Балам ақылды болсын десе, әр ана бесік жырын айтуы керек-дефектологтың кеңесі

Бифат ЕЛТАЕВА

02.12.2020, 12:14

1707

Бүгінгі таңда сөйлеу тілінің бұзылыстары бар немесе тілі уақытынан кеш шыққан балалар көп. Үш жастан асса да баланың кеш не сақауланып сөйлеуі көп ата-ананы алаңдатып отырған үлкен мәселеге айналды. Бұл туралы дефектолог – Сандуғаш Сағидуллаевамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

— Қазіргі таңда балалардың кеш сөйлеуі не себепті көп?

– Балалардың тілінің кеш шығуына әртүрлі биологиялық, физикалық және экологиялық факторлар әсер етеді. Оның ішінде ата-аналардың жүктілік кезінде түрлі инфекциялық аурулармен ауруы, анасының жүкті кезінде жүйке жүйесінің бұзылуы, депрессияға түсуі, жалпы көңіл күйі, жеткілікті дамуы, баланың дүниеге келу сәті, нақтырақ айтқанда, басы қысылып туылуы  осының барлығы себеп болады. Екіншіден, отбасында қос тілдік те тілдің кеш шығуына әсер етеді. Өзімнің жұмыс жасаған оқушыларымнан байқағаным, көбісі екі тілді болып кеткен. Анық сөйлемейді, қытайша не ағылшынша сөйлеп жатқан секілді көрінеді. Анығында, не қазақшаны, не орысшаны түсінбейді. Бізге бұл бала жасына сай дамымаған секілді көрініп тұрады. Бірақ ата-анасы қазақшылыққа салынып, кеш сөйлеуді қалыпты жағдай санайды. Сондай-ақ, гаджеттер де баланың басты жауы. Өйткені көп ата-ана балаға қызық болсын, болмасын ютубтан мультфильмдер қосады да, шаруасымен кетеді.  Тіпті баласының не көріп отырғанын да білмейді. Мәселен, шетелде «Маша мен аю» мультфильмін көрсетуге тыйым салынған. Себебі, мультфильмде кейіпкер Маша сөйлемейді, тек қана тентектік жасайды. Онда біз гипперактивті Машаны ғана көреміз. «Маша мен аюды» көрген қазіргі балалар да сол кейіпкерге ұқсап, сөйлемейтін, гипперактивті болып өсіп келе жатыр және қоғамда аутизм белгісі бар, бұл әлемді қызықсыз санайтын балалар көбейіп келеді.

— Бала тілінің шығуында кешеуілдеу болса, ақыл есінің дамуына сай болмайды деген қаншалықты дұрыс?

– Қоғамда адамдардың арасында баласы 2 жарым, 3 жастағы балалар анық сөйлемемесе, оған аса мән бермей жатамыз. Ал 4-5 жастан асқан балаларда дұрыс сөйлемеу анық байқалады. Тілінің кешеуілдеуі  болғандықтан, психикалық дамуында өзгеріс болды деген мәселе. Бала сөйлемегендіктен агрессивный болып, жанындағы балалармен сөйлесе алмайды, ойнай алмайды, қалауын айта алмайды. Сөйлей алмағандықтан, ақыл-есі дамымаған сияқты көрінеді.

– Жатырда жатқаннан баламен сөйлесу – бала тілінің ерте шығуына себеп болады дегенге көзқарасыңыз қандай?

– Исламда да, психология да, медицинада да баламен жатырда жатқаннан сөйлесудің пайдалы екені дәлелденген. Бала құрсаққа біткеннен бастап, баламен тілдесу керек. Жүктілік кезінде ананың көңіл күйі қандай болса, бала ананың барлық психикалық жай күйін өзіне қабылдайды. Негізі бізде мынадай қате ұғым бар, іште жатқан бала не түсінуі мүмкін, туылған соң сөйлесеміз деген. Туылған соң да 6 айға дейін бала не түсінеді деп тағы ойлап, көп ата-аналар сөйлесе қоймайды. Тіпті балалары 5-6 жасқа келсе де сөйлеспейтін ата-аналар бар. Бастысы, баласының тамағы тоқ, көйлегі көк, қолында телефоны болса деп жүре береді. Ал баламен сөйлесу, оған өлең айту, оның ойын білу, бірге қызықты уақыт өткізу – ең маңызды нәрсе. Сол үшін балаға көп көңіл бөлу қажет. Кейін оны мықты дефектологқа апарып, мықты психологпен жұмыс істесеңіз де, мейлі қымбат дәрумендер алып берсеңіз де ананың қолдауы, қарым-қатынасы болмаса, ештеңе де көмектеспейді. Балам ақылды болсын, тілі ерте шықсын десек, әр ана бесік жырын айтуы  керек.

– Қанша жастан бастап, қандай жағдайда мамандардың көмегіне жүгіну қажет?

Әрдайым осы сұраққа жауап берумен келеміз. Әр бала әртүрлі дамиды. Мәселен, кейбір балалар акселерат, кейбірі тіспен туады,  тіпті үш жаста бірнеше тілді меңгерген балалар да болады. Сол сияқты логопед, дефектолог,  невропотолог мамандардың барлығы үш жастан бастап қабылдап, барлық жағдайын тексереді. Негізі бір жасқа дейінгі бала 20 сөз, 2 жастан 3 жасқа дейін 200-300 сөз білуі қалыпты жағдай болып саналады. 3 жастан бастап сөздік қорында 500 сөз болуымен қатар сөйлем құрай алуы керек.  Егер балаңыз бір жасқа келсе де сөздік қорындай сөз болмай, назар аударуы тұрақсыз болса жедел түрде невропотологтың көмегіне жүгіну қажет.

