Ажырасу неге көп?

Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ

17.08.2021, 09:41

1475

Статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылдың бірінші тоқсанында елімізде 32,3 мың неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артық. Ал ажырасу саны бір жылда 2,2 есе немесе 4,6 мыңға дейін азайған.

Ең көп неке Алматыда тіркелген: еліміздегі некенің 12,4 пайызы немесе 4000. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға артық. Үздік үштікке Түркістан (3,7 мың неке) және Алматы (3,5 мың неке) облыстары енді. Ең азы Солтүстік Қазақстан облысында – 700 неке, жылдық өсім – 3,6 пайыз.

Алматы қаласы ажырасқандар саны бойынша да көш басында: 669 ажырасу, өткен жылмен салыстырғанда 52,4 пайызға аз. Кейін тізімде Алматы (478 ажырасу) және Қарағанды (446 ажырасу) облыстары тұр. Ең аз ажырасу Қызылорда облысында – 97. Бір қуантарлығы, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірінде ажырасу санының жылдық қысқаруы тіркелген.

Ажырасуға арыз беретіндердің көбі әйелдер. Неге? Өйткені, психологтардың пікірінше, олар ақылмен емес, эмоциямен әрекет етеді екен. Қазіргі заманда әйел құқығы мен бостандығы әлдеқайда нығайған. Әйел адамның білім алуына, мансап жасауына толық мүмкіндік бар.  Бұрын отбасы, бала-шағасы үшін шыдап, жарынан айырылмайтын әйел бүгінде өзі үшін өмір сүргісі келеді.

— Көбінесе ажырасуға бастама көтеретін әйелдер, өйткені олар ерлердің дәстүрлі патриархалдық көзқарасына, сонымен қатар экономикалық тәуелсіздікке көнуге келіспейді. Үшінші мәселе – неке жасының күрт өзгеруі. Қазіргі таңда еркектер үшін некеге тұрудың орташа жасы – 27, ал әйелдер үшін 24 жас болып отыр. Бес жыл бұрын қыздар негізінен 21 жаста тұрмысқа шықса, ал жігіттер 24 жасында отбасын құратын. Отбасын кеш құру ажырасу санының артуына ықпал етіп отыр.Тағы бір ерекше аспект бар. Қазақ отбасыларында әлі де жас отбасын құру процесіне туыстарының, әсіресе енесінің ықпалы зор. «Ажырасуымызға туыстары себеп болды» дегенді жиі естіп жатамыз, – дейді әлеуметтанушы Махаббат Ниязбекова.

      Алматылық келіншек Роза Думанова ата-енесінің қазымырлығынан, екі ортаға от тастайтын ағайын-туыстың кесірінен ажырасқанын айтып налиды.

— Екі жыл бұрын шаңырақ көтердік, тойымыз өтті. Алғашқыда тату-тәтті өмір сүрдік. Дүниеге сәби келді. Басында пәтер жалдап тұратынбыз, кейін мемлекеттік бағдарламамен баспана алдық. Алайда арамыз бірте-бірте салқын тарта бастады. Үйде ұрыс-керіс жиілеп кетті, жанжалға себеп отбасылық мәселелерімізге туған-туыстың араласуы болды. Ақыры ажырасып тындық. Қазір қызым екеуміз ата-анамның үйіндеміз. Әкесі қызын көруге келіп, көмектесіп тұрады. Жалпы, екі жастың мәселесіне туысқандары араласпаса екен деймін, – дейді Роза.

      Әлеуметтанушы Махаббат Санжарқызы қазіргі кездегі қыздардың өзіне, отбасына және қоршаған ортаға қатысты тәртібі мен стандарттары өзгергенін айтады.«Келін мәртебесі – қыз жаңа отбасына келгенде ол жаңа ережелерге, талаптарға бағынуды үйренуі керек дегенді білдіреді, бірақ қазіргі заманғы қыздар бұған келісе бермейді. Көбінесе бұл жоғары білімі бар, қалада өмір сүргісі келетін, өз кәсібін ашып, мансап құрғысы келетін қыздар. Сол себепті болар, көбінесе ажырасуға әйелдер бастамашы болады», – дейді маман.

Солай екен деп, ерлердің кінәсін де жоққа шығара алмаймыз. Амал нешік, жары мен бала-шағасын жәбірлеп, қорғаудың орнына қорлайтын азаматтар көп. Ең өкініштісі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Статистикаға сүйенер болсақ, елімізде жылына 400 ерлі-зайыптының бірін-бірі өлтіру оқиғалары тіркеледі екен. Әйел отбасында үнемі қорлық көрсе, онда мұның соңы ажырасуға әкеп соғары анық.

— Маған 10-15 жыл бойы күйеуінен қорлық көргендер келеді. «Осы уақытқа дейін не үшін шыдап келдіңіз?» деп сұраймын. Көбісі баланы ойлаған. Алайда анасының таяқ жеп, үндемей шыдағанын көріп өскен бала ертең өз әйелін ұруды қалыпты жағдай санайды. Бұл дұрыс емес. Отбасында 1, 3, 5, 12, 20 жылдық дағдарыстар болады. Мысалы, бірінші жылы жұптар бір-бірінің мінез-құлқына, әдетіне, тіпті бір-бірінің туыстарына үйреніседі. Кейбір ерлі-зайыптылар осындай кезеңдерден өте алмайды, – дейді психолог Айназ Шайхисламова.

      Ал еліміздегі отбасындағы жарасымды қалыпқа келтіру үшін жасалатын шаралардың оң нәтижесі бар ма? Ажырасу жаппай белең ала бастағанын байқаған сәтте Қазақстанның жоғарғы соты «Отбасылық сот» атты жобаны қолға алды. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бастаманың мақсаты – күйзеліске түсіп, тығырыққа тірелген жұптың жақсылап ойланып, отбасын ойрандамауына ықпал ету. Осы орайда, ажырасуға арыз бергендерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде отбасы сақталып қалады немесе ажырасқан соң, жақсы қарым-қатынаста қалуына көмектеседі. Отбасылық өмірдің негіздерін үйретумен қатар, отбасылық психологтарға ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптыларды жіберу артық болмайтын сияқты. Бірақ бұл отбасыларға тегін көмек беретін тұтас институт болуы керек.

«Үйлену – оңай, үй болу – қиын». Ажырасамын деген адамға түймедейді түйедей қылатын сылтау да, себеп те жетерлік. Жастар мұндай әрекетке бармас бұрын, жауапкершілікті терең сезініп, баланың жағдайын, оның тірі жетім қалып, жәутеңдеп өспеуін ойласа екен дейміз.

Тегтер: ажырасу неке және отбасы қоғам ана бала ата-ана

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39