Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет

Бифат ЕЛТАЕВА

20.05.2022, 08:17

1729

Балаларды қолдау жылына орай мемлекет тарапынан болсын, жеке мүдделі тұлғалар тарапынан болсын қандай шаралар атқарылуы тиіс екендігі жөнінде әрі балаларды кітап оқуға қалай қызықтыру керек деген секілді сауалдар төңірегінде балалар ақыны, «Алтын сақа» балалар баспасының Бас редакторы Саят Қамшыгермен әңгімелескен едік.

— Саят аға, биыл балалар ақын-жазушыларына қандай қолдаулар болып жатыр? Мемлекеттің демеуімен кітаптарыңыз шықты ма?

— Биыл балалар жылында айтарлықтай қолдаулар болды деп айта алмаймын. Былтырғы жылы балаларға емес, жасөспірімдерге арналған өлеңдер жинағым Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тізіміне енді. Бірақ оның биыл не келесі жылы шығатынын нақты білмедім. Ал балаларға арналған «Кім болам?» атты жинақтарым өзім жұмыс жасайтын «Алтын сақа» балалар баспасынан шықты. Одан бөлек, ішінде өлеңдері мен боямақ жапсырмалары бар 4 кітапшам жарық көрді. Онда өлең шумақтары арқылы балалар жапсырмаларды жабыстырып, суретті бояйды, әрі өлеңдерді жаттап алады. Бұл «Алтын сақа» баспасының жеке қаржысымен шығарылды. Былтыр балаларға арналған үлкен бір байқау өткізілген болатын. Биыл да сондай байқаулар өткізілсе деп ойлаймын. Өйткені бізде әлі шықпаған жас таланттар өте көп. Сол үшін мектептерден бастап барлық жерде шықпаған талантты балалаларды шығаратын байқаулар болар деп күтемін. Сондай-ақ байқаудың жеңімпаздарын жинақтап, бір кітапқа шығарып, сол жинақты кітапханаларға, кітап дүкендеріне таратып, оқырманға тиімді бағада сатса деймін. Бұған тек Мәдениет және спорт министрлігі ғана емес, жергілікті әкімшіліктер мен мекемелер атсалысқаны жөн. Балаларды қолдау жылында әрбір мекеме қызметкерлерінің балаларына арнап, неге кітап шығарып бермеске? Мәселен, мықты, танымал ақын-жазушылармен немесе өздері ұнатқан авторларымен кеңесіп, жақсы кітап шығаруға болады. Тым болмағанда жақсы бір мекемелерде жұмыс жасайтын белсенді ата-аналар осындай дүниелерді жасап, балаларына сыйлық жасауға болады. Мәселен, былтыр біз ертегі жазатын авторларға байқау өткіздік. Байқаудың нәтижесінде мектептің оқушыларынан бастап студенттер, жазушыларға дейін қатыстырып, жеңген адамдарды жинаққа енгізіп, кітап дайындадық.  Соның өзі нақты бір қадам болды.

— Кейінгі кезде «кітап оқымайтын балалар көбейіп кетті» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ олай қол қусырып отырудың да қажеті жоқ шығар. Сол себепті, заманға сай балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?

— Керісінше, қазір кітап оқитын балалар көбейіп келеді. Мәселен, біздің «Алтын сақа» балалар баспасы былтыр ғана «Балалар әдебиетінің жылында» ашылды. Осы уақытқа дейін жүз жиырмаға жуық кітап шығардық. Оның ішінде — ертегілер, түрлі-түсті боямалар, фэнтези, ғибратты әңгімелер бар. Бұл кітаптардың барлығы арнайы экспорттарымыз арқылы «қандай кітапты шығаруға болады, болмайды» деген сауалдар арқылы сарапатамадан өткізілген. Әбден ақылдасып, мақұлдаудан өткеннен кейін ғана кітапты шығарамыз. Және ол кітаптардың барлығын қарамағында 4 баспасы бар KitapAl (кітап ал) дүкендер желісі арқылы сатылымға жібереміз. Мемлекеттік баспа болмағаннан кейін өз-өзімізді қаржыландырып, авторларды ренжітпей, қаламақысын, қаламақысы керек емес кітап аламын дегендерге кітаптарын тегін береміз. Кітап керек оқырмандарға айтарым, Кitap al дүкендер желісі Алматының 4 жерінде орналасқан. Яғни, Сейфуллин мен Мақатаевтың қиылысында, екіншісі, Балуан Шолақ спорт сарайында Абай мен Алтынсарин, Момышұлы мен Жұбанов көшелерінің қиылыстарында орналасқан. Ал өңірлерден Қызылорда, Шымкент, Астана қалаларында филиалдарымыз бар. Жылдың соңына дейін Қазақстанның өзге де аймақтарында дүкендеріміздің филиалдарын ашу жоспарда бар.

