«Арселор Миттал Теміртаудың» шахталары қашанғы ажал апанына айналады?

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

11.11.2021, 10:30

821

Кенді өлке Қарағанды алты кеншісінен айырылып қара жамылды. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты Абай шахтасында кенеттен метан тарап кетті.

Төтенше жайт кезінде кен орнында 64 кенші еңбек етіп жатқан. Оқыс оқиғадан соң 56 адам жер бетіне шығып үлгерген. Ал метан тарап кеткен кенжар бөлігінде сегіз кенші болған екен. Оның алтауы сақтандыру құрылғысын киіп үлгерместен, газға тұншығып мерт болды. Ал кенжарға кіреберісте тұрған екі адам сақтандыру құрылғысын, яғни газдан қорғап, демалуға мүмкіндік беретін құралды киіп үлгерген. 1960 жылғы және 1963 жылғы осы екі кенші ауруханаға жеткізіліп, оларға жан сақтау бөлімінде көмек көрсетілуде. Екі кенші де газдан қатты уланып қалған. Қаза болған Сергей Краус 1983 жылғы, Виталий Шмидт 1979 жылғы, Наиль Абдуллин 1990 жылғы, Сергей Корниенко 1971 жылғы, Алексей Супрунов 1987 жылғы, Николай Скитченко 1968 жылғы кеншілер еді.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек марқұмдардың отбасына кіріп көңіл айтып шыққан. Биліктің сөзіне сенсек, марқұмдардың отбасына 10 жылға есептелген қаражатты аударады, несиелерін төлейді және қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында оқып жүрген студент балаларының оқу ақысын төлейді. Компания баспанаға зәру отбасы болса, пәтер тауып береміз деп те уәде беруде. Арыстай азаматтарынан бейбіт күнде айырылып қалған жақын-жуықтары жан жараларын дәл қазір ақшамен емдей алмасы сөзсіз. Дегенмен өндіріс алпауыты тарапынан мұндай отбасыларға үздіксіз көмек көрсетілуі қажет.

«Президенттің тапсырмасы бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Бұл комиссия төтенше жағдайдың не себепті туындағанын жан-жақты анықтағанша жұмыс жасайтын болады. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен кеншілердің отбасына көмек көрсетіледі. Фактілерді және ТЖ себептерін жасыру болмайды», – деп мәлімдеді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде өткен брифингте ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин.

Билік алты отбасыны қасіретке душар еткен төтенше жайттың себеп-салдарын анықтаймыз деп білек сыбанып отыр. Осындайда «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген мақал ойға оралады. Әйтпесе еліміздегі ең ірі алпауыттың Теміртау мен Қарағандыны түтінге қақалтып жатқаны аздай, кен орындарында оқыс оқиғаларының ара тұра болып тұратыны баршаға аян. Алайда ажал қақпанына айналған төтенше жайттарға қашан тоқтам болатыны белгісіз.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының осы Абай шахтасын көктемде құзырлы орындар қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан жаппақшы болған. Қарағанды облысының өндіріс қауіпсіздігі комитетінің нұсқауымен осы кен орнын жабуға қатысты материал сот органдарына жіберілген болатын. Алайда құзырлы орын шахтаны соңғы рет тексеруге барған кезде жіберген олқылықтар орнына келтірілгендіктен кен орнын жаппай қалған. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оқыс оқиға болардан 10 күн бұрын «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшысымен кездескен екен. Кездесу барысында компанияның жаңадан тағайындалған бас директоры кеншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қолданатынын айтып уәде берген. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар министрлігі металлургиялық комбинаттың кейбір өндірістік жұмысына қатысты сот арқылы талап қойған.

«Бүгінде металлургиялық комбинаттың кейбір өндірістік нысандарының жұмысын тоқтатуға қатысты сот процестері өтуде. Бұл қауіпсіздікті күшейтіп еңбек жағдайын жақсартуға алып келеді. Негізінен компания тарапынан кеңестік кезден қалған ескі құрылғыларды жаңасына ауыстыру жұмыстары да жүріп жатыр», – деді ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Алайда уәдені үйіп төгетін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы журналистермен өткен баспасөз жиынында не себепті мұндай қайғылы жағдайдың орын алғанын нақты айта алмады. «Барлық кен орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы жұмсалған. Биылғы жылы бұл мақсат үшін 15 млн доллар қаражат бөлінген. Бұл – бұрынғы инвестицияға қарағанда үш есе көп қаржы. Біз қауіпсіздік үшін жаңа технологияларды қолдануды міндетімізге аламыз», – деп мәлімдеді «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир.

Бұл инвестицияның қаншалықты деңгейде тиімді қолданғанын мемлекеттік комиссия анықтайтын болады. Кеншілер Қарағанды өңіріндегі шахталарда кеңестік кезден бері келе жатқан ескі құрылғылардың қолданылып келе жатқанын айтады. Алайда жұмыс орнынан айырылып қалудан қорқатын кеншілер бұл проблеманы ашық айтқысы келмейді. Ауруханаға түскен екі кеншіні бір тәуліктен соң дәрігерлер жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырған, олардың денсаулығы жақсарып келеді.

Еске сала кетсек, осы Абай шахтасында 2008 жылы 11 қаңтарда жарылыс болып, 30 кеншінің өмірі қиылған еді. Тіпті жарылыстан кейін көптеген кеншінің мүрдесін алып шығу мүмкін болмаған.

Тегтер: апат жарылыс оқиға тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30