Бал татыған балық сорпасына зар болып қалмайық

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

23.07.2021, 14:17

1640

Биыл Каспий теңізінен 10 мың тоннаға жуық балық аулауға рұқсат етілген. Бірақ бекіретұқымдастарды аулауға тыйым салыныпты. Қазақстандық бөліктегі толыққан Кіші Аралдан жыл ішінде – 7000, Сырдария өзенінен – 200, Шардара суқоймасынан – 2500, Балқаш көлінен – 7000, Алакөлден – 341, Іледен – 13, Қапшағай суқоймасынан 890 тонна балық аулауға рұқсат бар. Десек те, бұл көрсеткіштер бұрынғы кеңестік кезеңдегімен салыстыруға да келмейді.

Себебі соңғы 20 жылда балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған өзен-көлдерде өзгеріс көп. Жағымды емес, жаға ұс­татар өзгеріс. Мәселен, Балқашта қармақ қаппайтын күндер болады десе, бұрын кім сенер еді? Қапшағай мен Зайсан, Бұқтырма мен Алакөлдегі жағдай да ау салған ағайынға ауыр тиюде. Бір ғана дерек: кезінде Алакөлден жылына 5000 тонна балық ауланыпты. Соның 90 пайызы бағалы сазан мен көксерке екен. Қазір мұнда ауланатын балық мөлшері 300 тоннадан аспайды. Жоғарыдағы қос балықтың қоры мүлде жойылуға жақын.

Бекіреден басқа балықты менсінбеген Жайық жұр­ты қазір шабақтың өзіне шүкіршілік айтады. Неге? Себеп көп. Біріншіден, кәрі Каспийдің экологиясы ушығып тұр. 2006-09 жылдар аралығында 2143 бекіретұқымдас балық пен 1293 итбалық қырылды. Табиғатқа келген зиян 206 млн 678 мың теңгені құрады. Зауалдың себебін баяғыша дауасыз дерттен іздейміз. Бірақ ол дерттің теңіздегі көмірсутек ши­кізатын игерумен байланысты екенін ішіміз сезеді. Каспийдің астында дәл қазір 170 мұнай-газ ұңғымасы суға батып жатыр. Олардың қоршаған орта­ға тигізіп жатқан зардабын зерттеп-зерделеуге де ынта-ықылас болмай тұр. Тағы бір маңызды мәселе – Каспий теңізі тек Қазақстанға ғана тиесілі емес. Бұл – Ресей, Иран, Әзірбайжан мен Түрікменстан секілді көршілес мемлекеттерге де ортақ суқойма. Ал жағалаудағы мемлекеттер арасында теңіздің мәртебесін анықтау жайы әлі толық шешімін тапқан жоқ. Бұл да браконьерлікпен күрестің тиім­ділігіне әсер ететін фактор. Ендеше те­ңіздегі шекарамызды шегелеп алмайын­ша, шешімді әрекет ету қиын.

Жайыққа уылдырық шашуға беттеген бекіре бесқаруы сай браконьерге оңай олжа. Ресми деректерге сүйенсек, тек соңғы үш жылда Қазақстан аумағынан 60 тонна бекіретұқымдас балық, 15 тоннаға жуық қара уылдырық контрабандалық жол­мен шетке шығарылған. Шынайы өмір­де бұл көрсеткішті кемі үш-төрт есеге көбейтсеңіз, ауқымды қарақшылық операциясының бет-бейнесі шыға келеді.

Бекіренің басқа балықтан айырмашылығы – теңізде ұрпақ өрбіте алмайтын қасиеті бар. Шабағы тек он жылдан кейін ғана өскен ортасы – өзенге оралып, уылдырық шаша бастайды. Ол үшін жолындағы жүз­деген кедергіден аман өтуі керек. Діттеген жеріне жетіп, уылдырығын шашқан бірлі-жарым бекіре жалпы жағдайды жақсарта алмайтыны тағы белгілі. Бекіренің бесігіне айналған Жайық өзенінің хал-ахуалы айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Жыл өткен сайын жоғарыдағы Ресейден жіберілетін су мөлшері кемуде. Сақмардан сығымдалып шыққан судың көп бөлігін Орынбордағы Иректі суқоймасы жұтады. Бұлай жалғаса берсе біртұтас экожүйе бұзылып, таяқтың бір басы өздеріне тиетінін көршілер білмейді емес, біледі. Бірақ бес күндік қызыққа берілгендер бекіренің тағдырына алаңдап қайтсін? Жылма-жыл су азайғасын құнды балықтың қыстап шығатын шұңғымалары да жалаңаштанып барады. Мысалы, «Жайық өзеніндегі бекіретұқымдас балықтардың бұрынғы 68 «қыстауының» қазір 13-і ғана жарамды» дейді мамандар.

