Балаға қамқорлық - болашағымызға жасалған жақсылық

Қуаныш ЕРМЕКОВА

16.10.2021, 15:38

465

Еліміздің кішкентай тұрғындарының қауіпсіздігі, денсаулығы, білім алуы мен әлеуметтік қамтамасыз етілуі аса маңызды. Өйткені кішкентай болғанымен балалар да қоғамымыздың бір бөлшегі. Сондықтан маусым айында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралып, 2022 жылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарланған болатын. Шын мәнінде бұл өте жақсы бастама!

Премьер-Министр көшеде, білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, балалар ұдайы қоғам қамқорлығында болуы керек екенін айтқан болатын. Осыған орай денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру тапсырылды. Яғни балаға жасалған қамқорлық жан жақты, заманауи болуы керектігіне назар аударылуда. Қазір осы мақсатта көптеген жұмыстар атқырылуда. Бұл еліміздің балдырғандарына жасалып отырған үлкен қамқорлық екені даусыз. Өйткені елімізде туабітті түрлі аурулардан зардап шегіп келе жатқан сәбилер көп, одан қалды балалар арасында таралған түрлі дерттер жетерлік. Ересектерден жәбір көріп, үлкендердің әлімжеттігіне ұшырап жатқан балапандар да бар. Сондықтан қоғам қамқорлығын сезінтіп, балалар арасында таралған дерттердің алдын алуда мұндай қадамдардың маңызы зор.

Сондай-ақ Үкімет басшысы әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша да  шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Мүмкіндігінше ерте бастан спортпен айналысу көп нәтиже беретінін және балалардың спортпен айналысуы олардың денсаулығының кепілі екенін ескерсек, балаларға спортты қолжетімді қылудың пайдасы жоғары. Осы орайда биылдан бастап Қазақстанда балалар үйірмелері мен спорт секцияларын мемлекет тарапынан қаржыландыру арқылы балаларды тегін үйірмелермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен биылдан бастап 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы үйірмелермен қамту жобасы іске асырылуда. Балалар мен жасөпірімдер бос уақытын тиімді өткізу; өнерге деген қызығушылығын арттыру, талаптарын ұштау; эстетикалық тәрбие мен шығармашылық қабілеттерін дамыту; шеберліктерін шыңдау, ой-өрісін жан-жақты кеңейтуді мақсат еткен үйірмелерге қатысушылар қазірдің өзінде өте көп тіркелуде.  Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі арқылы тіркеліп, кез-келген ата-ана балаларын мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін үйірмелерге қатыстыра алады. Биылдан бастап қолға алынған үйірмелерге сұраныс жоғары болып тұр.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов «Балалар үйірмелері мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды іске қосу процесін автоматтандыру мақсатында Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі әзірленді, оған республиканың барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар қосылған. Онда жұмыс істеу бойынша барлық өңірлердің өкілдері оқытылды. Енді үйірмелер іске қосылуда», — деген болатын. Алдағы уақытта осынау үйірмелер арқылы қалаған спорттық секциялары мен шығармашылық бағыттағы үйірмелер арқылы балалардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылып, жаңа қырлары ашылатынына үміт мол. Шыны керек, ата-аналар елімізде үйірмелердің қымбаттығына, оны қалталарының көтере бермейтініне жиі шағымданатын. Бос уақыты көп баланы көше тәрбиелеп, көп жағдайда теріс жолға түсіп кетіп жататыны да қоғамымызда жиі айтылатын. Жалпы тегін үйірмелер талай ата-ананың арманы болатын. Сондықтан баланың дамуы мен қалыптасуына оң ықпал ететін шығармашылық үйірмелері мен спорттық үйірмелердің мемлекет тарапынан тегін ұйымдастырылғаны үшін қазір елімізде талай ата-ананың тиісті орындарға алғысы мол!

