«Ашықсыз» аш қаламыз ба?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

11.05.2021, 16:17

1229

         Дәл осылай дейді әлеуметтік жазбасында қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова. Өйткені жақында оны достары ауызашарға шақырған мейрамханаға иелері кіргізбей қойған. Себеп – Ashyq мобильді қосымшасына тіркелмегені. Артынша қызметкерлер жеке сәйкестендіру нөмірін алғаннан кейін ғана ғимаратқа кіруіне мүмкіндік туған. Алайда «қосымшаның ЖСН сұратуы заңға қайшы» дегенді айтып наразылық білдірушілер бар.

         Жыл басында елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі деректерді бақылау үшін деген мақсатпен «Ashyq» қосымшасы енгізіле бастаған. Қосымша қызыл, сары, көк және жасыл түстер арқылы адамдардың вирус тасымалдаушы ма, жоқ екенін анықтайтыны хабарланған. Қызыл түс көрсетсе, үй жағдайында оқшаулау режимін қатаң сақтауы қажет болады. Сары белгі – жүріп-тұруға ішінара шектеудің белгісі, пациентке үйден оқшаулау режимін сақтайтын жерден 500 метрден аспауы тиіс азық-түлік және құрылыс дүкендері, дәріханаларға баруға рұқсат бар. Көк түске статусқа ПТР міндетті болып саналатын орындардан (мысалға әуежай) басқа жүріп-тұруда шектеу қарастырылмаған. Жасыл түс – еркін жүре алатын  адам. 

Алайда «қосымша адамның таңдау құқығын бұзып отыр, дискриминацияға алып келеді» деп қапаланушылар бар. Бұл тұрғыдан парламент мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева да қосымшаны сынға алды. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге қосымшаның көңіл толмайтын тұстары барып айтып, тиянақты жетілдіруді талап ететінін ескертеді. Пилоттық қолданысы кезінде «Ashyq» қосымшасының жұмысына 3000-ға жуық адам сын пікірлер мен шағымдар қалдырғанын айтты. Өйткені қосымша отандастарымыздың персоналды мәліметтерін, яғни телефон нөмірлері мен ЖСН сұрататынына наразы. «Кейін қосымшаның маңызы болмай қалғанда қолданушылардың мәліметтері қайда қалмақ? Қосымшаның өзі қауіпсіз екені күмән туғызады» дегенді алға тартқан.

Жалпы, қосымшаның ақсап тұрған тұсы бұл ғана емес екен. Қосымшаға қол жеткізген нысандардың тізімі көрсетілмеген, қандай да бір ғимаратқа бармас бұрын, қандай статусқа жататыныңды алдын ала тексеруге мүмкіндік жоқ, тіпті техникалық қолдау қызметімен байланысу үшін ешбір сілтемесі де көрсетілмеген болып шыққан. Ол – ол ма, ең қызығы, кейбір адамдардың мәртебесін де дұрыс көрсетпейтін сәттер болған. Мәселен, ПТР-тестінің теріс нәтижесі бар пайдаланушыларға жасыл түс шығудың орнына қосымша оларға көк түсті белгілеген. Ешқашан ПТР-тест тапсырмаған, симптомсыз ауыратындарға да көк түс көрсетіпті.     

         Қосымшаның осындай ақауларына қарамастан, «Ashyq» қосымшасының дерегі бойынша «қызыл» мәртебемен қоғамдық орындарда жүргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 мың теңгеден 73 мың теңгеге дейін айыппұл төлейтін болады. Мұндай жаңалық, әлбетте, көпшіліктің ашуын туғызды. Ал қосымшаны дұрыс пайдаланбаған бизнес нысандарының жұмысы екі айға тоқтатылмақ. «Бұл сонда қарақұрым жұрттың қалтасын қағудың амалы ма?» деген ой туады.

         Биылғы 17 қаңтардан бастап шағын және орта бизнестің жекелеген нысандары аталған қосымшамен қамтамасыз етіле бастаса, енді 12 мамырдан Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына, 21 мамырдан бастап Алматы әуежайына енгізілмекші. Яғни енді «Ashyq» сізге қызыл мәртебені белгілесе, Қазақстан аумағынан шықпайсыз, әуежайға аттап баса алмайсыз деген сөз.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «билік өзіне-өзі жоқ жерден мәселе туындатып отыр» дегенді айтады әлеуметтік желідегі жазбасында. «Жеке компанияның мүддесін қорғаймын деп, әуежайларда адамдардың бей-берекетін қашыруға даяр. Мейрамхана, бассейндерге уақытша бармауыма болғаныммен, әуежай дегеніміз бәріміз қолдануымызға мәжбүр болатын орын емес пе?! Ендеше неге жай ғана ПТР-тест немесе вакциналау паспортын сұратпайды, барлық жерге «Ashyq-ты» енгізудің не қажеті бар? Қазақстанның көп азаматы оған сенбейді. Қандай да бір қызметті қолдануға мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ. Әркезде таңдау құқығы болу керек», ‒ дейді ол.

 Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Әсет Тұрысов аталған қосымшаға мемлекет тарапынан ешқандай қаржыландыру қарастырылмағанын, оны Виталий Пустовойченко деген азамат ойлап тапқанын айтқан. Оның сөзінше, бәрі тегін жасалған, кейбір мәселелер демеушілердің арқасында шешілген. Кейбір бизнесмендер өз еріктерімен қаржылай көмектескен көрінеді.  

         Ал Виталий Пустовойченко деген кім? Мынадай қызық дерекке тап болдық. «Караван» газетінің зерттеуіне сүйенсек, ол Елорданы тұрақты дамыту орталығында IT-архитектор болып жұмыс істейді екен. Айта кетейік, алғашында қосымшаны «Digital innovation and transformation» ЖШС отандық IT-компаниясы дайындады деген болатын. Виталий Пустовойченко осы жерде де қызмет атқарады екен, лауазымы – директордың орынбасары. Екі компанияның басшысы, екі түрлі адам. «Digital innovation and transformation» ЖШС 2019 жылдан бері қарай белсенді жұмыс істей бастаса, «Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС 14 жылдан бері бар екен. Түрлі бағдарламалар дайындаумен айналысады. Мемлекет үшін де біраз жобаны дайындаған екен, алайда күдік ұялатқаны бұл компания осы уақытқа дейін 10-нан астам сот процесіне қатысқан. Мысалы, 2019 жылы «Астана Innovations» АҚ ЖШС үстінен сотқа арызданған және арызы қанағаттандырылған. Істің санаты: мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты, оның ішінде шартты орындау туралы даулар бойынша (мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану).

         Қосымшаны тегін жасап берген неткен жомарттық деп таңғаласың, әлде IT-архитектор жоба іске асқаннан кейін барып табысқа кенелем деп үмітті ме екен? Айтпақшы, жақында ғана «Ashyq» қосымшасы қосымшаларды жүктеп алудың интернет-дүкені AppStore-дан өшірілді» деген ақпарат тарады. Ал Play Маркет интернет-дүкенінде тұр. Әліптің артын бағайық.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 19:47
Байбек: Nur Otan-ның сайлауалды уәделері өңірлерде 14%-ке іске асырылды
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 24.09.2021, 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2021, 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39