Атың бар да, затың жоқ, құрылтай сенің не теңің?!.

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

07.12.2021, 09:06

1657

Жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Түркістанда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төртінші құрылтайы өтті. Отыз екі жылдан бері атын жамылып отырғанымен, тіл мәселесін шешуге зәредей ықпалы болмаған аталмыш қоғам кезекті құрылтайын араға он жыл салып өткізіп отыр. Ендеше қоғамға пайдасы жоқ «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайын қай бетімізбен өткізіп жатырмыз?

         Жасыратыны жоқ, тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асса да, ана  тіліміз азаттықты сезіне алмай отыр. Тіліміз төрге озған жоқ, мәртебесі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Әсіресе соңғы онжылдықта халықтың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы мен құштарлығы тым бәсеңдеп кетті. Өйткені қоғам қазақ тілінің қажеттілігін сезіне алмай отыр. Отыз жылдың ішінде қазақ тілінде бір ғана заң қабылдаппыз. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында айтылған талай ұсыныс құр сөз жүзінде қалуының арқасында әлі күнге мемлекеттік қызметкерлердің өзі мемлекеттік тілде сөйлей алмауы отыз жылдан бері жалғасып келеді. Әйтпесе Қазақстанда мемлекеттік қызметке орналасу үшін мемлекеттік тілді білу міндетті болатыны талай рет айтылған болатын.

         Жақында мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастама көтеріп, ұсыныс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасы нормативтік-құқықтық кеңесші құжатында көрініс тапқан болатын. Онда «мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту үшін біз мемлекеттік қызметке үміткерлерді мемлекеттік тілді білуге ​​міндеттеу қажет деп есептейміз», – делінген.Алайда тілдің құқығын қорғауға келгенде заң да әлсіздік танытып, пәрменін жоғалтатынын байқап отырмыз. Еліміздегі шенеуніктердің басым бөлігі биік мінберлерден орыс тілінде сайраудан тайсалмауда. Халыққа үлгі көрсетер шенеуніктердің өзі өзге тілде сайрап, мемлекеттік тілді білмей-ақ мансапқа қол жеткізуге болатынын көрсетіп тұрған соң, халық та қазір қазақ тіліне қырын қарай бастаған. Соның дәлелі – соңғы жылдары қазақ сыныбына баратын оқушылардың үлесі республика бойынша төмендеп кеткен. Мәселен, былтыр 3 миллионға жуық оқушының 66 пайызы қазақ сыныбында оқыса, биылғы оқу жылында республика бойынша бірінші сыныпқа барған 380 мың баланың тек 65 пайызы қазақша білім алуға ниет білдіргені байқалып отыр. Осы орайда, саясаттанушы Дос Көшім: «Қазақ мектебінде оқитын оқушылардың білім алу динамикасы соңғы жылда 25 пайызға түсіп кетті, сондықтан дәл қазір дабыл қағатын жағдайдамыз. Бұған мемлекеттік тілдің қоғамдағы қажеттілігінің төмен болғаны себеп», – дейді.

Атап өтер жайт, әлі күнге еліміздегі орыс сыныптары мен аралас мектептердің санын төмендете алмай отырып, қазақ тілінің болашағы туралы сөз қозғаудың өзі артық секілді. Білім министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада 7,5 мыңға жуық мектеп бар. Қазақтілді мектептер саны 1500-ден асса, 1300-дей орыс, 2400-ге жуық аралас білім беру мекемесі тіркелген. Сондай-ақ ағылшын, өзбек және ұйғыр тілдерінде де білім беретін мектептер бар. Бел­гілі ғалым Ме­кемтас Мыр­зах­метұлы­ның зерт­теуінше, 1937-38 жылдар­дың өзін­де елімізде 478 аралас мектеп болған екен. Ал бүгінде білім және ғы­лым ми­нистр­лігінің мәлі­метіне сәйкес, Қазақ­станда 2000-нан астам ара­лас мектеп тіркелген. Бір ақиқаты – аралас мектептегі балалардың тілі де орыс тілінде шығады. Демек, еліміздегі орыс мектептері мен араластілді мектептер санының қазақтілді мектептерді екі орап алатынын ескерсек, қоғамымыздың күн санап неге орыс тіліне бет бұрып бара жатқаны айтпаса да түсінікті секілді. Кейбір ұлт зия­лы­ларының пікірінше, ана тіліміздің тынысы ашылып, өрісінің ке­ңеюіне кедергі келтіріп тұрған бір тосқауыл – осы аралас мектеп­тер. Өйткені аралас мектептердегі тіл­дік ахуал осы сөзімізге дәлел бо­ла алады.

