«Астарлы ақиқат» биліктің қолшоқпары ма?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

16.02.2021, 09:27

3894

КТК арнасының «Астарлы ақиқат» ток-шоуы соңғы уақытта  ел арасында дауға ілігуде. Танымал журналист Дина Төлепберген жүргізетін бұл бағдарлама жұрт наразылығын тудырып, «жабылсын» деген талапқа тап болды. Оған «Қайын атадан – қойын атаға» шығарылымы түрткі болған. «Астарлы ақиқат», расымен, халықтың қамын жеген бағдарлама ма, әлде ел назарын алаңдату үшін жасалған биліктің кезекті көрсетілімі ме?

        Өсек пен төсектен аса алмайтын бағдарлама

«Астарлы ақиқаттың» соңғы шығарылымдарына зер салсақ, халық арасында азғындықты «жарнамалауға» көшті ме дерсің. Бесіктен белі шықпай бесік тербеткен 15 жастағы қыздың қылығын жеті бөлімге бөлшектегенімен қоса, келінін төсекке тартқан қайын атаның былығын үш серияға бөліп берді. Бұдан бағдарламаны сексуалды тақырыптардан  ләззат алады-мыс деуге болады.

Осы тұрғыда Түркістан қаласының тұрғыны Аралбай Сансыздықов «Астарлы ақиқат» тәлім мен тәрбиесі жоқ бағдарлама екенін айтып, соңғы шығарылымнан кейін келіндеріміздің бетіне тік қарай алмайтын халге жеттік дейді.

— Бұл – қазақтың рухани қаңғыруына жол ашып отырған бағдарлама. Алдыңғы шығарылымдарын көріп тұратынбыз. «Қойшылардың кайфы» деген сынды сауатсыз тақырыптармен видеолар жариялап жүрді. Сол кезде «мынауы несі» деген едік. Ал одан соң, 14 жасында 3-4 жігітпен әуейі болып, кімнен бала көтергенін білмейтін жас қызды жыр қылды. Енді, міне, сегіз жыл бойы келінімен жақындасып, кейін онымен бас қосып алған Үсен есімді ер адамды көрсетті. Екі ұлдың атасынан ба, күйеуінен бе, кімнен екенін білмейді. Осыдан кейін біз келініміздің, келініміз біздің бетімізге қарай алмай қалдық. Бұл сұмдық нәрсе ғой. Қарап тұрсаңыз, көбісі киелі Түркістанның тұрғындары. Қасиетті жердің атын осындай арзан нәрселер үшін қолдануға бола ма? Бүгінге дейін оңтүстікті қазақи тәрбие мен салт-дәстүрге берік деп келдік. Ал мынадан кейін «қазақтың рухани орталығы» деп жүрген көне шаһарымыз азғындардың ордасы болып шыға келді. Бұндай оқиғалар болса, болып жатқан да шығар. Бірақ оны экранға шығарып, елді алалаудың не керегі бар? «Астарлы ақиқат» ардан аттап, ұяттан безіп отыр, – дейді қала тұрғыны.

 «Астарлы ақиқат» бағдарламасының жарыққа шыққанына 10 жылдан аса уақыт өтті. Алғашында қоғамдық-саяси маңызы бар мәселелерді көтеріп, көмек іздеген жандарға қол ұшын созған салмақты бағдарлама ретінде танылған. Уақыт өте келе бағдарлама ақиқаттың астарын емес, төсектің айналасын ақтаратын ток-шоуға айналды. Салмақты тақырыпты сексуалды тақырыпқа айналдыруға не себеп? Қаймағы бұзылмаған Түркістан өңірін ұятты етіп, қоғамға қисық көрсетілім тарту ету билік талап еткен емеурін бе?

Бұл туралы саясаттанушы Серік Ғабидолла «Астарлы ақиқат» «Қалаулымның» ізін басқан бағдарлама деуге болады» дейді. Бұл халық билік ісінен мақұрым болып, саяси сауатсыздануы үшін ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін айтады.

— Жақында сайлау болды. Халық наразылықтарын білдіріп, кейбірі бойкот жариялағаны белгілі. Осы сынды сынақтар жиіленбесін деп, халықты бірдеңемен алдаусырату керек деп, қаралымы жақсы «Астарлы ақиқатты» қоғамда ермек етіп берген сияқты. Кезінде ұрыс ордасына айналған «Қалаулым» бағдарламасын да қоғам қит етпей көрген еді. Бұл елді биліктің ісіне араластырмаудың айла-тәсілі деуге болады. Егер биліктің астарлы бағдарламасы болмаса, «Қалаулым» шығарылымына тоқтау қояр еді. Себебі қаншама адам қарсы болып, наразылықтарын білдірді. Алайда бағдарлама жұмысын тоқтатқан жоқ. «Астарлы ақиқатты» да қанша жерден «жабылсын» деп ұрандағанымызбен, ол да шығарылымын шектемейді, – дейді саясаттанушы.

                             Айып па, әлде хайп па?

Соңғы уақытта қоғамның ызасын астауынан асыра төккен «Астарлы ақиқат» рейтинг қуалап, ұлттық құндылықтарымызға сына қаққаны белгілі. Бұл қоғамдық тәрбиеге қауіп төндірмей ме? Әлеуметтанушы Гүлзинат Жылқайдарова теледидарды көбіне ауылдық ағайындар көретінін айтады. Қазақтың тамыры ауылда екенін алға тартсақ, осындай арсыз бағдарламалардың кесірінен рухани құндылығымызды қуратып алуымыз мүмкін дейді.

— Бұл хайп үшін ұйымдастырылып отырған бағдарлама. «Біздің мәселемізді шешіп берген жоқ, өз рейтингтері үшін шақырған» деген қатысушылары да болған. Мысалы, «Қайын атадан – қойын атаға» бағдарламасында келін «өз келісіміммен болдым» деп, бағдарлама аяқталып, бір аптадай уақыт өткесін «есірткі беріп, зорлады» деп әлеуметтік желіге жариялаған.  Ел кімге сенерін білмейді. Жалпы, кешкілік жұмыстан келгенде көпшіліктің ермегі – теледидар. Ал «Астарлы  ақиқаттың» эфирге шығатын уақыты отбасы дастархан басына жиналатын уақытқа тап келеді. Сорақы дүниелерді көріп отырып, қалай кешкі ас ішуге болады? Оның үстіне ютуб арнасының алғашқы бетінде де жарқырап тұр. Оны кішкентай балалар, қыздарымыз көреді. «Солай істеуге болады екен» деп ой түюі мүмкін ғой. Ал жастар бұзылатын болса, қоғамның күшін алға сүйрей алмаймыз. Сондай-ақ теледидар ауыл тұрғындарының ақпарат іздейтін бас құралы десек, ауыл халқына сорақы дүниелер ұсынып отырғанымыз ұят емес пе? Некесіз бала туу, жеңіл жүріске түсу, келіннің ата мен енеге құрметсіздігі деген сынды тақырыптар сарнап тұр. Осындай сары басылымды ток-шоулардың тізгінін тарту керек. Мынадан кейін теледидар тәрбиелейтін емес, тәрбиемізді талқандайтын құралға айналып барады, – дейді әлеуметтанушы.

Тегтер: бағдарлама мәселе қоғам талқы пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 19:47
Байбек: Nur Otan-ның сайлауалды уәделері өңірлерде 14%-ке іске асырылды
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 24.09.2021, 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2021, 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39