Байқоңыр қазаққа жабық па?

Нұрай РАХЫМ

29.12.2021, 08:45

2127

Қызылорда облысына қарасты әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі Байқоңыр ғарыш айлағының аумағы Ресейге – 2050 жылға дейін жалға берілген. Сондықтан федералдық маңызы бар Ресей қаласы деп жазылып жүр. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы «Байқоңыр» кешенiн жалға беру шартында Қазақстанның бюджетіне ол үшін жылына 115 млн доллардай қаражат түсетіні көрсетілген. Аумағы – 6717 шаршы шақырымнан асатын Байқоңыр ғарыш айлағы мен 80 мыңға жуық халқы бар Байқоңыр қаласы бірігіп «Байқоңыр» кешені аталып отыр. Дуалмен қоршалған (күзетілетін периметр) бұл жерге арнайы жабдықталған бақылау-өткізу пункті арқылы кіріп-шығасың. Алайда, жақында ғана әлеуметтік желіде Байқоңыр қаласының аумағына қазақстандық азаматтардың кіріп-шығуы қатаң қадағаланғанымен, Ресейдің азаматтары емін-еркін жүргендері туралы мәселе көтерілді.           

Мамандығы заңгер, қызылордалық Асылбек Мұстафаның шағымы мынадай: «Қазақстан азаматтарының Байқоңыр қаласына емін-еркін кіріп-шығуына ешқандай мүмкіндік жоқ. Арнайы құжаттар жинақтап, осы қалада туыстарыңның тұратындығын дәлелдеп, анықтамалар алып, тиісті тізімге енгізілгеннен кейін 2-3 күнге ғана рұқсат беріледі. Ал, Ресейдің азаматтары сол қаладан Қазақстанның аумағына жайбарақат кіріп, қалаған жеріне қыдырып жүре береді. Байқоңырға Ресейден ұшақпен кім ұшып келіп жатқанын ешкім білмейді. Біз неге Байқоңыр қаласының шыға берісіне Қазақстанның блок-постын қойып, Ресей азаматтарын тексермейміз? Соны  түсінбедім. Бәріне мойнымызды иеміз де жүреміз. Мұндай құлдық психологиядан қашан арылады екенбіз...» дейді.  

Асылбек Мұстафаның Ресейден кімнің ұшып келіп жатқанын ешкім білмейді деп отырғаны, Байқоңыр ғарыштық базасының құрамында «Крайний» және «Юбилейный» деп аталатын 2 әуе айлағы бар. Яғни, ұшақпен тікелей Байқоңыр кешенінің аумағына қонатын азаматтарды Қазақстанның басқа қалаларына еркін өткізу мемлекет үшін қаншалықты қауіпсіз деген сұрақ туындап отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының баспасөз хатшысы оларға көші-қон картасы берілетінін алға тартты. Бірақ тарқатып ештеңе айтпады.       

Асылбек Мұстафаның ойымен келіспеген азамат – әлеуметтік желі қолданушысы Байқоңыр аумағы ерекше күзетілетін режимдік нысан және соған байланысты қалаға кіру үшін азаматтарға тиісті талап қойылуы орынды екенін айтса, екіншісі ғарыш айлағы өзіміздің туындымыз еместігін, оның бізге Кеңес үкіметінен қалған мұра деушілер де бар.  

Жалпы, бұған дейін 1994 жылы қол қойылған шартта Байқоңыр аумағы Ресейге 20 жылға дейін жалға берілетін болған. Бірақ 2004 жылы жалдау мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылған. Ал биыл 24 маусымда тағы 30 жылға созылды.

