Азаматтардың туған ауылдарына жасаған сыйы

12.11.2018, 18:39

36

Бесқарағай ауданындағы Бөденелі ауылы – Долон ауылдық округіне қарағанымен, 500-ден аса тұрғыны бар, үлкен елдімекен. Ауылдың тағы бір ерекшелігі аудан орталығы Борастан бастап, барлық ауылдар Ертіс өзенінің сол жағалауында жатыр да, тек Бөденелінің тұрғындары ғана қарашаңырақтан бөлек шыққан үй секілді бергі жағалауға орныққан. Дегенмен, өздерін бөлініп қалған ауыл санап, бөлектеніп жүрген ешкім жоқ. Жолы түскен жан бірден байқайтын ерекшелік сол: ауылдың ынтымағы жақсы, адамдары ақжарқын көрінеді. Аудан бойынша 45 шаруа қожалығы бар үлкен ауыл да осы – Бөденелі. Оның үстіне тағы бір тамсана айтары тіршілік ыңайымен осы ауылдан Семейге, Өскеменге тағы да басқа қалаларға көшіп кеткеніне 10-20 жыл, тіпті, жарты ғасыр  өтсе де әр буын түлектері  жыл сайын алып ұшып келіп тұрады. Бәлкім, бөденеліліктердің ешкімді бөтенсімейтін себебі осында болса керек.Сол Бөденеліде жақында аға буын өкілдері кейінгі толқын үшін үлгі боларлық бір ісінің тұсауын кесті. Яғни, ауылдың кіреберісіне «БӨДЕНЕЛІ» деп өрнекті жазумен таңбаланған арка орнатылды. Кіндік кескен туған жеріне деген сүйіспеншілігін жеткізген ел ағасы жасындағы санаулы ғана ардагердің өзара  бірлесуінің нәтижесі бұл. Семейдегі «ТВК-6» телекопаниясының басшысы, ШҚО құрметті азаматы Омарбек БАЙУАҚОВ, белгілі ғалым абайтанушы, техника және философия ғылымдарының кандидаты Асан ОМАРОВТЫҢ ұйытқы болуымен жүзеге асқан шаруа атап айтуға тұрарлық. Өйткені, аудандағы 33 ауылдың үшеуінде ғана осындай қақпа жазуы қойылыпты. Бесқарағайдан, Жетіжар ауылынан менмұндалайтын атаулардан кейін көзге түсері осы – «Бөденелі» болып шыға келді.-Құс екеш құс та үш мың шақырымға дейін ұшып, өзінің ұясын тауып келеді. Біз, міне, жасымыз жетпіске жақындап қалса да осы Бөденелімізге асығып тұрамыз. Қаланың қарбаласында жүрсек те елеңдеп, ауылға ескерткіш болар не тындырсақ? деген ой мазалап жүреді. Ауыл аты бұған дейін Бөдене болып келді. Мен өлке тарихын, туған жер атауларын талай жылдан зерттеп жүрмін. Жыланды, Қоянды, Маралды ауылдары бар. Демек, біздің ауыл аты Бөдене емес, Бөденелі болуға тиіс деген ұйғарымға келдік. Алдағы уақытта ресми тіркелуі заңға сәйкес жөнге келетін болады. «Бөдене» сөзін көк түспен, «Лі» деген жалғаулықты жасыл түспен айшықтағанымыз да сондықтан. Тағы бір айта кетерлігі, осы төңіректе «Жеті  оба» деген төбелер шоғыры бар. Бұл ертеректе патшалықтың болғанын білдіреді. Обалардың орналасуына өз пайымдауыммен екшеп шықтым. Дегенмен, бұған кешенді түрде арнайы ғылыми-зерттеу жүргізілуі қажет. Бөденелінің тағы бір ғажабы осы болғалы тұр. Бұған баса мән берілсе, туризмнің де туы желбірейтініне шүбә жоқ ,-дейді осы ауылдың әр  кезеңін бала кезінен жақсы білетін Асан Қайырбекұлы. «Жас алаш» газетінде тұрақты мақаласы жарық көріп жүрген ғалымның өз ауылына құрметі көңіл қуантады, әрине.-Осыдан бірер жыл бұрын ауылымыздың қазыналы қариясы болған Төлеген ТҰРСЫНХАНҰЛЫ өзінің зейнетақысынан әдейілеп қаражатынан жинап, мектеп алдына арнайы тарихи мемориал орнатып кетіп еді. Онда ауылдан майданға аттанғандар, тылда еңбек еткендер, ауыл үшін терін төккендердің есімі жазылып, бүгінгі жас балалар үшін тағылым боларлық бір жұмысты көрген едік. Сол кезде Төлеген ақсақал ауылға керекті істерді жалғастыра беруін бізге аманаттаған болатын. Өкінішке қарай қазір ортамызда жоқ. Бірақ, біз сол аманатты жалғастырып жатырмыз,-дейді игілікті іске ат салысқан жандардың бірі Қалиас ЖҰМАБАЙ. Береке-бірлігін, рухы биік тірлігін осылай танытқан бөденелілік аға буынға ауыл жастары ән сыйлап, көңілді концерт ұйымдастырғанына да куә болдық. Азиза Молдабаева, Ербол Мұхтарбеков, Жадыра Елубекқызы, Нұрасыл Қаптаев сияқты бірінен бірі өтетін жас таланттардың ән мен биге құштарлығына қарап, ауылдың әлі де талай дарындыны түлетуге даяр екені аңғарылып тұрды.  
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр
Қарлығаш Зарыққанқызы 11:20
«Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
Сайт әкімшілігі 09:56
Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
Сайт әкімшілігі 09:40
Дәмханадағы жарылыс: кінәлі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Сайт әкімшілігі 09:18
Бір тәулікте 716 адам коронавирус жұқтырды

Аңдатпа


  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    09:56
  • "Көлігім жоқ болса да қарыз төледім" - салық органдарына шағымданатындар көп
    21.11.2020, 11:05
  • Билбордтардан не пайда, жемқорлар саны азаймаса?
    21.11.2020, 10:52