Ал қазіргі балалардың кітап оқуына келсек, қазіргі жасөспірімдердің кітап оқудағы талғамы өте жоғары. Шыны керек, бұрынғы 30-40 жыл бұрынғы жазушылардың балалық шағы туралы кітаптары қазіргі балаларды қызықтырмайды. Сол үшін заманның ағымымен, заманауи стильмен балаларды қызықтыратын, өздеріне түсінікті тілмен кітап жазуымыз керек. Тағы бір айтарым, соңғы жылдары «Тұлға бол» деген секілді кітап оқудан сайыстар көп өткізіліп жүр. Осындай сайыстар арқылы балалар кітап оқуға талпынып, сайысқа көптеп қатысатындығынан олардың кітап қана деген қызығушылықтарын байқауға болады. Балаларды кітап оқуға талпындыратын байқауларды тек мемлекет өткізу керек деп қарап отырмай, әрбір мектептер, мекемелер өткізсе дұрыс. Қиын емес. Өйткені қазір балаларға өлең, ертегі жазатын ақын-жазушылар өте көп. Кітапқа арналған әлеуметтік парақшалардан жаңадан шығып жатқан кітаптарды қарап, насихаттап, іс-шара, байқауларға сол кітаптарды пайдаланса, баланың да қызығушылығы оянады.

— Ал балаларға қазір қандай үйірмелер жеткіліксіз деп ойлайсыз? Осы жөнінде мәселе көтердіңіздер ме?

— Балаларға арнап үйірмелерді көптеп аша берсек, артық емес. Мысалы, біз «Кітап ал» дүкенінің ішінде шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Онда аптасына екі рет келсе, 10 мың, үш рет келсе 15 мың теңге болады. Онда мықты қазақ тренерлер балалармен жұмыс жасайды. Шахмат адамның интеллектісін дамытатын болғандықтан, кітап оқуға деген ынтасын да ашады. Одан бөлек, қатысамын деген оқушыларға арнайы үйірмелер көп.  Бірақ жақсы үйірмелер тек қалаларда ғана ашылып жатыр. Сол себепті, ауылды жерлерден де балаларға арналған, ынталандыратын заманауи жабдықталған көз тартар үйірмелер ашылса деген тілегім бар. Сонда баланың уақыттары босқа кетпес еді. Мәселен, Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент қалаларында балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған небір керемет үйірмелер, ҰБТ-ға, НИШ-қа дайындайтын орталықтар бар. Өкінішке қарай, аудан, ауылды жерлерде балаларға ондай мүмкіндіктер көп қарастырылмаған. Және ең мықты мамандарды да ауылдық жерлердегі үйірмелерге жіберген дұрыс. Өйткені ҰБТ-дан жақсы балл алып, НИШ-қа, өзге де мықты лицейлерде оқығысы келетін балалар ауылда да жетеді. Осыны Мемлекет қолға алса, жақсы болатын еді. Осындай жағдайлар жасалынса, балалардың ауданға сабылып, уақыттарын құртпауына септігі тиетіні сөзсіз.

— Байқасаңыз, қазір балаларға арналған тек суреттен құралған мәтіні аз кітаптар көбейіп кетті? Бұл баланы қаншалықты дамытады деп айта аласыз?

