Ауыл мұғалімнің әмияны қашанға жұқарады?

Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ

02.02.2022, 12:20

3039

       Мектеп – жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін мекеме, басты міндеті  сабақ оқыту. Оны атқаратын мұғалім. «Баққа да бап керек» дейді қазақ. Материалдық-техникалық базасының ту-талақайы шыққан ауылдық мектепте бала оқытудың машақаты шаш етектен екені бесенеден белгілі. Ел тәуелсіздігіне отыз жыл толса да, түк өзгерген жоқ. Бұл күні жұмысына жараса жалақысы өсіп, ұрты майлана бастаған ауыл ұстазының уайымы әлі де болса аз емес. Мектеп жиһаздарын, оқу құралдарын, спорттық құрал жабдықтарын түгендеймін деп,  тыртыңдап, тырбаңдап  жүрген мұғалімнің  жүйкесі мен қоса әмияны да жұқарып барады.

    Қазір елімізде қала мектептері жан басына қатысты қаржыландыру қағидаты бойынша жұмыс жасап жатыр. Бұл жеке капитал тартуға, білім ошақтары арасындағы бәсекелестікті, бюджеттік шығыстардың тиімділігін, мектеп дербестігін арттыруға негізделген реформа. Ал «ауылдық жалпы білім беретін толық жинақталған мектептердің жан басына қаржыландыруға көшуі республикалық бюджеттен едәуір қаражат бөлуді талап етеді» деп бірнеше өңірде өткізілген пилоттық жобаны алға тартқан министрлік білім беру саласындағы құзыретті аудандық деңгейден облыстық деңгейге бергеннен кейін қаралатын болады», деп еді. Енді  2023 жылға қалдырылып отыр.

        Бірақ ауыл мектебі өзін-өзі қаржыландыру принципімен өмір сүруін жалғастырып келеді. Сапалы білім беру үшін жағдайлардың жасалуын қамтамасыз етіп, қаржы ресурсы болып отырған да ауыл мұғалімі. Ғимаратты күтіп ұстау, дезинфекциялау, көгалдандыру сияқты шаруаларды ұлы борышындай көреді. Қайтсін енді, мектеп нанын тауып отырған жері болған соң, оны жамап-жасқау әдетті ісіне айналған.

    Оқу жылы аяқталған соң мұғалім өзіне бекітілген оқу бөлмесін әктеп-сырлап, шіріген еденін жамап, содан соң еңбек демалысына кетеді. Ал мемлекеттен ағымдағы жөндеуге берілетін құрылыс бояулары кеш келеді. Тендерлер тартысының соңын күтіп отыратын болса, үнемділік пен қитұрқылықтың жілігін шағып, майын ішкен мердігер компанияның арзанқол, сапасыз бояуы күз түсе бір-ақ жетеді. «Сараңның етін сасыған соң, сары күшік жейдінің» кері әйтеуір.

    Оқу жылы басталғанда сынып бөлмесіне перде, гүл, антисептикалық және дезинфекциялық заттар, тіпті жарық беретін шам (лампочка) сатып алу да мұғалімнің мойнында. Мектепішілік сайыс, апталықтар үшін көрнекіліктер жасауға, байқаулардан озып шыққан білім алушыны ынталандыру мақсатында тағы да өз қалтасынан сыйлыққа қаржы жұмсайды. Дауыл тұрса да мұғалімге мұң. Қабырғасы қақырап, күрделі жөндеу сұранып тұрған  мектептің есік-терезесі сынып, шатыры қирайды. Оны бүтіндеп болғанда, маң-маң басып, «өрт сөндіру мекемесінен келдік», «СЭС тен келдік» деп, бір қомақты айыппұл салып кетеді. Уақтылы төлемесең, сотқа беріп, он есе өндіріп алады. Өз атына салынған айыппұлды төлеу үшін мектеп басшысының мұғалімнен басқа иек артатыны бар ма? «Көп түкірсе көл» деп, «бұдан да қиын күндерді өткергенбіз» деп өзін жұбатып жүргенде, қыс келіп, жылыту жүйесі істен шығады. Автономды жылыту жүйесін салуға сұраныс берілгенімен, тендерді жеңіп алған мердігер созбаққа салып жүріп алады. Ақыр соңында аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі мердігер компаниямен соттасып тынады да жылыту мәселесі жайына қалады. Байғұс мұғалім мұндайда кешігіп, жеткізбей беретін, қолы қалтырауық, жарымағыр билікке алаңдамай  әмиянына аянбай қол салу керек екенін тез ұға қояды.

  Ауладағы апатты жағдайда тұрған әжетхананы бұзып, асарлатып салу да биліктің қамқорынсыз жүзеге асады. Үкіметтің мектеп ғимаратының ішіне салып берген әжетханасын күтіп ұстауға қаржы керек, пайдалануға су тапшы.

   Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне бір, ата-анаға бір қол жаюдан шаршаған ауыл мұғалімдері мектекпті күтіп ұстау үшін қаржыландыруды, жалпы шаруашылық  ісі жағынан түйіткілді мәселелерді шешуді өздерінің  функционалдық міндетіне қосып алғалы қашан. Білім саласын дамытуға бағытталған бағдарламалар қабылданған сайын емексіп жүріп құр қалатын ауыл мұғалімдерінің көрген күні осы.

      Қысқасы, Мемлекет басшысының бастамасы Жаңа Қазақстанның болашағынан көп үміт күтеді. Ауыл мұғалімдерінің бар арманы көсегесі көгерген ауыл мектептерін көру.  

Тегтер: оқу білім мектеп директор

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01