Бұрын Ленинск деп аталған Байқоңыр қаласы әкімшілігінің әкімін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Президенттері Ресей тарапының ұсынысы бойынша бірлесіп тағайындайды екен. Ал «Байқоңыр» ғарыш айлағының командирін Ресей президенті Қазақстан мемлекеті басшысының келісімі бойынша қызметіне тағайындайды әрі қызметінен босатады. Екі ел арасындағы «Байқоңыр» кешенiн жалға беру шарты бойынша Ресейден келген әскери қызметшілер мен жұмыскерлерге және олардың отбасы мүшелеріне көрші елдің заңдары қолданылады, ал Қазақстан азаматтарының Конституциялық құқықтарын Ленинск (Байқоңыр) қаласындағы құзыретті органдары (сот, прокуратура) біздің елдің заңдарына сәйкес қорғайтыны жазылған. Сондай-ақ, «Байқоңыр» кешеніндегі құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті, ерекше режим мен күзетті орнату жалға алушының, яғни, Ресейдің құзырында. Қазақстандағы Ресейдің анклавы ма дерсің. Алайда Байқоңыр көрші елдің жалғыз ғарыш айлағы емес. Өз аумағында да «Плесецк», «Восточный» ғарыш айлағы мен Француз Гвианасындағы Куру қаласының жанында орналасқан Гвиана ғарыш орталығы – еуропалық ғарыш айлағы бар.

Енді жоғарыда айтқан көші-қон картасының мәселесіне оралайық, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің ресейлік ресми сайтында елімізде былтырдан бастап шетелдіктер үшін көші-қон карталарының күші жойылғанын жазған. Қазақстан Республикасы ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің кадр саясаты тобының аға инспекторы Нұрлан Кребаев Қазақстанның көші-қон заңнамасына енгізілген өзгерістер бойынша шетелдіктің Қазақстанға келуі және осында болатыны туралы хабарлау жауапкершілігі оларды қабылдайтын жеке және заңды тұлғаларға жүктелетінін хабарлаған. Көші-қон қызметі органдарын визалық-көші-қон порталы, электрондық үкімет порталы, тікелей көші-қон қызметіне жазбаша хабарлама тапсыру арқылы үш тәсілмен хабардар етуге болатыны, шетелдік азамат 30 тәуліктен артық болған жағдайда қабылдаушы елдің өтініші бойынша (жұмыс беруші, медициналық немесе оқу орны, отбасы мүшелері және т.б.) уақытша бола тұруға рұқсат рәсімделетіні айтылған. «Байқоңыр» кешенінде тұрып жатқан Ресей азаматтары қаладан шыққан кезде ІІМ өкілдігінің көші-қон қызметінен шетелдік азамат уақытша тіркеу туралы анықтама алу қажет екен.

Қазақстандағы Ресейдің 94-ші өңірі

Жұрт арасында Байқоңыр қаласы Ресейдің 94-ші өңірі екендігі, айналымдағы ақша номинал ретінде ресейдің рублі жүретіні, кейбір мектептердің оқушылары ресейлік оқу бағдарламасымен білім алып келгеніне қарсылықтар бар. «Ғарыш айлағынан бөлек, Байқоңыр қаласы мен оның тұрғындарын да жалға бере салған ба?» деп шағымданатындар да жоқ емес. Алайда жақында ғана Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова мұндағы орыс мектептерінде алғаш рет қазақ тілі мен әдебиет пәні оқытыла бастайтыны туралы хабардар етті. Бұл мәселе 2019 жылдан бері Мәскеу мен Нұр-Сұлтан қалалары арасында жүрген келіссөз барысында қарастырылып, шешімін тапқан.

Жалпы, Байқоңырда зымыран-тасығыштарды ұшырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізер зардабы туралы мәселе бұрыннан айтылып келеді. Алайда 24.kz телеарнасына пікір білдірген тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров: «Біз зымырандар ұшып жатыр деп бекер қорқамыз. Егер зымырандар ұшуды тоқтатса, біз содан қорқуымыз керек. Ғарышты зерттеу үшін қолданылатын технологияның ерекшелігі сонда – бұл адамзаттың мыңдаған жылдар бойғы еңбегі» дейді.

Тегтер: Байқоңыр ғарыш айлағы зымыран

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 14:38
Әлемдегі ең қымбат дәріні еккен қазақстандық бала көз жұмды

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49