Атамекенім қайда екен?

Амангелді СЕЙІТХАН

29.09.2020, 11:05

621

      Осыдан бірнеше жыл бұрын Абылай Мырзахметовтің жиналысына барыппыз. Баспасөз мәслихаты ғой. Сауын айтуда кемдік жоқ. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер одағы жақсылық жасауға асық жандарға өріс ашатынын айтып, ақшасы барлардың  басын біріктіріп, қор ашуға белсеніпті. Одақ біткеннің арасында шоқтығы биік ұйым. Кәсіпкер біткенді жусатып өргізетіндей қабілеті тағы бар. Апаш-құпаш жиналып, кіріп келдік. Жиын да бастала берді. Алдымен Абылай Мырзахметов сөйлеп, кейін кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов кезек алып, әлгі бастаманың болашағына пал ашты.  Болжайтындай несі бар, қорға  қомақты қаржы түсіп, ол қажетті жерге дер кезінде жетіп тұрса, шаруаның ыңғайланғаны емес пе?! Сөйлеушілер тап солай болатынына сенім білдірді. Сенім, шіркін, дұрыс қой.  Селкеу түсетіндей де емес. Риза едік. Себебі мынау бір ірі бастама, ізгі ниет.

      Біздің бірнеше әріптес сауал қойып, тиісті жауаптарын алып жатты. Іш қылп еткен тұс та сол. Кілең жергілікті жігіттердің мойнына артылатын шаруа секілді көрінді. Біз білетін тізім жайлы тіс жарған ешкім жоқ. Пікір алмасатын жердің бәрін сайыс алаңына балайтын біздің көңіл ақыл мен қолға маза бермеді. Ақыры қол көтерілді. Рұқсат берілді. Сөз тиегін ағытуға мүмкіндік туды. Сонда ойға келген әлде сұрақ, әлде ұсыныс мынау еді: «Айналайын, Абылай, бұл бір жақсы бастама екен. «Атамекенім» деген қандай тәтті сөз! Бізден бір сауал, әлде ұсыныс. Қысқасы, қазақ «Бермесе де бай жақсы» дейді. Шамасы, ақшасы бардың түбінде бір көмегі тиетіні керек. Сараңы да болады, әрине. Дегенмен олар да назары ауғандарға көмек көрсетеді. Манадан айтып жатырсыздар, ашылатын қор Қазақстандағы барлық кәсіпкерлерді, дәулетті адамдарды шоғырландырады деп. Оған әңгіме жоқ. Анығында, әлгі ауылдағы, аудандағы, тіпті облыстағы бизнесмендер елдегі бүкіл қиындыққа арқасын тосып үйренгендер. Көмегін аяп көрген жоқ. Ауылға немесе ауданға ауыртпашылық келсе, өздері де біліп, сауап жинайды. Оның үстіне әкім айтады, өзгенің қолқасы, өздерінің иманды бағыттары, қысқасы, табысымен бөлісетіндер солар, негізі. Мына қордың қарымы мықты болуы керек. Ауқымы да. «Форбс» деген журнал шығады екен. Оның бетінде біздің елдегі байлардың есім-сойлары жазылады деседі. Міне, «Атамекенім» соларды тартуы керек. «Атамекенімге» солар атсалыссын. Әйтпесе  жүзінші рет айтылып жатқан бастама. Сауаптан Митталды құр тастаймыз ба, анау Еуразияның үш арыстанын жатырқаймыз ба, қайта соларды қатарға қосып алу керек. Қазақ жерінен кәсібін бастағандар ғой. Қазақ кенінен пайда тапқандар. Соларды шақыру керек. Тіпті тізімге қосып, қордың шотын жіберіңіздер. Не салғанын жариялаңыздар. Міне, магнат демейік, бүгінгі тілмен айтқанда, бизнес капитандары ғой, олар анау қордың қоржынын толтыра салады. Сонда бастамаларың да баянды болып шығады», – дедік те, орнымызға отыра қалдық. Абылай Мырзахметов әлде ұсыныс, әлде сұрақты түсінген кейіп танытты. Тіпті айтты да: «Оларды да қор жұмысына тарту жағын ойластырдық», – деп.

       Уақыт шіркін зуылдап өтіп барады. Сондай заман ғой. Жиыннан  бері де бірнеше жыл өтті. «Атамекенім» қайда екен? Аса белсенді емес-ау, шамасы. Әлде ашылмай қалды ма, қысқасы, күнделікті өмірде көрінбейді.  Рас, ғаламтордан іздесек, «Менің атамекенім» деген қор бар екен. Арыстағы оқиға кезінде көмек көрсетуге ұмтылған секілді. Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевтың атына келіп түскен жазбаны байқап қалдық. Өтініш нөмірі – 596052. 19.02.2020 күні тіркелген екен. Өтініш қалдырушы – Айгүл Орынбек. Өтініште «Cәлеметсіз! Арыс қаласында 24 маусымда болған жарылыстан кейін 80-ге жуық кәсіпкерге жарылыстан келтірілген шығындары әлі төленбеген. Ұлттық кеңес мүшесі ретінде Арыс қаласы тұрғындарының шағымын қабылдадым. «Менің атамекенім» қоры тиісті қаражаттарын аудармай отыр», – деп жазылған.

     Одан ертеректе, 2019 жылы 4 шілдеде отандық сайттардың бірінен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы бизнес өкілдерін Арыс қаласында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетіп, мүмкіндігінше көмек беруге шақырады. Көмек қаражатын жинау шотын «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігі ашты. Қоғамдық бірлестіктің мақсаты – Арыс қаласында апаттан зардап шеккен, көмекке мұқтаж азаматтар мен қайырымды жандарды байланыстыру», – дегенді оқыдық. Әлде бұл басқа қор ма екен?

      «Атамекенімнің» ниеті ізгі, бағыты дұрыс еді. Егер біз атаған миллиардерлер қорды қаржыға көміп тастағанда, биылғы пандемия кезінде де елді біраз апаттан құтқарып қалғандай екен. Қонырғының не мықтысын алдырар едік-ау. Еске түскен соң іздеген едік. Қайдасың, «Атамекенім»?

  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 10:16
ПТР тест тапсыру бағасы арзандады
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:52
Коронавирус бойынша ең көп өсім тіркелген өңірлер аталды

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38