Елімізде соңғы бір жыл ішінде балаларға жасалған қамқорлық, базарлық бұл ғана емес. Былтыр елімізде балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Елімізде балалардың суициді де жиі тіркеліп кеткенін ескерсек, бұл өте дұрыс қадам болды. Кейде бізге болмашы көрінген балалар мәселелерінің өздеріне өмір бойы шешілместей, қиын, үлкен мәселе болып көрініп, оның соңы өзіне қол жұмсаумен аяқталуы орны толмас қасірет. Сондықтан алдағы уақытта балалар суицидінің алдын алу жұмыстары осы мәселенің шешілуіне түрткі болса ұтарымыз көп болмақ. Тағы бір игілік елімізде террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері қабылданды. Сондықтан жоғарыда аталып өткен бастамалардың бәрін ескерсек, балалар мен жасөспірімдерді қолдау, қамқорлық таныту жұмыстары елімізде жолға қойылып келе жатыр деп айта аламыз.

Дегенмен әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселелер де бар. Мәселен елімізде ата-аналардың 75 пайызы баланы ұрған дұрыс деп санайды екен. ЮНИСЕФ-тің осы тақырыпқа арналған зерттеу материалына сүйенсек, елімізде ата-аналардың 65 пайызы ұл-қыздарына ұдайы психологиялық қысым, зорлық көрсететін көрінеді. Ал ата-аналардың 39 пайызы балаларын кәдімгідей сабап алады екен. Еліміздегі тәжірибелі отбасылық психологтардың бірі Маргарита Өскембаева «Біз, ересектер, кейде: «Айналамыз неге зорлық-зомбылыққа толы?» деп таңырқап жатамыз. Бірақ өзіміздің әрекетімізге мән бере бермейміз.  Ересектердің 75 пайызы өз балаларын сабап алғанды дұрыс деп біледі екен. Ересектер тарапынан орын алатын балаларға бағытталған орынсыз айқай, шапалақ, соққы, үнемі кінәлау, балаларының сөзіне мән бермеу, қатты балағаттау және қорлау, мұның бәрі зорлық-зомбылыққа жатады. Яғни осы әрекеттеріміз арқылы бала санасына «жара» саламыз. Қатігез ұрпақ қалыптастырамыз. Бала кезінен үлкендер тарапынан зорлық көрген бала уақыт өте өзі де соны дұрыс деп өседі. Және өз баласына қайталайды. Ал мұндай жолмен біз ізгі қоғам, мейірімді ұлт қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан балалармен дұрыс қарым қатынас орнатуды үйренуіміз керек. Әсіресе ата-аналар бала тәрбиелегеннің жөні осы екен деп балаларды басынбауы керек» дейді. Маман пікірі арқылы көп нәрсені түсінуге болады. Әсіресе қоғамымызда ажырасқан ата-аналардың көбеюі, олардың өз мәселесімен бас қатырып жүріп, балаларын ойламайтынын тіпті ажырасу кезінде балаларын өз мүдделеріне сай пайдалану арқылы балаларының санасын улайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Ажырасудың өзі балаға кері әсер етеді. Сондықтан ажырасқан ата-аналардың балаларының да сол процестен зардап шекпеуін қажағалау қажеттілігі сезіледі. 

 Жалпы елімізде ата-аналармен үлкен жұмыстар жүргізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға да алына бастады. Мысалы енді кәмелетке толмаған балаларға қысым көрсеткендер түрмеге қамалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мамандары балабақшадағы және мектеп жасындағы балаларға жәбір көрсеткен педагогтерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бастама көтерді. Өйткені балабақшаның бейнекамерасына түсіп қалған, тәрбиешілердің балаларды аяусыз ұрып соғатын көріністері соңғы кездері елімізде жиі тіркеліп жүргені жасырын емес. ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызы «Бұл бастаманы балалар өз мақсаттарына пайдаланып кетпесе болды. Өйткені сабақ оқымағанымен қоймай, ескерту айтқан ұстаздан «кек» қайтарғысы келіп, кейде ұстаздарды арандататын оқушылар да болады. Әсіресе жоғары сынып оқушылары» дейді. Қалай болмасын қоғамымыз үшін заңнаманың қажеттілігі сезіліп отыр. Ендеше заңның да өз дәрежесінде жұмыс істеп, бала құқығын қорғауға ат салысса мақсатымыздың орындалғаны.