Жалпы, елімізде аралас мектептерді қазақыландырып, ал орыс мектептерінің санын азайту бағытындағы жұмыстар жоқтың қасы десек те болады. Әйтпесе, басқа – басқа, қазағы қалың Қызылорда облысына төрт орыстілді және 27 аралас мектептің қажеті қанша? Тіпті орысының өзі қазақша сайрайтын, қазағы орыс тілінде ойын толық жеткізе алмайтын Арал ауданында әлі күнге орыс мектебі не үшін керек?

Ал осының барлығына ықпал жасап, жергілікті халықпен жұмыс жасауға тиіс «Қазақ тілі» қоғамының атын құрылтай кезінде ғана естиміз. Бұл мәселе жөнінде ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «Бұл – биліктегі атқамінерлердің ба­тылсыздығы ғана. Әйтпесе тәуелсіз ел болғанымызға қанша уақыт өтті? Дәл қазір бұған қарсы келетін ешкім жоқ», – дейді. Жалпы, тіл саясатына назар аударсақ, арнасы әр жаққа тарап кеткен жүйесіз өзен секілді. Бірінде 2020 жылға дейін 95 пайыз қазақ тілін меңгертеміз десе, бірінде үш тілді қатар дамытып, «үштұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыруды мақсат етеді. Оның аясында 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқу бағдарламасына енгізсе, 95 пайыз мәселесінде атқарылып жатқан жұмыс жоқтың қасы. Нәтижесінде қазақ тілі жыл өткен сайын қоғамымыздан ысырылып бара жатқаны байқалады.

Ана тіліміздің биік мінберлер мен үлкен жиындарда есіктен сығалап, «өгей баланың» күйін кешіп жүргені аздай, көшелердегі мекемелердің маңдайшалары, көше атаулары мен жарнамаларда да ана тіліміздің «сақау тілге» айналып жүргені жасырын емес. Дәл жанында орыс тілінде қатесіз, анық, дәл аудармасымен берілген сөздің қазақ тіліне келгенде ақсап шыға келетіні түсініксіз. Отыз жыл өтсе де, кинотеатрларымыз әлі күнге кинолар мен мультфильмдердің басым бөлігін орыс тілінде көрсетіп, ал қазақ тіліндегі көрсетілімді халыққа ыңғайсыз уақытқа қойып, ана тіліміздің құқығын бұзып отырса да, еш шара қолданылмауда.

Тіпті соңғы кездері еліміздегі бүлдіршіндердің тілі орыс тілінде шығып жатқаны да үлкен қасірет болып отыр. Ғаламтордағы контенттің жаппай орыс тілінде болуы салдарынан жаппай орыстілді ұрпақ қалыптасып жатқанын айтып мамандар да дабыл қағып отыр. Ең болмаса уақыт сұранысына сай бейімделіп, балалардың тілін қазақ тілінде шығаруға «Қазақ тілі» қоғамының атсалыса алмауы тағы аңғарылады.

Күн өткен сайын қазақ тілінің мәселесі қордаланып барады. Ең аяғы қазақ тілін қорғаймын деп, ұлт араздығын қоздырушы атанып, сотталатын болғасын шетелге қашуға мәжбүр болған Қуат Ахметке ара түсе алмаған, «Қазақ тілі» ұйымының  осындайда қоғамда бар-жоғы да білінбейді. Тізе берсек, ана тіліміздің есесі кетіп жатқан кезі көп. Тәуелсіздігін бізбен қатар алған талай ел ұлттың тілін дамытуға барынша тырысуда. Ал біздің тіліміздің жағдайы жыл өткен сайын кері кетіп барады. Тіл жайының осындай екенін көріп отырып, бес жыл сайын құрылтай өткізу не сәніміз?!

Осы орайда айта кетер жайт, елбасы 2012 жылы халыққа арнаған жолдауында: «2020 жылға қарай мем­лекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға жетеді», – деп атап өткен болатын. Аты бар да, заты жоқ «Қазақ тілі» қоғамымен, пәрменсіз заңымызбен, ана тілін мойындамайтын шенеуніктерімізбен 95 пайыздық меженің ауылы алыс секілді.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
Билік түзелмей, ел түзелмейді
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:25
«Қара пимадан» «ақ макасиге» дейін
Сайт әкімшілігі 26.01.2022, 15:50
Күнде бір отбасыға үй әперейік!
Жарас ШӨКЕ 26.01.2022, 15:23
Қаңтар оқиғасын зерттейтін комиссия құрылды
Сайт әкімшілігі 26.01.2022, 00:00
Qantar 2022: Алматыдағы уақытша изолятордан 11 адам босап шықты
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.01.2022, 17:36
Сапарханның «отставкасын» қолдаған Сапарбаев өзіне келгенде неге үнсіз?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48