Бала өлімі: ӘКЕ мен ӘКІМНІҢ қайсысы өтірік айтып отыр?

24.10.2018, 20:32

22

Алматы облысында ауданның 90 жылдығына дайындық соңы бала өліміне әкеліп соқты. Осыған орай, «Жас Алаш» сайтында «Іле ауданының 90 жылдығы оқушының қанымен тойлана ма?» атты мақала жариялаған.2018 жылдың қазан айының 19-жұлдызында Алматы облысына қарасты Өтеген батыр кентінде Іле ауданының 90 жылдығына арналған дайындық шарасы өтеді. №13 мектептің 10 «ә» сынып оқушысы Қыдырәлі БЕЙСЕНБАЙ пышақтан қаза тапқан еді. Осыған орай, өңірдегі тілшіміз марқұмның әкесі мен аталған мәселеге жауапты  адамдардың пікірін білген еді.Бақыт САДЫҚОВ, марқұмның әкесі:«Былай болды ғой. Мектептен Мәриям деген қызымды алып шығып едім. Стадионнан өтіп бара жатып: «Папа мынау концертті қалай айтушы еді? Көріп кетейікші» деді. «Флешмоб» дедім. Сөйтіп, «жүр» деп үстіңгі жағына ең биік жағына отырдым. Сосын қызыма: «ағаңды көріп тұрсың ба?» дедім. Алыстан танымады. Ең арт жағында тұр екен. Қыздармен билеп, ойнап тұр екен. «Қызыл курткада көрдің бе?» дедім. «Ия көрдім» деді. Сонымен, флешмоб бітті. Ұлым Қайрош келді. (Қайрош — ұлы Қыдырәлі БЕЙСЕНБАЙДЫ айтып отыр – ред.) «Үйге қайтасың ба?» деп едім. «Ия, папа» деді. Жанымда тұрған. Қызыма айналып қарай беріп едім, достарына кетіп қалыпты. Айғайлап шақырайын десем, балалар тұрған соң шақырмадым. Бөгде ойым болған жоқ. Білсем, жетектеп кетер едім ғой. Алаңсыз кішкентай қызымды алып үйге келдім. Машинамды көріп отыр едім. Жігіттер келді. «Ұлымды больницаға түсіп қалды», деді. Сасқалақтап: «Не болды? Кім көрді? Хабарласшы», деп едім: «Пышақтап кетті» деді. Больницаға ұштық. Алдымызда жедел жәрдем көлігі тұр екен. Бірақ аса мән бермедім. Пышақтаса басқа дене мүшелеріне тиген шығар деп. Барып пышақталған баламды сұрасам, алдымнан бір дәрігер шықты. Орта бойлы, қара адам екен. «Не болды аман ба?» деп едім. «Өліп қалды», деді. Бір ит өлгендей қылып айтты ғой маған», – дейді кеудесі қарыс айырылған әке. Өксігін әрең тежеп барып:«Ашуланып бір тептім. Несін жасырайын. Сосын есімді жиып: «Қайда жатыр?» дедім. «Скорый машинада» деді. Соған жеткенше кешірім сұрадым. Сосын көлікке кірсем, носилкада ұлым жатыр. Бетін жауып тастапты. Ашсам, тряпка жүрегінің тұсында тұр екен. Пышақты жүрегіне сұққан. Маған басқаша айтқан еді. Жүрекке салғаннан жедел жәрдем жеткенше жарты сағат жатқан ғой. Бір звонок жедел жәрдемге жетпеген…» Жас Алаш тілшісі осы мәселеге қатысты Іле ауданы әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВТЫҢ көмекшісі Серікжан ИБРАЕВҚА, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат ҚАТКЕЕВАҒА қоңырау шалған-ды. Тойдың әуресімен жүрді ме екен, аталған шенеуніктер телефондарын алмады. Тек қазанның 22-сі ғана ғана аудан әкімінің орынбасары Алмасбек САТЫБАЕВПЕН сөйлесу мүмкін болды.Әкім орныбасары  әуелі бұл мәселеге аудан әкімінің еш қатысы жоқ екенін, ауданның 90 жылдығын тойлау мен оқушы өлімінің қатысы жоқтығын айтып, «аталған мереке мен бұл оқиғаны неге байланыстырасыздар?» деп өңірдегі тілшімізді айыптай сөйледі. «Біз сотқа берсек те болады» деген сөзінен соң, журналистік этикамен бұл іске қатысты барлық дәлел-дәйегіміздің дайын екенін айтқанымызда, «жоқ, біз сотқа берейік деп отырған жоқпыз» деп сөзінің соңын жуып-шайған болды. Артынша: «Ол бала бұл мектепте оқымайды» деп салды.Сонда баласының флешмобта болғанын өз көзімен көрген, кеудесі қайғыдан қарыс айырылған әке – Бақыт Садықов пен  сол алаңда болмаған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Сатыбаевтың қайсысы өтірікші? Марқұмның әкесі дайындық кезінде ешқандай қауіпсіздік шаралары қарастырылмағанын айтады.