Азаматтық неке ашыналық па?

Дана Жарылқасынқызы

11.12.2020, 09:26

3590

Соңғы уақытта ел ішінде  қызу талқыға түскен «азаматтық некені» бірі қолдаса, енді бірі бұған түбегейлі қарсы. Менталитетімізге сай келмейтін батыстан келген ағымға бүгінде таңғалмайтын болдық. «Неке» деген түсінікке жеңіл қарап, өздерінше «азаматтық некені» қандарына сіңдіріп бара жатқандай.  Жігіт пен қыз бастапқыда бірге тұрып, өзара келісім орнатып, бір-бірінің мінезін танып-білгілері келеді. Бұдан басталған қарым-қатынастың соңында жазығы жоқ балапандар әкесіз не шешесіз өседі. Бүгінде жауапсыз некенің зардабын шегіп, сан соғып қалғандар жеткілікті. Өзінің не істеп, не қойғанын білмейтін  жастарымыздың ең үлкен түйінді мәселесі де осы. Бұндай некенің құрбаны болған бір емес, бірнеше адаммен тілдескен болатынбыз. Солардың бірі – Әсел есімді кейіпкеріміз.

— Мен жолдасыммен тек он күндей сөйлесіп, үш рет кездестім. Ол маған қатты ұнады. Оңтүстік өңірдің тумасы. Біз өзара келісіп, бес жылдай бірге тұрып көруді құп көрдік. Бұл менің емес, күйеуімнің ұсынысы еді. «Егер бес жыл уақыт ішінде менің мінезіме шыдасаң біз үйленеміз, шыдамасаң әркім өз жолын табады», – деп шарт қойды. Мен келістім. Себебі оны жақсы көрдім. Сөздеріне сендім. Төрт жылға жуық уақыт бірге тұрдық. Қазір екі қызымыз бар. Бастапқыда  бәрі керемет болды. Бір-бірімізді қатты жақсы көретінбіз. Балаларды да жақсы көретін. Дүкенге барып, қыздарының қалағанын алып беретін. Жолдасым соңғы кездері  ішімдікке салынып, үйдегі берекені қашыра бастады. Ол ішіп келген күні көршіміздің үйіне тығылуды шығардық. Себебі қит етсе болды – маған жұдырық ала жүгіретін. Қолына не түссе, соны лақтырып жіберетін. Бір күні үйден қашып бара жатқанда кіші қызым үйде қалып қойды. Ебін тауып ол қызымды да алып қаштым. Кейін ол адамнан бөлек кеттім. Ішіп келген кезде өзін билей алмай қалатын. Материалдық жағдайымыз керемет болмаса да, жанұяда шаттық болатын. Бәлкім, ол отбасылық өмірге, бұл некеге жеңіл қараған болар.  Балаларын жақсы көретін. Қыздарым оны «әке» деп атамайды. Тек атын атап қана шақырады. Қазірдің өзінде хабарласып, менің намысыма тиетін сөздер айтады. Жеке басымды қорлап, теңемейтін адамы қалмайды. Қыздарына көмек ретінде азын-аулақ ақша сұраған едім, бірден ашуланып шыға келді. Қыздарымның әкесіз өскенін қаламаймын, бірақ ол адамның өзгергенін қалаймын. Қанша жерден тырыссам да, онымен бірге бола алмадым. Қыздарыма тегін берді. Өзбекстаннан көшіп келгенмін. Енді азаматтығымды алып, қыздарымды өзім асырағым келеді. Ұлтым – қазақ. Құжат жағын реттестірсем, өз күнімді өзім көрермін, – дейді Әсел.

Аңғалдығы ма, әлде өздеріне деген сенімсіздігі ме, ері тастап кеткен соң, үнсіз ғана балаларын құшақтап, бар қиындықпен өздері күресіп, ешқандай өкілетті органдардың есігін де ашпайды. Мақсаты – тыныш өмір. Балаларға бұрынғы жолдасының тегі берілмеген соң, заң алдында біздің де қауқарымыз төмен деп ойлайды. Олардың құқықтарын қорғау үшін заң шеңберінде балаға өзінің емес, жолдасының тегі немесе «ұлы» деген анықтама керек деген оймен шарасыз қалады. Негізі, олай емес.  Конституция мен Азаматтық кодексте барлық адамның құқығы тең қорғалатыны жайлы көрсетілген. Ал мұндай отбасыда дүниеге келген балалар мен шарасыз  қалған аналардың құқығы жайлы заңгер Нұрбол Батырбай былай дейді:

— Азаматтық неке мен заңды некеде тұрғандарға заң ортақ. Ерекшелігі – азаматтық некеде тұрғандар әке ретінде баланың құжатында көрсетілмеуі мүмкін. Ер адамның аты-жөнін, ол жайлы жеке ақпараттарды білмейтін жағдайлар кездесіп жатады. Сосын бала туған соң ол адам кетіп қалып, баланың кімнен екенін білмей қалатын да кем-кетік тұстары бар. Конституцияға сәйкес, барлық адамның құқықтары заң алдында тең. Ата заңның 27-бабында «Неке мен отбасы», «Ана мен әке, бала» мемлекеттің қорғауында болады деп жазылған. Некенің қай түрі болсын, тіпті бала некесіз туса да, оның құқығы қорғалады. Екеуі ажырасқан жағдайда жұбайы серіктесінен алимент талап ете алады. Егер әкелікті тану баланың туу туралы куәлігінде жазылған болса, онда іс оңай. Ал жағдай керісінше болса, әйел кісі бірінші жағдайда әкелікті тану туралы сотқа талап-тілек түсіріп шағымдана алады. Сот шешімі бойынша «әке» ретінде танылғаннан кейін заңды некеде туған балалар секілді олардың да құқықтары қорғалады. Себебі Конституцияның 27-бабының 2-бөлігінде «Балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың құқығы әрі міндеті» деп көрсетілген. Олар қандай некеде болса да, ажырасса да, балалар 18 жасқа толғанша қамқорлық танытып, тәрбиелеу – олардың ортақ міндеті. Ол парыз ажырасқанмен, мойындарынан алынбайды. Ал ері әйелін тастап кетсе, заң аясында абсолютті жағдайда көмек көрсетіледі деп айта алмаймыз. Кейбір жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, сотқа арызданғанда мемлекеттік баж салығын аз пайызбен немесе мүлдем төлемеуге де болады. Алимент өндіруге бүкіл заң нормалары және заңды жүзеге асыратын құқық қорғау субъектілері әйел адамның құқықтарын қорғауға жұмыс істейді. Жалғызбасты ана ретінде әлеуметтік көмек алады.

       Жоғарыда атап өткендей, осы елдің азаматшасы ретінде толығымен құқықтары қорғалғанмен, құзыретті органдардың есігін қағуға батылдары жетпейді. Құшақ жаяр кім бар екен деп, опық жегендердің бірі туғандарының үйін, енді бірі ата-анасының, бірі «Аналар үйін» мекендейді.

Осыдан бір жыл бұрын өгей әкесінің қолынан мерт болған екі жастағы нәресте естеріңізде болар. Анасы көлік жуатын жерде жұмыс істеп, нәпақа табатын. Күнделікті тіршілігінің ізімен көңілінде күмән жоқ анасы күйеуінің өтінішімен оның орнына жұмысқа кетіп, балаларын азаматтық некедегі жолдасымен қалдырады. Шаршаңқы көңіл күйде болған жұбайы (экс) балалардың еркелігі мен таласына шыдамай, кішкентай нәрестені ұрып, сыртқа алып шыққан. Үйде қалған өзінен біршама жас үлкен ағасын сырттан жауып кеткен. Анасы жұмыстан келгенше, баласы таяқ жеп ауруханаға түскен. Қолы қанға боялған күйеуін көріп, баласын сұрайды. Жұбайы сонда: «Уайымдама, бәрі жақсы болады. Көшеде біреулермен төбелесіп жатып, аяғыма бала жармаса берген соң итеріп жібердім. Сонда басын жарақаттап, ауруханаға түсті», – деп ақталған-ды. Шын мәнінде жағдай басқаша өрбіген болатын. Сол жерде сәбидің жаны үзілген еді.

Өткен іске салауат. Дұрыс танып білмеген адамға өзін бағыштап, отбасын арнау деген өрескел қателік деп айтуға оңай болғанмен, ол кісінің жағдайын өзінен артық ешкім түсінбейді. Дегенмен батыстың дәл осындай қажетсіз өмір сүру үрдісі біздің қоғамға қажет емес. Оның зияны болмаса, пайдасын көріп жатқан ешкім жоқ. Жеңіл некенің соңы немен бітіп жатқаны да белгілі. Жауапсыз сезімнің жетегіне еріп, соңы бақытсыздықпен аяқталса, оның зардабын шегетін – әйел. Арада сәби болса, өздеріңіздің ғана емес, бейкүнә баланың болашағына да көлеңке түсіресіздер. Періштелерді әке мен ана махаббатынан құр қалдырмаңыздар. Оның балалық шағын ұрламаңыз. Себебі сіз ол махаббатты сезініп өстіңіз.  Өзіміздің дәстүрмен отау құрып, ұрпақ жалғап келе жатқан бақытсыз адамды көрмедік. Үлкеннің алғысы мен ата-ананың батасымен басталған неке – ең қайырлысы.

Тегтер: неке азаматтық неке қоғам пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан Арын 14:30
Ұлттық құқықты дамытатын кезең келді
Сайт әкімшілігі 11:45
Алматы әкімдігі ұлттық құндылығымызды неге қорлап отыр?! (видео)
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 11:01
Ұялы телефонға тәуелді ұрпақ
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09:06
Алты ай іздеуде болған әйелдің денесі табылды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.04.2021, 16:45
Ашаршылық кезінде ашылған балалар үйі неге жермен-жексен?
Еркежан АРЫН 22.04.2021, 15:50
COVID-19: емдеуде халықаралық тәжірибе алмасу – маңызды қағида

Аңдатпа


  • Жасымнан жол сілтеген шамшырағым
    09:03
  • Қонаевтың іс-әрекеттерін қалай бағалауымыз керек?
    21.04.2021, 09:13
  • Бердіқұлов тағылымы
    21.04.2021, 09:03
  • Жыры бітпеген электронды жүйе
    20.04.2021, 10:10
  • Артық мұнай қоры бітуге жақын - БАҚ
    19.04.2021, 10:25