Балық аулау – Атырау облысы үшін дәстүрлі сала. Мұнда елдегі ауланатын ба­лық­тың 60 пайызы өндіріліп, өңделеді. Оған қоса, Жайық жағалауындағы 70 мың­нан астам ауыл тұрғынының күнделікті тіршілігі өзенмен тығыз байланысты. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» десек те, соңғы 30 жылдағы экономикалық қиыншылықтар, адамның ашкөздігі, жабайы сауда Жайықтың балық қорын жүдетіп жібергені ащы шындық. Әлемге әйгілі болған бір ғана «Атыраубалық» акционерлік қоғамы 1986 жылы 30 тонна қара уылдырық өндіріпті. Бұл аталмыш кәсіпорынның ең соңғы жоғары көрсеткіші екен. Жекенің қолына өткен соң, бұрынғы күш-қуаттан толық айырылып, 1 млрд тең­геден аса қарызға белшесінен батқан кәсіпорын іс жүзінде банкрот болған. Оның ізбасары ретінде құрылған «Жайық-Балық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны да төрт аяғын тең баса алмай тұр.

Рас, Атырауда бекіре өсіретін бір-екі зауыт жұмыс істейді. Алайда бұл көршілермен салыс­тырғанда теңізге қосылған тамшыдай дүние. Мәселен, Ресейде жылына – 80, Иранда – 22, Әзірбай­жанда 15 миллион шабақ өсіріліп, Кас­пийге жіберіледі екен. Әрине, бұл мәселеде мемлекеттің қолдауы қажет екені түсінікті.

Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Каспий бекіресінің табиғи қорын сақтауды сала басшыларына міндеттеді. Табиғи қорды сақтаудың ба­ламалы жолы – тауарлы бекіре өсіру. Мұның тиімділігі неде? Бекіретұқымдас балықтың тұқымы құритын болса, оның өнімін шығару да тоқтайды. Бұл  табиғатқа да, бюджетке де орны толмас шығын. Ал тауарлы бекіре өндірісі – табысы тұрақты, экономикалық тұрғыдан балық шаруа­шылығын дамытудың ең тиімді бағыты. Бұл тәсілді көптеген шет мемлекет қуана қолданып, көл-көсір табысқа кенеліп жатыр. Әсіресе Қытай, АҚШ, Франция, Германия, Италия, Дания мен Жапония елдерінде ерекше қарқынға ие. Балық шаруашылығын жақсы білетін мамандар Қазақстан үшін ең қолайлысы Қытайдан үйрену деп отыр. Өйткені қай мәселеге де ден қоя кірісетін қытайлар бекіреге қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырады екен. Сөйтіп, әлем бойынша та­уарлы бекіре өсірудің 60 пайызын Қы­тайдың бір өзі еншілеп алыпты. Бұл елде жылына 20 миллион тоннадан аса тауарлы бекіре өсірілуде. Қазақстандағы жағдайды түзеу үшін бекіре өсіруге ниетті кәсіп­керлерді несиелендіру саясатын жасақтау, алынған өнімді өткізуге мемлекет тара­пынан көмек көрсету қажет-ақ. Сонымен қатар жаңа технология жетістіктері туралы ақпараттың аздығы да көп мәселеге қолбайлау көрінеді.

 Жайықтағы және Каспий теңізін­дегі бекіретұқымдастарының күрт азаюынан мемлекетіміз жылына 2 млрд АҚШ доллары көлеміндегі кіріс көзінен айырылуда. Мәселен, елімізде киіктердің популяциясын қалпына кел­тіруді көздеген бағдарлама өз жемісін берді. Сол сияқты бекіретұқымдастарға да дәл осындай бағдарлама қажет. «Бағдарламада төрт мәселе қаралса құба-құп. Олар: су режимінің тұрақ­тылығы, бекіре өнді­ретін кешендер же­лісін құру, Жайық пен Каспийде бекіретұқым­дастарды қорғауды ұйым­дастыру және балықты қорғау туралы заңнаманы жетілдіру», – дейді сала мамандары.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39