– Үш жастан асқан бала толық, еркін сөйлеуі үшін қандай жағдай жасау керек?

Баламен көп тілдесу, ойын білу, бірге теледидар қарап, бірге өлең айту керек. Сондай-ақ, тақпақ, жаңылтпаштар жаттатқызу бала тілінің шығуымен қатар ой-өрісінің дамуына да көп ықпалын тигізеді. Ең дұрысы, баланы балабақшаға беру. Бос уақытында ұсақ қол моторикасын дамытып,  пластилиннен түрлі мүсіндер жасап, сурет салу көп көмектеседі. Үй жағдайында ұсақ қарақұмық пен күрішпен де түрлі ойындар ойнауға болады. Сөйлесетін ата-әжесі болса, тіптен жақсы.

– Қатты қорқып қалу да кеш сөйлеуге әсер ете ма?

Кеш сөйлеуге көп нәрсе әсер етеді. Айтып кеткеніміздей, ананың жүктілік кезіндегі жағымсыз жағдайлар, яғни шошынып қалу, еңбектей бастаған уақытында қатты қорқу деген сияқты түрлі жағдайлар, соққылар, апатты жағдайлардың барлығы әсерін бермей қоймайды.

– Тұтығып сөйлеуді кеш болып кетсе де емдеуге болады ма?

Бала не нәрсені де бойына тез сіңіріп алады. Яғни, өзінен үлкен аға-әпкелерімен телефонда қажетсіз ойындар ойнап, қорқынышты фильмдер көріп қорқып қалған жағдайда бала тұтығып сөйлейтін болуы мүмкін. Сондай-ақ, үйдегі ұрыс-керіс, балаға қатты айқайлаған жағдайда, не болмаса бала қатты күліп жатқан сәтінде шошытып жіберсе, психикасына қатты әсер етеді. Егер баланың тұтығып сөйлеуін байқаған жағдайда алғашқы 2-3 айдың ішінде дереу емдетуді бастаған жөн. Тұтықпа өздігінен уақытымен оңай жазылмайды. Ол үшін бір емес бірнеше маманның көмегіне жүгіну керек екенін көп ата-аналар біле бермейді. Тұтықпа көп жұмысты қажет ететін диагноз болғандықтан, ата-аналары шыдамдылық танытқаны дұрыс. Оны емдетуге де көбісінің әлеуметтік және материалдық жағдайы жетіспейді. Ал осының барлығына шыдамдылық танытып, жұмыс жасаса, тұтықпадан құтылуға болады.

– Бұлшықеттің жақсы жетілуі сөйлеуге әсер ететіндіктен, сүйек мүжу, құрт жеу керек деген түсініктер қаншалықты дұрыс?

Сүйек мүжу, құрт жеу, сағыз шайнау бұлшықеттің дамуында маңызды рөл атқарады. Бүгінгі балалар ет жемейді, далада ойнамайды, бұлшықеттері әлсіз, гипертонустары қатты болады. Ата-аналардың қателіктерін айтар болсам, балада гипретонус болған жағдайда массажға апарып, денесін мыжғылатып, кері әсерін тигізетін жағдайлар жасайды. Дұрыс-бұрысын анықтамай, логопедке апардым ба апардым, міндетімнен құтылдым деп қоя салады. Өздеріне керекті жұмыстарын жасамайды. Тағы бір жағдай, көп аналар баланың қолына қасық ұстатып, өзі тамақ жеуіне, өз бетінше киінуіне жағдай жасамайды. Қазіргі жас ата-аналардың жүйкесі әлсіз десе де болады, балаларының тамақты шашып-төгіп жегеніне шыдамайды. Сондықтан баланың қол моторикасы дамымай, тілі де ерте шықпайды. Бала болған соң қармен, таспен, құммен ойнағысы келсе де шектемеу керек. Шашқысы келсе, шашсын, күннің көзінде көп ойнасын, балалармен ойнауына, араласуына көп мүмкіндік жасау – бала үшін пайдалы. Жалпы, баланы қорапта өсірмеу керек.

– Ата-аналарға берер қандай кеңесіңіз бар?

–  Ата-аналарға айтарым, балаңызды үнемі дамытып отырыңыз. Әртүрлі өлеңдер, жаңылтпаштар, әндер жаттатқызу қажет. Бірге билеп, түрлі үйірмелерге беріңіздер. Кешкісін ұйқыға жатарында қызықты ертегілер оқып беріңіз, әңгімелесіңіз, сонда баланың дамуы да, сөйлеуі де жақсарады.

Тегтер: бала ата-ана тәрбие тал бесік тіл тіл білімі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан Арын 14:30
Ұлттық құқықты дамытатын кезең келді
Сайт әкімшілігі 11:45
Алматы әкімдігі ұлттық құндылығымызды неге қорлап отыр?! (видео)
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 11:01
Ұялы телефонға тәуелді ұрпақ
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09:06
Алты ай іздеуде болған әйелдің денесі табылды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.04.2021, 16:45
Ашаршылық кезінде ашылған балалар үйі неге жермен-жексен?
Еркежан АРЫН 22.04.2021, 15:50
COVID-19: емдеуде халықаралық тәжірибе алмасу – маңызды қағида

Аңдатпа


  • Жасымнан жол сілтеген шамшырағым
    09:03
  • Қонаевтың іс-әрекеттерін қалай бағалауымыз керек?
    21.04.2021, 09:13
  • Бердіқұлов тағылымы
    21.04.2021, 09:03
  • Жыры бітпеген электронды жүйе
    20.04.2021, 10:10
  • Артық мұнай қоры бітуге жақын - БАҚ
    19.04.2021, 10:25