— Иә, ондай кітаптар қазір көбейіп жатыр. Біз де суретті кітаптарды шығаратындардың ішіндеміз. Бірақ шығарған кітаптарымыз +6, +8, +12  деп жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Мәселен, +6 жастағы балаларға арналған кітаптарда мәтіні аз, суреті көп болады. Ал +12,+16 жастағы балаларға кітап шығарудың жөні осы екен деп бос кітап емес, ішінде тәрбиелік мәнге толы, дамытушы, бойындағы танымдық қасиеттерді дамытатындай керекті ілім-ғылымдары бар қалың кітаптар шығарамыз. Бала кітаптан ғибрат алатындай болуы керек. Әрбір кітаптың өз айтары, жеткізетін құндылықтары болуы қажет. Әрі сол кітап арқылы бала ойын дамытып, қандай да мәселе болсын, шеше алатындай мәні болуы тиіс. Қазір «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жаза беретін кітаптардың дәурені өткен. Сол үшін кітаптың сыртқы мұқабасының безендірілуіне де, ішіндегі мән-мағынасына да қатты мән берілетін болды.  

Әр бала бір-біріне ұқсамайтын, әртүрлі болғандықтан, суретті кітаптарды ұнатпайтын балаларға үлкен балаларға арналған кітаптарды оқытуға болады. кейбір алты жастағы балалар ежектеп оқи алмай отырса, кейбір балалар 3-4 сыныптың оқи алмайтын кітаптарын оқуы мүмкін. Ал керісінше, 3-4 сыныптың оқушысы ежектеп оқи алмауы да кездеседі. Әр адамның даму интеллектісі әртүрлі болғандықтан, әртүрлі суретті, суретсіз кітаптарды шығаруға тырысамыз.

— Саят аға, сізді аудармашы ретінде де жақсы танимыз. Осы уақытқа дейін шетелдік ақын-жазушылардың қандай еңбектерін аудардыңыз?

— Башқұрт халқының жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы ана», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» атты кітаптарын қазақ тіліне аудардым. «Тастамашы ана» бес рет шықты. 2000 тираждан төрт рет, 3000 тиражбен бесінші рет шықты. Егер кітап оқылмаса, осыншама кітап қайта басылып шығарылар ма еді?! Демек, кітапқа деген сұраныс бар, оқылғаннан кейін қайта-қайта шығып жатыр. «Көше балалары» мен «Ертегісіз өткен балалық шақта» көп оқылады. Бұл кітаптар шын өмірде болған, Айгиз Баймұхаметовтің бала кезінде көрген қиындықтары жайында жазылған. Қазіргі жастар да мотивациялық кітаптарды жақсы оқиды. Үшеуі де мотивациялық шығармалардың қатарына жататын повестер. Оқырмандарымнан «кейіпкердің кейінгі өмірі не болды? Ата-анамызды енді ренжітпейтін болдық» деп оқырман балалардан хаттар жиі келеді. Ата-аналардан да «баламыз осы кітаптарды оқығаннан кейін жақсы жағына қарай өзгерді. Бізді сыйлап, айтқанымызды тыңдайтын болды» деген жылы лебізге толы хаттарын жіберіп жатады. «Тастамашы ана», «Көше балалары» қоғамға әсер еткен бестселлер кітаптарға айналды. Бұл кітаптар шыққаннан кейін Айгиз Баймұхаметов тәрбиеленген балалар үйі жабылып қалған. Балалар үйінің директоры жұмыстан шеттетілген. Ал бізде осы кітаптарды оқығаннан соң таныстарым балалар үйінен бала асырап алды. Бір сөзбен айтқанда, өз мақсатына жеткен кітап деп айта аламын. Ал былтыр «Кім болам?» деген кітапты шығардым. Онда 34 түрлі мамандық жазылған. Ол кітаптың ерекшелігі, QR код арқылы қараңғыда жатып, тыңдауға болады. «Кім болам?» кітабы арқылы бүлдіршіндер мамандықтармен кішкентай кезінен танысып, таңдау жасай алады. Тым құрығанда, қандай мамандықтың иесі екенін суретінен қарап, тақпағын жаттайды. Сөйте келе, мен IT маманы, дәрігер, суретші боламын деп алдына мақсат қояды. «Алтын сақа» баспасынан шыққан кітаптардың барлығы QR кодпен оқуға лайықталып шығарылып жатыр.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33