"Арзанның сорпасы татымас"

Жарлы БАЙҒАНИН

24.09.2020, 04:16

2812

    Райымбек даңғылының бойында орналасқан осы бір нән дүкеннің ғұмыры ұзақ болмады. Ашылу салтанатына «ақ патшаның» өзі келіп, күре жолдың бойына жағалай «жағалы» күзет қойып, «күркіретіп» тұрып ашылған дүкен еді, дүние-ай десеңші… Атына заты сай арзан болғысы келген. Қазекемнің «Арзанның сорпасы татымас» дегені бұл жолы да дәл келгенін қарашы.

 «Арзан» дүкені осымен неше мәрте ашылып, неше мәрте жабылды? Сыры неде? Басқа уақыт, індет кезінде наны жүрген азық-түлік дүкендері тұрмақ, тұралап қалып қайта жанданған дүңгіршектердің де қатарына кіре алмады, әлі жабық. Әлде баяғы, жасанды банкрот жасағыштардың кезекті ісі ме екен, кім білсін?

Бір анығы, оның «Арзандығында» да емес, «НҰР АРЗАН» деп қойсаң да, жазмыш солай. Басты себебі, бәлкім, қожайынының қазақ болғаны шығар?

«Арзанға алып, қымбатқа сатсаң – алаяқсың,

Қымбатқа алып, арзанға сатсаң – ақымақсың»,– деген қанатты сөздерді қағидадай ұстанған қазекемнің саудасының сиқы осы. Өзбек пен ұйғыр құсап, аяқ-табаққа араласуды қатынның ісі деп, ар көреді.

Жылы-жұмсақ пен ақшалы жердің бәрінде дерлік «ебекеңдер». Басқаны қойып, баспасөзі мен тіліне де басқалар қожалық етеді.

Жерінің асты мен үсті толған қазынасы да тек қонақтарға. Бізде тәрбие солай. Қонақтар кеткен соң, қалғанын жеп үйренгенбіз. Әлгі 70 жыл қонақ қылып, төрден түсірмей, төбемізге көтерген «ұзын сары» «үлкен ұл» да үрлеп ішіп, шайқап төгіп, ақыр соңы шай-табағымызға тышып кеткен.

Баяғыдай өріске сыймай мыңғырып жатар малы да жоқ. Жерінің өзі сол ебекеңдер мен жебекеңдердің жекесіне өтіп кеткен.

Ендігі күн не болмақ?

Осы ебекеңдердің есебі қалай түгел болатынына таңым бар. Дүкен тұрмақ, дүңгіршек ашса да, дүрілдеп ала жөнеледі.

Осының сырын ұққымыз келген.

Сосын, сонау кеңес заманынан дүкен ұстап келе жатқан бір әзірбайжан досымызды әңгімеге тарттық.

«Дүкенге екі ағаш бөшке тұздалған балық (селедка) пен бір рулон сары қағаз кеп түсті делік. Бұл қағаздың тығыздығы 200 грамнан кем емес. Яғни бір рулоныңыз тоннаға жуық деп қойыңыз. Таразыға, балықтың астына сары қағазды екі-үш қабаттап салып, қалыңдау қылып орайсың. «Сыртына майлы суы өтіп кетпейді» деп, үлкендер риза. Былай қарасаңыз, жай ғана қағаз. Бірақ сол екі бөшке балығыңыз сатылып біткен кезде қағаз да бітті.

Екі бөшке балығыңыздың салмағы қағазбен пара-пар.

Ал қағазыңыз балықтың бағасымен сатылып кетті деген сөз. Майлы су сіңген қағаздың салмағы сорлы халыққа «сорпасын» қосып сатқанмен бірдей».

Міне, сауда. Тек қазақы сауда емес.

«Патшасында қанағат жоқ ел сорлы, Қатынында қанағат жоқ ер сорлы», – деп, қарын тойдырмаса да, қазан қайнатары барына қанағат қылып үйренген қазекем мына заманда осылай, көрінген көк аттыға жем болмас па екен деген ой мазалай береді. Сонда да болса қанағат деп, қайталаудан танбаймыз. Мүмкін, шынымен де пейілімізге беретін шығар, ә?

Ал «Арзанға» айналып соғар болсақ, тәуелсіз Қазақстанның ашыла салып, қайта жабылған тәп-тәуір жобаларының бірі болып тарихта қалар мүмкіндігі бар сияқты.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәлік ОТАРБАЕВ 16:07
БІЗ КҮТКЕН БАҚЫТ
Сайт әкімшілігі 10:33
Қазақстанның 8 өңірі "қызыл" аймаққа енді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 13.04.2021, 09:44
Итке неге «иттік» жасадық?
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 09:25
Коронавирус жұқтырған 569 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 09:14
Оқығанмен жағдай жасалмайды. Ауыл шаруашылығы мамандығын игергендер жұмыссыз қалып жатыр
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 08:58
Қазақстанда өткен тәулікте 2290 адамнан коронавирус анықталды

Аңдатпа


  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24
  • Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
    09.04.2021, 09:03
  • Семейде 170 жаңа автобустың 70-і жүруге жарамай тұр
    08.04.2021, 09:08
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз
    06.04.2021, 09:16