Атаққұмар елге айналып барамыз

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

17.12.2021, 09:08

2683

       Жылдың аяқталуымен бірге жыл сайын әр сала өкілдері жаппай марапатталады. Бір жылдық кезеңнің қорытындысы ретінде еңбектің бағаланғаны, құрметке лайық тұлғалардың марапатталғаны дұрыс-ақ. Әсіресе биыл Тәуелсіздік мерекесінің орден, медаль жауатын мейрамға айналғаны байқалады. Бірақ сол жылдың ең ерекше көзге түскен, халықтың ілтипатына бөленген тұлғалары марапатталса сөз басқа. Ал марапатты ел танымайтын біреулердің иеленуі оның қадірін қашырып отырғаны жасырын емес.

 Шыны керек, соңғы кездері елімізде жаппай атаққұмарлық белең алып барады. Өйткені атақтың сатылатыны да қоғамда ашық айтыла бастады. Соның дәлелі – былтыр білім және ғылым министрлігі «ақша төлеп, марапат алатын» ұстаздарға ескерту жасаған болатын. «Соңғы кездері әртүрлі ақылы марапаттардың тарағаны байқалады. Ол ешкімге жасырын емес. Олардың дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға жақындатылған. Кейбіреулері осыны түсінбей, ал кейбіреулері біле тұра, «Ұлт ұстазы», «Ыбырай Алтынсарин» және басқа да әртүрлі төсбелгілерге ақша төлеп, алып жатыр. Бұл мәселені осыған дейін бірнеше рет талқыладық. Бірақ әлі де бұл үрдіс азаймай отыр», – деген еді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бас ұстаз «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгілері, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттардың ғана ресми марапат деп танылатынын жеткізген болатын. Саладағы «Қазақстанның ұлағатты ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Ұлы дала ұс­тазы», «Алаш ұстазы»  атақтары мен медальдары «марапат бизнесінің» көрігін қыздырып тұрғанымен, мойындалмайтынын ашық айтқан еді. Бас мұғалімнің ескертуінен соң, саладағы салпыншақтар да, марапаттар да азайғандай болды. Ұстаздар қауымының жаппай атаққұмарлыққа ұмтылуы да тегін емес. Өйткені ұстаздардың білім санаты осы алғыс хаттар мен медальдарға байланған. Категориясын көтеру үшін марапатты сатып алады. Мұғалімнің алғыс хат, медалі көбейсе, категориясы да артады. Яғни жала­қысына үстемеақы қо­­сылады. Сол үшін әр мұғалім білім сапасын көтеруге емес, категориясын көтеруге ұмтылып, мара­пат сатып алудан жарысқан болатын. Яғни ұстазды атаққұмар етуге жүйенің өзі итермелеген еді.

Дегенмен мемлекеттік марапат пен қоғамдық марапат мидай араласқан заманда қалайда атақты болуды қалайтындардың саны артып барады. Жалғыз ұстаздарға арналған марапат емес, басқа да марапаттардың  белгіленген құны бар. Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын 1,5 млн теңге төлеп алуға болады деседі. Яғни ақшасы бар кез келген адам қалаған атағын иемденіп, «атақты» бола алады. Қоғамда осы бір көзқарастың қалыптасуы, атаққа деген теріс көзқарастың қалыптасуына, «шын лайықты тұлға емес, ақшасы бар адам атақты сатып алып жатыр» дейтін пікірдің шығуына түрткі болуда.

Үстемеақысы болмаса да, ақшалай сыйақысы жоқ болса да, елімізде атақты болғысы келетіндер жетерлік. Биыл да атақ пен марапат молынан таратылып жатыр. Атаққұмарлығымыз соншалық – қоғамда олардың түр-түрін қалыптастырып отырмыз. БиылТәуелсіздіктің 30 жылдық құрметіне  123 900 000 теңгеге мерекелік медаль жасатып, оны 25 мың адамға таратудамыз. Одан бөлек, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан», І дәрежелі «Барыс», ІІ дәрежелі «Барыс», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендері, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары берілуде. Бір қарағанда соншалықты көп көрінгенімен, халықтың сүйкіміне айналған, халықтың шын қалаған адамдарына «аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» кебімен қаптаған марапаттың ешқайсысы тимей қалуы марапаттың сәнін қашырып тұр.

Мәселен, өткен жыл халық есінде коронавирус індетінің кең таралуымен есте қалса, жыл соңында дәрігер қауымының айлап үй көрмей, індетпен алысқан еңбегінің елеусіз қалғаны талайларды қынжылтқан болатын. Биыл да қуаңшылықтан зардап шеккен халық айлап үй көрмей, малы қырылған өлкеге шөп жеткізу үшін ұйытқы бола білген Құрметтей жігіттің елеусіз қалғанына өкпелі. Қорасындағы азын-аулақ малының аман қалғаны үшін Құрметтен артық «Құрметке» лайық жан жоқ еді деседі. Дәл қазір әлеуметтік желі қолданушылары Тәуелсіздік күніне орай, ала жаздай Маңғыстау өңіріне шөп тасыған ерікті Құрмет Талапқазыға марапат беру туралы өтініштерін жарыса жазуда. Журналист Гүлмира Әбіқай: «Маңғыстау өлкесін қуаңшылықтан құтқаруға алғашқы болып шөп жиып жөнелткен Құрметке «Құрмет» берілсе лайықты еді. Пандемияда тәуліктің 24 сағатын көздері буланып, шылқыған терге батқан комбинезон ішінде өткізген қарапайым медбике, санитар, дәрігерлер лайықты еді. Биыл… әттең…» – деп жазба қалдырса, мыңдаған халық оны қолдап пікір қалдыруда, арнайы хэштегпен Құрметке марапат сұрап жатқандар да жетерлік.

Дегенмен халықтың бұл қалауы елеусіз қалатын түрі бар. Ел ішінен шыққан еңбек адамының, бейбіт күннің батырының қадірін халық мойындағанымен, билік елемей отыр. Осыдан соң елге жаны ашитын патриот ұл, ұлтқа қызмет етер еріктіні қалай қалыптастырамыз?!

Тегтер: атақ дәреже даңқ марапат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:12
Коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 872 жағдай тіркелді
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 19.01.2022, 18:15
Әйелдердің қателіктеріне еркектердің де қатысы бар
Сайт әкімшілігі 19.01.2022, 14:00
Тұрғындардың қарулары уақытша сақтауға қойылды
Сайт әкімшілігі 19.01.2022, 11:10
Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд тіркелді
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 19.01.2022, 08:48
«Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
Күлтегін БЕК 18.01.2022, 08:41
Қаралы қаңтар: күдік пен үміт

Аңдатпа


  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48
  • Жарылысқа жол ашқан – биліктің мақтаншақтық идеологиясы
    19.01.2022, 09:05
  • Аренадан Алаңға дейін...
    18.01.2022, 08:39
  • Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
    18.01.2022, 08:38