"Байдың малын байғұс қызғана ма?"

Әділ КЕМЕҢГЕР

27.10.2020, 03:38

4473

Қазақстанның Ресеймен мұндай достығы құрсын. Одақтасымыздың рубліне байланған теңгеміздің рубльмен бірге күн сайын құлдырап жатқаны аздай, Ресей енді Қазақстанның көмірін Украинаға сатқызбай, біздің кәсіпорындар мен ондағы қарапайым жұмысшыларды табысынан айырып отыр, көпе-көрінеу. Мұндай шектеу енгізетін Ресейді қалайша дос демекпіз?

Өткен жылдан бері қазақстандық көмірдің Украинаға экспорты 3,5 есеге төмендеді. Бұған дейін Кремльге Мамин жалынған соң, Ресейдің «жарайды» деп, жаны ашыған сыңайға әрең көнгендей Украинаға айына 140 мың тоннадан аспайтын көлемде ғана көмір сатуға рұқсатын бергені белгілі. Бұл қай басынғаны?!

«Жарайды» деп алып, сосын сол келісімнің өзін орындамайтыны қалай?  Қазір қазақстандық кәсіпорындар табысынан қағылып, жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр.

2019 жылдың шілдесінен бері қазақстандық компаниялардың Ресей Федерациясы арқылы транзитпен Украинаға көмір жеткізуге берген өтініштерінің 52 пайызын Ресей тарапы қабыл алмай, «жоқ» деген жауаппен кері қайтара салған.

Бұлмәселе былтыр туындап, әлі шешілмей келеді. Қазақстандық көмір өндіретін компаниялар өз өнімін Ресей арқылы Украинаға жеткізе алмай, қиындық көруде. Былтыр осы мәселемен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚП Премьер-министрі Асқар Маминге шағымданған. Мәселе көп ұзамай, 2019 жылдың күзінде Қазақстан мен Ресейдің екіжақты форматтағы кездесуінде қаралып, соның нәтижесінде Ресей Федерациясы айына 140 тонна көлеміндегі қазақстандық көмірді Украинаға жеткізуге рұқсат береміз деген міндеттеме алған сықылды еді.

Бірақ сол келісімге қарамастан, Ресейдің мемлекеттік органдары көмірдің бір бөлігін кіргізбей келеді. Мәселен, 2019 жылдың шілдесінде қазақстандық компаниялардың жеткізе қояйын деген Украина тарапына қажетті 377 тоннасының 8 пайызына ғана Ресей рұқсат берді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары  Евгений Больгерт дегеннің сөзінше, биыл көмір экспорты көлемінің күрт қысқаруы қыркүйек айында байқалды. Небары 107 мың тоннаға өтініш берілген. Қалыптасқан жайсыз ахуалға байланысты контрагенттер де сауда жүргізуден бас  тартып жатыр. Былтыр көмір жеткізуге қазақстандық 8 компания өтініш берген болса, биыл тек 4-ақ компания көмір тиеп беруге тәуекел етті. Әрине, бұл қазақстандық компаниялардың көмір экспорты көлемінің күрт азаюына әкеп соғып, отандық компаниялар табысынан қағылды, қаржылық көрсеткіштері нашарлады. 

«Интерфакс – Украина» агенттігінің деректерінше, 2020 жылдың қаңтар- тамыз аралығында Ресейден Украинаға 724 миллион долларға импорттық көмірдің 59 пайызы экспортталған. АҚШ-тың үлесі  31 пайыз немесе 380 миллион доллар. Үшінші орында 77 миллион доллардың көмірін өткізген Қазақстан тұр екен.

Қазақстандық кәсіпорындардың бірі биыл межелеген 5,5 миллион доллар табысынан қағылыпты. Экспорттық нарықтың күрт қысқарғаны өндіру мен өңдеуді азайтып, шығындарын оңтайландыруға мәжбүр етті. Әлгі компания жұмысшылар санын айтарлықтай қысқартып, ал қысқартылмағандарының жалақысын 30 пайызға төмендетіпті.

Ресей неге сөйтеді десек, мамыр айынан бері Украина үкіметі ресейлік көмір импортына 65 пайыздық арнайы баж салығын енгізген. Соған іші күйген Ресейдің теміржол тасымалдаушысы «РЖД» ААҚ «техникалық мүмкіндік жоқ» деген өтірік желеумен қазақстандық көмірді Украина нарығынан ығыстырып жатыр.

Бұл енді қазақстандық бизнестің мүддесін тікелей таптау. «Атамекен» палатасы бұл мәселені бірнеше рет үкіметте де, Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде де мәлімдеген. Айтпақшы, Еуразиялық экономикалық комиссия Ресей тарапының бұл тірлігін ішкі нарықтың жұмысына кедергі келтіретін тосқауыл деп қарастыру керек деген қорытындысын да шығарды. Еуразиялық экономикалық комиссия мен ЕАЭО мүше-мемлекеттерінің өткен кеңесінде қазақстандық компаниялар осындай күрделі жағдайға тап  болып отырғанын растады. Тараптар бұл мәселеде Қазақстанды қолдаған еді.

Айта кетсек, бұл мәселе бүгін, 27 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының отырысында қаралады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»
Сайт әкімшілігі 22.09.2021, 11:41
Михаил Ломтадзе мен Kaspi.kz Kazakhstan Growth Forum-да үш марапатқа ие болды
Сайт әкімшілігі 21.09.2021, 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39