Ажырасу абырой емес

Бифат ЕЛТАЕВА

15.10.2020, 10:53

1562

Елімізде ажырасу саны жылдан жылға артып барады. Ажырасу көрсеткіші бойынша 2019 жылы Қазақстан 10-орында болса, биыл 9-орынға жылжыған. Яғни, соңғы деректерге сәйкес, 2020 жылдың жартыжылдығында 12 мыңнан астам жұп ажырасты деп тіркелген. Көбінесе, бұл жағдай Шығыс және Солтүстік Қазақстанда, Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркелген. Әсіресе, ең көбі Алматыда – 1655, Алматы облысында – 1507, Қарағанды облысында – 1507, Нұрсұлтанда – 1025, Шығыс Қазақстан облысында – 1003 жұп тіркеліп, алдыңғы бестікте тұр. Бұл жағдай бұрын ұлтымыз үшін нағыз масқара болса, қазір үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Ата-бабамыз әуелден «үйлену – оңай, үй болу – қиын», демеп пе еді. Бірақ бұған көп жастар пысқырып, қарамайтын секілді. Ойланбастан, үйлене салады, мінезі жараспаса, ажыраса салады. Сонда отбасы құндылығы жоғалып бара жатыр ма, деген ойға қаламыз.

Бір жағынан, жастарға басу айтып, жөнге салар үлкендердің де азайғаны ма? Ертеректе ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжің жағдайды үлкендер жағы шиеленіспей жатып, тігісін жазып жіберетін еді. Қазір жастарға «әй, қой», деп ақыл айтудың орнына, қыз жақ «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» десе, ұл жақ «ұлыма бір шөпжелке табылар» деп, жағдайды одан сайын ушықтырып жіберетіні де бар. Бұдан кейін, ерлі-зайыптылардың арасында сыйластық қалсын ба, суыған көңілдің қайта жалындамасы анық.

Көбіне, ажырасу мәселесі әйелдердің жүктілік кезінде орын алады екен. Яғни, әйел адам құрсағына бала біткен соң, гормондық өзгеріске ұшырау салдарынан, мінез-құлқы өзгеріп, ашушаңдыққа бейім болады. Сол уақытта жолдасы қолдау білдірудің орнына, көп ренжітіп, одан қалса, көзіне шөп салып, ақыр соңында шыдамай, ажырасып тынады екен. Бала үшін сабыр сақтап, шыдап жүргендердің өзі көп ұзамай, ажырасатындары да анық.

Бұл жөнінде психолог-сексолог маман Салтанат Серікқызы былай дейді:

– Ащы да болса шындық, қазіргі отбасын құрғандар ажырасуға дайын тұрады. Ажырасса, барлық мәселелер шешіле қалатындай ойда болады… Жалпы, сонғы кездері осы ажырасу дегеніміздің өзі қазақ қоғамында қалыпты жағдайға айналып бара жатқан секілді. Елімізде шаңырағы шайқалып, ойраны шыққан отбасылардың саны жылдан-жылға артуда. Күніне қабылдауға алдыма келетін адамдардың басты мәселесі де осы – ажырасу.

Қарап отырсам, қазіргі жастар өмірге оңай, сенімділікпен қарайды. Яғни, үйлене салу оңай, деп ойлайды. Еліміз бойынша әрбір үшінші отбасы ажырасып жатады. Оның басты себептері:

– Мынау менің отбасым-ау деген жауапкершіліктің болмауы, сабырсыздық, шыдамсыздық, басынан сөз асырмау, кішіпейілділік танытпау,

Бедеулік, бір перзенттің болмауы, тұрмыстық зомбылық. Әйелді ұрып соғу, мінездің келіспеушілігі, отбасы мүшелерінің бірінің ішімдікке немесе нашақорлыққа салынуы, құмар ойын ойнау.

Күйеуі немесе әйелінің жұмыссыз болуы, нақтырақ, қаржының тапшылығы, жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі;

Күйеуі не әйелі некеге дейін бірін-бірі ұнатпаған, некеден кейін де ұната алмаған, көзге шөп салу, қызғаншақтық т.т.

Ешкімге ақыл айтпаймын, тек қана көтерілген шаңырақтар шайқалса да, бағаны құламаса, туырлығы желге ұшпаса деймін. Көпке ой салса деген ниетпен осынау қателіктің орнын толтыруға арналған азды-көпті кеңесімді беріп келемін, – дейді.