Осы орайда айта кетер жайт, Ата Заңымыздың он жетінші бабында ешбір азамат өзге адамнан жәбір көрмеуі тиіс деп жазылғанымен, бұл одан әрі ешбір заңнамамен бекітілмеген. Ал заңнама арқылы бекітіп алсақ елімізде балаларды жәбірлеу азаятынына сенім мол. Өйткені ата-анасы тұрмақ балабақша тәрбиешілерінің өзі біреудің баласы демей балабақшадағы балаларды жәбірлеп жататынын анда-санда естіп қаламыз. Тіпті балабақшаға барып денесі көгеріп қайтатын балапандардың кездесуі қоғамымыз үшін үлкен сын. Баланың есін білмейтінін, тілі шықпағанын пайдаланып әлімжеттік көрсететіндерге де бұл заң тосқауыл болса қанекей! Сондықтан жаңа заңнаманың қабылдануын асыға күтетіндер көп сыңайлы. Қалай болмасын Қазақстандықтарға зорлық-зомбылықтың қылмыс екенін түсіндіретін құқықтық құжат қажет! Және оның қабылданатын күні де алыс емес.

Жалпы балаларға қатысты жасалатын зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі Nur Otan партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің бастамасымен былтырдан бері іске қосылған «111» байланыс орталығы. Қосылғанына бір жыл болған«111» шұғыл қызмет байланыс орталығы балалар мен ересектер үшін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша жұмыс істейді. Аталмыш байланыс желісіне қоңыраулар тәулік бойы қабылданады, барлық өтініш қатаң құпия сақталады. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында барлық қазақстандықтарға арнап еліміздің түкпір түкпірінде нөмір туралы құлағдар ететін билбордтар да ілінді. Жедел топтармен бірлесе әрекет ететін «111» байланыс орталығының операторлары өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға тез арада көмек көрсетуді көздейді. Келіп түскен ақпаратты облыстағы жедел топқа жібереді. Одан әрі мамандар отбасымен жұмыс жүргізіледі, көмек көрсетіліп, ата-аналарымен әңгімелеседі, балаларды медициналық тексеруден өткізеді. Егер жағдай түзелмесе, онда балалар отбасынан ажыратылады. Топ құрамына учаскелік, патронаждық қызмет, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия өкілдері, әкімдік өкілдері кіреді. Осы мамандар көмегімен балалар тұратын қолайсыз отбасылар анықталып, зорлық зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Nur Otan партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы Динара Закиеваның ақпараты бойынша, жылына екі мыңнан астам балаға қылмыс жасалады екен. Олардың 700-ге жуығы жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайының шамамен 60%-ы отбасы ішінде болады екен. Сондықтан балаларға қатысты жасалатын әрекеттердің алдын алуда мұндай жедел желілердің маңызы зор екені даусыз. Балалар мен ересектерге көмек қажет болса немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы, балалардың құқықтарының бұзылуы туралы, баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғаны немесе оның өміріне, денсаулығына қауіп төніп тұрса, зорлық-зомбылық пен қатыгездік жасалса немесе олар балаларға қауіп төндіретін объектіні, мысалы, ашық люкті, жоғары вольтты желіні, су көзін көрсе осы орталық көмегімен тез арада шешуге болады. Соңғы жылдары бірнеше рет ашық қалған тоқ көздерінен ажал құшқан балалар оқиғалары кездесті. Алдағы уақытта осындай қауіптердің де жедел желі арқылы алдын ала аламыз. Жалпы балаларға қауіп төндірген кез-келген мәселе жедел желі арқылы тез шешімін табады деп күтілуде. Ортақ бір желі арқылы басқарылатын 2 182 жедел топтың жұмысын мамандар да жоғары бағалап отыр. Алдағы уақытта еліміздің түкпір түкпірінде ашылған жедел желі арқылы басқаралатын топтар жұмысы арқылы балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтілуде.

Жалпы елімізде балаларды қорғау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар, қабылданып жатқан заңнамалар, көтеріліп жатқан ұсыныстар жетерлік. Демек елімізде алдағы уақытта бақытты балалық шаққа шомылған, қауіпсіз қоғамды сезінген ұрпақ та қалыптасатыны көңіл қуантады!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18:40
Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14