«Мен ол жерде өз көзіммен көрдім, не полиция, не «жедел жәрдем» болмады. Пәленбай автобус тұр. Бәленбай ауылдан бала келеді. Ата-анасы сеніп тапсырады… Мен Қайрошымды сеніп жіберіп едім ғой? Ондай ойламайсың. Ел аман, жұрт тыныш деп ойлайсың».Бір байқағанымыз, біздің мақаламыздағы аудан басшысы Бағдат Қарасаевқа қаратылып айтылған сөзіміз орынбасарына ауыр тиіпті. Ал, оқушы қазасына келгенде әңгімесі қысқа. Тоқсан жылдық тойды ұйымдастырып, мектеп басшыларын жинап жүрген де осы Алмасбек Сатыбаев.Мектеп директорларын жинап жүрген өзі қойған іс қағазды да назарларыңызға ұсынайық.«Жас Алаш» тілшісінің қолында марқұм болған оқушының сол флэшмобта түскен фотосы (жоғарыда) бар екеніне қарамастан, №13 мектеп директоры міндетін уақытша атқарушы Жақсыгүл ЖҮНІСОВА басқаша сөйлеп отыр. Тілшіміздің қысқаша сұхбаты төмендегідей өрбіді:Журналист: — Сіздер неге оқушыларды флешмовқа қатыстырдыңыздар? Мектеп директоры: — Бізге солай нұсқау келді…  — Бұл әрекеттеріңіз қаншалықты заңды деп ойлайсыз?  — Біз нұсқауды орындаушымыз.  — Бұндай жағдай осыдан бұрын да болды ма?  — Біз ауданның 90 жылдығына дайындыққа  қазан айының басынан бастап кірістік. — ҚР Білім және ғылым министрлігінің бір тұтас бекіткен сабақ кестесі бар емес пе, сабақ уақытында оқушыларды неге мұндай шараға апарасыздар? — Біз оқушыларды шараға сабақ уақытынан тыс уақытта апардық. Олар 9 сыныптың балалары. Ал 10 сыныпта оқитын ол баланы біз апарған жоқпыз…Қарама-қарсы пікір. Егер, аудан әкімі орынбасарының пікіріне сүйенсек, «Қыдырәлі Бейсенбай аталған мектептің оқушысы емес». Ал оқу орны басшысының сөзіне жүгінсек, марқұм 10 сыныпта оқиды. Бұл парадоксты түсіну үшін артық артық ақылдың керегі жоқ.Ең қызығы, арада бірнеше күн өткесін осы мәселеге орай «31 арна» журналистеріне аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Сатыбаев былай деп жауап беріпті:«Ол бала 10 сынып оқушысы болғандықтан, ол іс-шараға ешқандай қатысы жоқ. Жедел жәрдем шақырғанда, баланың қасында ешкім болмаған. Құлап жатқан уақытта ешкім мән бермеген ғой», деп ақталып шыққан.Демек, бұдан шығатын қорытынды: біріншіден, баланың сол мектепте оқитыны рас. Екіншіден, марқұмның әкесінің сөзі бойынша да қайтыс болған баланың әкім айтқан шараға тікелей қатысы болғаны анық.Сонымен, кім өтірікші?2018 жылдың қыркүйек айында Бағдат Қарасаев аудан басшылығына тағайындалғанда ұстаздар қауымы бірінші болып қуанған. Бұрынғы әкім Қыдыргелді МЕДЕУОВТЫҢ кезінде Іле ауданының мұғалімдері құрылысшы болып, аяқсыз қалған мектепті салған еді. Осыған орай «Баталовтың мұғалімдері де құрылысшы» деген мақала сайтымызда жарияланған. Сондай-ақ, Бағдат Әбілмәжінұлы еңбек жолын қарапайым кәсіби-техникалық училище мұғалімі болып бастаған. Алайда, Іле ауданына тек мұғалім жұмсауды ғана білетін әкім келген сияқты. Президент әкімшілігінде қызмет еткен Қарасаев мырза мұғалімдерді артық жұмыстан босату керек деген Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сөзін әлі елемей отыр. 
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 16:22
Атыраудағы зейнеткердің жанайқайы: емхана емдемейді, әкімдік тыңдамайды
Сайт әкімшілігі 11:31
Жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүрмейтіні мәлім болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 10:22
Коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті
Жарлы БАЙҒАНИН 26.11.2020, 09:16
Есектің еті ем, сүті саумал ма?
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 10:40
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
Мариям МАҚСАТ 25.11.2020, 09:40
Көп балалы аналар қоғамнан неге теперіш көріп жүр?

Аңдатпа


  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    11:36
  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57