктен ащы шындық артық» деген ұғымның қоғамдық санадан алыстап бара жатқандығымен байланыстырады. Кезінде «Құрметті азамат» атағын алғаш болып алған Төрегелді Шарманов «Құрметті азамат» кейіннен сәнге айналғанын жеткізді. «Атаққұмарлар атақ үшін жұмыс істеп жатыр. Атақты әкім емес, халық беру керек. Халық үшін күрескен адамның еңбегін ел бағалауы тиіс. Ауданның құрметті атағы ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқандарға берілгені дұрыс. Өз абыройы мен беделі үшін жүрген адамға атақ беру ақымақтық. Құндылықтың құлдырап бара жатқанын осыдан 7 жыл бұрын айтқанмын. Қазір бұл дерт асқынып кетті», – дейді академик.

Бірнеше рет өзіне берілген марапаттан бас тартып, 30 жылға жуық журналистика саласында тер төгіп, қазақ журналистикасына үлес қосып жүрген Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы

«атақтың үлкені биліктен алған алғыс емес, халықтың берген бағасы» дейді. Оның сөзінше, биліктен алған бір жапырақ қағазды мақтаныш санайтындар мен Мемлекет басшысынан алған медальды мәртебе көретіндердің санын көбейту ақылға қонымсыз.

Медальды мақтағандар алады

Ақын-жазушы Мырзан Кенжебай: «Қазір азғындамаған, арзандамаған дүние қалмады. Соның біреуі – атақ алу» деп санайды. Ең сорақысы, кейбір адамдар атақты болу үшін аузынан шыққан сөзді аңдамайтын болды. Надандығы мен қараңғылығын көрсетпеу үшін үндемей отыру да ерлікке айналып кетті. Айтуынша, атаққұмарлық соңы қазақты құл болуға сүйреп барады. Марапатты беріп, мадақтауға үйретіп жатыр. «Кезінде «ұлы жазушы» дегенді бекерден-бекер берген жоқ. Сұрқия саясатты жақтау үшін, халықты соңынан ерткізу үшін үлестірді. Бүгінде сол қаруды тәуелсіз ел атанған тұста одан арман күшейттік. Кеше ғана басқа адамды мақтаған адамдар бүгін басқаша сайрап жатыр. Таңғалатыным, атақ пен абырой үшін кейбіреулер ұлттық намыс түгілі, жеке бастың намысын да аяққа таптатып жатыр», — дейді. Ақын өзі де марапатқа іліккенде қатты сасқанын алға тартты. «Парасатсыздарға «Парасат», құрметсіздерге де «Құрмет» ордені беріледі, санатта жоқтар сенатқа баратын болды, берекеті кеткен елдің рэкеті де депутат болды» деген сөздерім үшін талай таныстарымды өкпелетіп алдым. Қазір орден мен медальді кім болса соған үлестіріп жатырмыз. Мақтаудың қадір-қасиеті кетті. Былтыр бірде-бір рет билікті мақтап бір ауыз сөз жазбаған маған «Құрмет» орденін бергенде қатты састым. Себебі қазір медальды мақтағандар алады», – дейді Мырзан Кенжебай.

Бос мақтан басшысымен қосып мемлекетімен бірге жоқ қылып жіберуге жетеді. Осылай деген ақын: «Кезінде халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Арал ауданының құрметті азаматы» деген атақ бергенде қағазын қоқысқа лақтырып тастады. Өйткені «құрметті» деген сөздің қадірі кетті. Өкініштісі, халықтың арасында қадірі кеткенімен, «Құрметті азамат» атанғандар үшін құжат шаруасын бітіріп, өтінішін орындату үшін қажетке жарап тұр», – дейді.

Әйгілі ағылшынның саяси тұлғасы Ричард Шеридан «Ең құдіретті құштарлық – атаққұмарлық. Мені осы құштарлықтан құтқарар болса, қалғандарынан өзім-ақ құтыламын» деген екен. Әттең-айы сол, осы сөздің астарына үңілгендердің қарасы көп болғанымен, ақылға салатындары аз.

Тегтер: атақ абырой марапат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарлы БАЙҒАНИН 17.05.2022, 05:08
«Құдай маған форточкадан береді»
Сайт әкімшілігі 14:59
Мектептегі зорлық: ата-аналар іс жабылып қала ма деп қорқады
Бифат НҰРМАХАН 13.05.2022, 13:00
Бала құқығы – басты құндылық
Нұрболат ӘЛДИБЕК 13.05.2022, 10:45
«Көне Тараз» құлағалы тұр
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 13.05.2022, 07:59
BI Group-тың былығы тексерісті қажет етеді
Сайт әкімшілігі 12.05.2022, 18:50
ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабының алғашқы отырысы өтті

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27