Балалардың білімінен бизнес артық болды ма?!

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

03.09.2021, 15:35

779

Алматыда эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, оқу жылын дәстүрлі форматта бастау жоспарланған. Мектеп індет ошағына айналмас үшін оқушылардың арақашықтық сақтап, мүмкіндігінше санитарлық нормаларды сақтауы маңызды. Былтыр бір жыл бойына қашықтан білім алып, оқушылардың білім сапасы күрт төмендегендіктен, ата-аналар биыл  мүмкіндігінше балаларынының мектеп партасынан білім алуын қалап отыр.

Ал Алматыда бір сыныпта 35-40 баладан отырған мектептер көп екенін ескерсек, мұндай жағдайда ара қашықтық қаншалықты сақталмақ?! Бір оқушыдан індет анықталса, жаппай бүкіл сынып қашықтан оқуға көшетіні алдын ала айтылуда. Мұндай жағдайда көп ұзамай үйден оқитындардың саны артып кететін секілді.

Жалпы Алматы қаласының мектептерінде жыл өткен сайын бала саны көбейіп келеді. Әсіресе қаланың орталығында қазақ сыныптарының саны артып барады. Өйткені қаланың ішінен бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендері өте көп. Алайда Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде жаңадан ашылған аудандар мен ықшамаудандарды қоспағанда қаланың орталығында бір де бір жаңа мектеп салынбапты. Нәтижесінде мектептердегі сынып сандары резеңкеше созылып барады. Биыл қаладағы көп мектептерде «К» сыныптары ашылуы осының дәлелі. Мәселен қала орталығындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда бірінші сынып саны бірнеше жыл бұрын 7 болса, қазір 11 ге жеткен. Тұрғындар тығыз орналасқан Ақсай ықшамауданындағы №123 мектеп гиназиясында да бір сыныпта 35-40 баладан білім алуда. Ал биылғы оқу жылында бірінші сыныптар саны 12-ге жеткен. Бұл сан алдағы уақытта өспесе кемімесі анық. Өйткені қала орталығында салынып жатқан тұрғын үйлер өте көп. Қаланың орталығы саналатын Гагарин, Розыбакиев, Жароков көшелерінің бойынан соңғы бес жыл ішінде қаншама тұрғын үйлер салынғанымен, бір мектеп салынған жоқ. АДК сауда үйінің де айналасынан да он шақты жыл ішінде онға жуық тұрғын үйлер салынғанымен, мектеп салып, қаланың кішкентай  тұрғындарына жағдай жасау қала әкімінің ойына да келмеген тәрізді. Пайда бар екен деп тұрғын үй кешендерін көбейткенімен, ол үйдің тұрғындарының білім алу мәселесі қалай болатынын ескеріп, жағдай жасамауы өкінішті. Осы орайда қаланың даму жоспарын, қаланың болашағын ойлау кезінде мектепті «ұмыт қалдыру» нені білдіреді?! Сондықтан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза  құрылыс компанияларына үй салдыра бермей, мектеп салдыруға да міндеттемесе қала мектептерінде білім сапасы кері кетіп барады.  

Осы орайда айта кетер жайт, Алматының Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, Алматыда 278 жалпы білім беретін мектеп бар, оның 207-сі мемлекеттік, 71-і жекеменшік. Тағы 8 жекеменшік мектеп 1 қыркүйекте ашылады деп күтілуде. Жекеменшік мектептер жыл өткен сайын көбеюде. Өйткені қазір мемлекеттік мектептерде жағдай жасалмағандықтан ата-аналар қалтасына салмақ түссе де балаларын жекеменшік мектептерге алып қашуда. Солардың бірі алматылық ата-ана Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ «қызымның сыныбында 38 бала оқиды екен. Мұғалім қанша жерден кәсіби маман болса да қырық минуттың ішінде 38 балаға көңіл бөліп, 38 баладан сабақ сұрап, сонша баланың сабақты ұққанын бақылауы мүмкін емесі анық. 45 минут сабақ үстінде бір балаға 30 секунд уақыт арнай алмаса ол қандай білім болады? Биылдан бастап баламды еріксіз  жекеменшік мектепке бердім. Өйткені бір сыныптағы бала саны 15 тен аспайды деген шарты ұнады. Жасөспірімнің өтпелі кезеңінде ұстаз бен ата-ана тарапынан қатар көңіл бөлінбесе болмайды. Менің таңдаған жекеменшік мектебім салыстырмалы түрде ең арзаны. Бір жылға оқу ақысы бір миллион теңге деді. Еріксіз көндім. Қалтам көтермесе де баламның болашағы үшін өзім тағы бір қосымша жұмысқа жегілдім. Жекеменшіктер де түсініп алған, мемлекеттік мекемедегі оқушылар санының тым көптігін пайдаланып, «бір сыныпта он бес бала» деген ұранды бизнеске айналдырып алған. Ата-аналардың сол үшін баратынын біледі. Рас, жекеменшік мектептің басқа да артықшылықтары бар. Бірақ соны басты артықшылықтарының бірі ретінде көрсетеді. Оның үстіне былтырғы білім білім болмады. Ертең тағы бір оқушы ауырды деп бүкіл сыныпты қашықтан оқуға жіберсе екі жыл қатарынан қызымның сауатсыз қалғанын қаламадым» дейді. Расында да, мектептердің резеңкеше созылуы салдарынан білімнен сапа қашты. Білім берудің дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан қазір алматылық ата-аналар балаларын не жекеменшік сыныптарға береді, не сабақтан бос уақытында қосымша сабақ беретін репетитор іздейді. Ең бастысы биылғы оқу жылында әлеуметтік ара қашықтық сақтау маңызды екенін ескерсек, 40 оқушы оқитын сыныпта ара қашықтық қалай сақталады?!

         Биыл Алматы қаласынан 8 жекеменшік мектептің ашылуы-ақ көп мәселені аңғартып тұрғандай. Сұранысты жекеменшік мектептер есебінен толтыру кімге пайда, кімге зиян?! Мұндай жағдайда Ата Заңмен кепілдендірілген тегін біліммен қамтамасыз етіп отырмыз деп айта аламыз ба?!

Тегтер: онлайн оқу қашықтан оқу білім заң талап шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39