Тағы бір тың дерекке келетін болсақ, елімізде ажырасуға көбінесе әйел адамдар арыз береді екен. Нақты айтсақ, олардың үлесі – 80 пайызды құрайды. Мұның себебі, күйеуінің табысына қанағаттанбай, нарық қыспағынан шаршауынан, отбасылық ұрыс-керістен, күйеуінің көп көңіл бөлмеуінен туындайды екен. Бұл дегеніңіз, отбасын сақтап қалудағы жауапкершіліктің, бала алдындағы ата-аналық парыздың жоқтығы емес пе?!

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейбір отбасылар ортақ баланың болуына қарамай, ажырасса, кейбір отбасылар ортада бала болмауынан да ажырасып жатады екен. Сонымен қатар елімізде кейінгі кездері, жаңадан отау құрғандардың 15 пайызы бедеулікке ұшыраған. Жалпы айтқанда, Қазақстанда бедеу әйелдермен қатар белсіз еркектердің саны күрт артқан.

– Ер адамдардың дәрігерге аса бара бермейтіні бесенеден белгілі. Соның ішінде, кейбір себептерді көпшілігінің өз қолымен жасап алатыны өкінішті. Оның бәрі білместіктен туындайды. Бірнеше себептерін айта кетейін:

1. Электроника. Қазір бәрінде дамыған заманда телефон, гаджет, ноутбук, компьютермен жұмыс жасау көбейіп кетті. Ер адамдарға электронды заттарды ешқашан тізеге қойып, отырып жұмыс істеуге болмайды. Олар әдетте, ер адамның ең төменгі температураны ұстап тұратын дене мүшесін қыздырады. Осыдан келіп, олардың бір ай бойы бала жасау қабілеті нашарлайды. Сондықтан белсіздік болу қаупі жоғарылайды.

2. Порно фильмдерге әуестік. Айтуға ұят емес, ер азаматтар, мұндай «ұятсыз фильм» көруден қашыңыздар. Себебі, ол сіздің жыныстық қалауыңызда уақытша «қанағаттандырғанымен», денсаулығыңызға үлкен қауіп төндіретінін ойлаңыз. Әрине, ерлі-зайыптының арасындағы қарым-қатынас бұзылған соң, отбасындағы кикілжіңдердің күрмеуі артып, түсініспеушілік туындайды.

3. Алкоголь.  Әсіресе, ерлер жағының «сүйікті» сусынға айналған ішімдік ішу қантамырларының өткізгіштік қасиетін жоғарылатып, жұмыртқа жасушаларының қорғаныс кабілетін бұзады да, бауырдан бөлінетін улы заттардың мөлшерін арттырады. Сөйтіп, ол бауырдың қызметін бұзып кана қоймай, ер адамдардың әлеуетін төмендетуге себеп   болады.   Бұрынғы ата- бабаларымыз қандай мықты еді, жегендері ет пен қазы, жал-жая, ішкендері қымыз бен шұбат, бұрын мұндай аурулар түрі болмаған еді. Бірақ заманына қарай адамы, қазір бәрі жұмыста отырады. Көп қимылдамайды, жейтіндері калориялы тағам, соған байланысты ер адамның қантамырлары да тозады да, ертерек белсіздік пайда болады, – дейді Салтанат Серікқызы.

Қорытындылай келе, жаһандық сипат алған бұл мәселенің себебі мен салдары көп екенін аңғарамыз. Үйлену – сүннет, үй болу – міндет екенін білсек, өмірде ең әуелі жар таңдауда, одан кейін мерейлі отбасын қалыптастыруда асқан жауапкершілікті әрқайсымыз сезінсек, мерейлі отбасының артуына себеп болар едік.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:19
Коронавирус жұқтырғандар күрт көбейді
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 11:03
Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
Мариям МАҚСАТ 29.10.2020, 10:59
Ауылдықтар ауызсуға жарымай отыр
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 29.10.2020, 10:39
Жолдың жыры келер жылы тамам болмақ
Бифат ЕЛТАЕВА 29.10.2020, 09:44
«Жасанды жолмен туған бала табиғи жолмен ұрпақ жалғастыра алмайды деген бос сөз»
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:39
Көлеңкеде қалған ауыл жастары

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04