Балаларды неге алалайды?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

07.10.2021, 10:14

808

«Дұрыс тамақтанбау салдарынан оқушылар арасында түрлі аурулар белең алып барады», – деп мамандар балалар арасында, әсіресе, ас қорыту жүйесі ауруларының көбейгенін айтып, дабыл қағып отыр. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 пайызы, яғни әрбір бесінші жас жеткіншек артық салмақтың зардабын тартса, қан аздық әрбір жетінші балада кездеседі екен. Жасыратыны жоқ, қарапайым халықтың қалтасы дәрумені мол азық-түлікке жетпеуге айналды.

Күн санап өскен азық-түлік бағасы қолға түскенді талғажу ететіндердің қатарын арттырды. Оның үстіне коронавирус індетінің адам ағзасын айтарлықтай тұралатып кететінін ескерсек, дәл қазір халық саулығы үшін құнарлы тамақтың жөні бөлек. Әсіресе бұғанасы енді қатып келе жатқан балалардың денсаулығы үшін дұрыс әрі құнарлы тамақтану маңызды. Сол себепті оқушыларымыздың не ішіп, не жеп жүргені алаңдатпай қоймайды.

Осы орайда айта кетер жайт, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет беруді тапсырған болатын. «Аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу» туралы айтқанын ұмытқан жоқпыз.

Ашқұрсақ баланың басына білім қонбасы белгілі. Сондықтан президенттің бастамасы талай ата-ананы қуантты. Тіпті қызды қыздымен сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров: «енді еліміздегі мектептердің асханасында оқушыларға тек отандық азық-түлік өнімдері ұсынылады. «Мектептің алмасы», «Мектептің сүті» және «Мектептің балы» секілді арнайы бағдарламалар енгізілген. Яғни бұл, біріншіден, табиғи, таза өнім. Екіншіден, қазақстандық өндірушілер үшін тауарын өткізетін жер табылғалы тұр. Бұл жоба отандық өндірушілерді қолдауға және дұрыс тамақтану мен салауатты ұрпақты қалыптастыруға негізделген», – деп салды. Ақырында қашан да «семіз айтып, арық шығатындардың» бұл бастамасы да аяқсыз қалып, бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыру жергілікті жердегі әкім-қараларға жүктелді. Ал әкімдер балаларды қаншалықты жарылқап жатқанын білу үшін өңірлерге сұрау салып көрдік.

Биылғы оқу жылынан бастап Қарағанды облысының барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр екен. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің сөзіне сенсек, бастауыш сыныптардың 86 919 оқушысы және жалпы білім беру қоры есебінен қамтамасыз етілген 12 882 бала жергілікті әкімдіктің қолдауымен мектептен тегін тамақтанады. Қарағандымен салыстырғанда Алматыдай мегаполистің бюджет айналымы айтарлықтай екені даусыз. Сондықтан Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметінің өкілі Қуандық Ешиметке қоңырау шалдық. «24 114 әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасынан шыққан, асыраушысыз қалған және  жетім балалар мен аз қамтылған отбасы балаларын тегін тамақтандырудамыз», – деген жауап алдық. Қарағанды әкімдігі бар баланы қарық қылса, Алматы жағдайына қарап, алалап тамақтандыруда. Шыны керек көп балалы отбасынан шықпаса да, ата-анасы жұмыссыз, бірақ тегін тамақтанатын санатқа кірмей қалған қаншама бала бар? Салыстырмалы түрде алсақ: Қарағанды облысы Алматы қаласынан төрт есе көп баланы жаппай тегін тамақпен қамтамасыз етіп отыр екен. Әрине мұндай істі әр әкімнің өз ұятына қалдырған соң, соңының осылай болары анық. Қалай болмасын бал мен алманы айтып жеме-жемге келгенде оқушылардың дымсыз қалғаны ұят-ақ...

Айтпақшы, әкімдер арасында соңғы кездері қалыптасқан бір үрдіс: блогерлерді қонақ қылып, оларды жалдап ақша төлеп, өз ісін жарнамалауы  әдетке айналып барады. Болашақ ұрпаққа пайдасы да мол, сауабы да жеткілікті, ақылы жарнамасыз-ақ талай ата-ананың ризашылығына бөленетін осындай істерге әкімдеріміз неге мән бермейді?

Тегтер: мектеп мәселе ұстаз басшылық лицензия жанайқай

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АРЫҚБАЙ 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ 20.10.2021, 12:35
Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек
Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 20.10.2021, 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31