23.05.2023, 14:20
1285
Өткен аптада Астана қаласының әкімі ЖеңісҚасымбек Астанадажаңадан салынып жатқан мектептер туралы айтып, қала тұрғындарын қуантып қойды. Өйткені қаладағы мектеп жетіспеушілігі өзекті мәселелердің бірі еді. Жыл сайын тұрғындар саны өсіп, жедел дамып келе жатқан қалада мектеп жетіспеушілігін шешіп, апатты мектептерді де толығымен жою кезек күттірмейтін мәселе болатын.
Сондықтан қала әкімінің жаңадан салынып жатқан мектептер туралы ақжолтай хабары көпшіліктің көңілінен шықты. «Қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін келесі оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Көксеңгір көшесінің бойында, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан.
Мәселен, Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы білім ордасы 87 жыл бұрын салынған ескі мектепті алмастыруға мүмкіндік береді. Жаңа оқу орны екі ауысымда 2400 оқушы орнына есептелетін болады.
Көксеңгір көшесіндегі мектеп (Кирпичный елдімекені) осыған дейін апатты деп танылған, қазір бұл мектептің орнында жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Қазір бұл елді мекенде басқа мектеп жоқ, сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқиды. Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысындағы және Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымды проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Бұл мектептердің әрқайсысы екі ауысымда 2400 оқушыға арналған.
Бұдан бөлек президенттің тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектеп салынады», – деген болатын қала әкімі. Оның сөзінен қаладағы бұл мәселенің қолға алынып, алдағы уақытта тез шешімін табатыны байқалады.
Осы орайда атап өтсек, жалпы еліміздің бас қаласында дәл қазір 26 мыңдай орын тапшылығы сезіледі. Бұл сан жыл санап өсуі де мүмкін. Өйткені астаналық болғысы келетін халық санының да артып келе жатқанын аңғару қиын емес. Демек мектеп жетіспеушілігі мәселесін қолға алып, шешіп отырмасақ, уақыт өте тіпті күрделене түсуі бек мүмкін. Сондықтан қала әкімінің бұл мәселеге баса назар аударуы бекер емес.
Ал жалпы ел бойынша 270 мың оқушыға орын жетіспейді. Әсіресе ауыл халқы жұмыс іздеп, немесе қалалық болғысы келіп, жаппай қоныс аударған еліміздің ірі қалаларында мектеп жетіспеушілігі өте өзекті болып отыр. Елімізде үш ауысымда оқытатын мектептер саны 142 болса, 57 мекеме апатты жағдайда екен. Қазір Астана қаласында ғана емес, жалпы еліміз бойынша мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешу жаппай қолға алынған. Мемлекет тарапынан қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бұл бағыттағы жұмыстардың бірі ғана.
Қазіргі таңда елімізде мектептерді салу үшін 2 трлн 600 млрд теңге қарастырылған. Ел бойынша үш жылда 401 мектеп бой көтереді деп күтілуде. Ортақ стандарт бойынша салынған мектептерді есепке алсақ жалпы саны 1,5 млн орын ашылмақ. Ал бұл еліміздегі апатты мектептер мәселесін де, мектеп жетіспеушілігін де шешері анық. Әсіресе Астанадағы мектепке қатысты мәселелердің шешіліп, елордалық ұрпақтың заман сұранысына сай білімді болуының маңызы зор!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР