«Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

19.01.2022, 08:48

4831

Айлығы шайлығына жетпей қымбатшылықтан қажыған қазаққа дәл қазір керегі әлеуметтік жағдайының жақсаруы болып отыр. Кешегі мемлекет басшысының үндеуінің ішінен халықтың «құлағына майдай жаққаны» да қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы тапсырмасы деуге болады. Өйткені ауылдағы көп қазақтың «LRT»-де шаруасы жоқ, оған мінбей кетсе де цифрландырудың игілігі ауылға жетіп үлгермесе де «көңілі баяғыдай». Бірақ әлеуметтік жағдайының жақсарғанын басына тартса аяғына жетпейтін тапқанының берекесі артып, қымбатшылық тоқтағанын тілейді. Алдағы уақытта қарыздың қамытын одан әрі кимей «қара суын қайғысыз» ішуді қалайды.

 

    Жаңа құрамдағы үкіметтің алғашқы отырысында премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың сөздің басын «Үкіметтің экономикалық саясаты ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады», — деп бастауы да талайлардың көкейінде үміт отын жақты.

Сондықтан әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін берілген қосымша тапсырмалардың өз деңгейінде орындалуын да халық асыға күтіп отыр. 180 күн бойы мұнай өнімдерінің атап айтқанда бензин, дизель, сұйытылған газ бағасын, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын мемлекет тарапынан ретке келтіру, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеу секілді тапсырмалар халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін болғандықтан олардың өз деңгейінде қалтқысыз орындалуын үмітпен күтіп отырғандар жетерлік. Дегенмен қазірдің өзінде кейбір алыс аудан тұрғындары редакциямызға хабарласып, «газ ауылымызға 85 теңгеден келіп жатыр. Мұнайлы өңірмен іргелес жатырмыз. Бірақ баға айтарлықтай көтеріңкі. Баға көтерілген жағдайда хабарласыңыздар деп таратқан байланыс нөмірін тауып беріңіздерші?» деп хабарласуынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ал құзырлы орындар «Үкімет сұйытылған газ бен жанар-жағармай бағасын реттеуге президент пәрмен берген соң бірден кірісіп кетті. Энергетика министрінің айтуынша сұйытылған газ бағасы 50 мен 75 теңге аралығында бекіді. Бұл мараторий 180 күн, яғни жарты жыл күшінде болады», — деп үздіксіз хабар таратуда. Ендеше қазірден бастап айтылған уәденің өз деңгейінде орындалуын қамтамасыз ету құзырлы орындарға үлкен сын! Осы уақытқа дейін бетімен кеткен бағаға жауапты бірнеше құзырлы орындар болғанымен жеме-жемге келгенде жауаптыны табу қиын еді. Енді үкімет араласып сол жауапкершілікті күшейтер деген үміт зор!

Дегенмен осы дүрбелеңге о баста қымбатшылық, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуі себеп болғанын ескерсек, дәл қазір  «қатемен жұмыстың» маңыздылығын аңғарамыз. Өйткені ең алдымен халықты қажытқан қымбатшылық болатын. Жыл сайын емес, тіпті ай сайын да емес, күн сайын өскен баға тұрақтанбай қойды. Елімізде бағаны қадағалап отыру тиіс құзырлы орындар болғанымен, бағаны ауыздықтау бағытындағы әрекеттері көзге мүлдем көрінбеді. Жанармай, киім-кешек, нан, жолақы, дәрі, пойыз, ұшақ билетінің бағасы, медициналық қызметтер, құрылыс заттары, тұрғын үй бағасы, ет, азық түлік бәрінің құны өскен үстіне өсе түсіп «халықтың жүйкесімен ойнай түсті». Тапқаны ішіп жемнен артылмағандар артық жоспар құра алмай, бәрінің бағасы бірнеше рет өссе де өзгермеген күйі қалған жалақымен не істерін білмей, әбден күйзеліске түсті. Ол аздай, ақылы жолдардың саны көбейіп, барған сайын есебін тауып халықтың қалтасын қағудың жолдары көбейген үстіне көбейді. Нәтижесінде қазір елімізде мерзімі кешіктірілген несиелердің қатары көбейгені байқалды. Енді бар үміт мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында берген тапсырмаларында.

Ал әлеуметтік жағдай дегенде халықтың көкейіндегі ой қандай? Мамандарға сұрау салып көрген едік. Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтың айтуынша: «Елімізде әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі талай уақыттан бері айтылып келе жатыр. Алайда кешегі мемлекет басшысының тапсырмасында ол мәселе мүлдем айтылмады. Егер 2021 жылы зейнеткерлікке шығу үшін 60 жасқа толуы керек болса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұл жас 60 жарым жасқа дейін ұлғайтылды. Дәл қазір ең қажетті шешілуі тиіс әлеуметтік мәселенің бірі осы дер едім. Кезең кезеңімен зейнетақы жасын ұзарту реформасы жүріп жатыр. Бірақ соған сай әйелдердің зейнет жасын ұзарту бағатындағы медициналық, әлеуметтік қолдау шаралары жүргізіліп жатқан жоқ. Демек, аналарымызға «кәрі сүйегіңді сүйретіп» 63 жасқа дейін жұмыс істе деуге хақымыз жоқ. Дәл қазір аналарымыз қызметтен гөрі үйімізде, бала, немере тәрбиесінде керек. Маман ретінде аналарымызды зейнетке ертерек шығарып, сәби үш жасқа келгенше декреттік демалыста отырса деген тілегім бар. Оларға сол үйде отырған уақытында жәрдемақы тағайындап қойса, бала тәрбиесіне соншалықты алаңдамас едік», — дейді маман.

Расында дәл қазір ел ішінде зейнет жасын төмендету туралы онлайн петицияға қол жинау секілді шаралардың жүргізілуінің өзі бұл мәселенің халық үшін аса маңызды нәрсе екенін аңғартса керек.

Ал экономист Жарас ӘКІМ: «Қаңтардағы қантөгістің, халықтың бейбіт шеруінің о бастағы негізгі себебі — қымбатшылық пен әлеуметтік жағдайдың төмендеуінен шыққанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан содан сабақ алып алдағы уақытта қымбатшылыққа жол бермеуіміз қажет. Еліміздегі баға саясатына жауапты құзырлы орындардың жауапкершілігін жоғарылатқан жөн. Сондай-ақ мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін берген тапсырмаларының өз деңгейінде орындалуын қадағалауымыз керек. Ең төменгі айлық мөлшерінің өсуі көптің көкейінде «қымбатшылықтың көкесі биыл болады» деген үрей тудырғаны рас. Сол үрей осы дүрбелеңге негіз болды», — дейді.

Расында кез келген өзгерістен өзін алқымнан алар, қалтасына салмақ түсірер бетбұрыс күтіп үйреніп қалған халыққа әлеуметтік қолдау аса қажет болып отыр.

Жаңа Қазақстанның ашқұрсақ, қарызға батқан халықпен құрылмайтыны белгілі. «Аш адам ұрысқақ, арық адам тырысқақ» екенін  байқайтындай болдық ау...

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20