Баланың мұңын кім тыңдайды?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

24.09.2021, 13:06

764

Күні кеше ғана Отбасы күнін атап өттік. Осындайда елімізде толық емес, ажырасқан отбасылардың көбейіп бара жатқаны жаныңды ауыртады. Өзара тіл табыса алмай, бақыттарын басқа жақтан іздеген әкеге әйел, анаға күйеу табылары анық. Ал бала ше? Көп жағдайда қара бастарының ғана қамын ойлаған ерлі-зайыптылар ажырасудың балаға қаншалықты кері әсер ететінін ойлай бермейді. Тіпті баланы басты «көзір» етіп, ұрпағын жылдар бойына өзара есеп айырысу құралына айналдырып алатын ата-ана да аз емес.

       Осы мәселеге орай, адвокат Кәрібай Тасшабаев: «Әкесі алимент төлеген жағдайда баласын көрсетіп, есепшотқа алимент түспей қалған айларда аяқасты баласын әкесіне жібермей, өзара ұрыстарына куәгер етіп, тіпті баланы бір-бірінен ұрлап алып қашып, ажырасу кезінде баланы ойыншық етіп, өз баласын өзімшілдіктерінің құрбаны ететін ата-аналар аз емес. Сот процесі кезінде ажырасушылардың осындай әрекеттеріне жиі куә болып жатамыз», – дейді. Расында да, елімізде отбасылық өмірдегі түсініспеген жағдайда мәселені барынша түсіністікпен талқылап, балаларын өзара бас араздықтарының құрбаны етуден қашатын ерлі-зайыптылар өте сирек кездеседі. Соңғы бірнеше жылда қазақ қоғамын дүр сілкіндірген оқиғалар соның дәлелі деп айта аламыз. Ажырасқан соң, бірнеше жылдан кейін ер адамның өзінің бұрынғы әйелін пышақтап кетуі, аңдып келіп бензин шашып, бұрынғы әйелін өртеп жіберуі, балаларының көз алдында әйелін пышақтап, ауыр жарақаттаған оқиғалардан-ақ елімізде ажырасу мәдениетінің әлі қалыптаспағанын аңғарамыз. Ажырасу оқиғаларының көбеюімен бірге, осындай жағдайлардан зардап шегетін балалар санының артуы мәселесінің де өзекті болып отырғанын байқауға болады.

Отбасылық жанжалдармен көбірек ұшырасатын адвокат Кәмшат Есмұхаметқызының айтуынша,ажырасу кезінде ерлі-зайыптылар балаларын бір-біріне қарсы қоюға көп пайдаланып жатады екен. «Бұл өте сорақы нәрсе. Бізде ата-аналар балаларын қауіпті жерге тастап кетсе не дұрыс тәрбие бермесе ғана жазаланады. Ал ажырасу кезінде балаға қысым көрсетпеу мәселесі заң жүзінде қарастырылмаған. Шындығында, ол баланың болашағына қатты әсер ететін маңызды мәселе. Елімізде ажырасу оқиғаларының көбейіп кетуіне орай, осы бағыттағы заңнамаларымызды жетілдіруіміз керек.Ата-аналарының арасында не болғанын жете түсінбеген, бірақ ата-аналары тарапынан қысымға ұшыраған балалар стреске түсіп, үйінен қашып, көшедегі бұзақыларға қосылып кетіп жатады. Сондықтан мүмкіндігінше ажырасу кезінде балалардың психологиясына зақым келтірмеуге ерлі-зайыптылардың екеуі де тырысуы керек. Негізі, әлі ақыл-ойы толық қалыптаспаған, үлкендердің мәселесін жете түсінбеген бала ересектердің ықпалымен түрлі жағдайға ұшырауы мүмкін. Балаға жаманшылықты үйретпеу, ата-аналардың бір-бірін жамандап, бір-біріне қарсы қоймауға шақыратын заң жобасы басқа елдерде бар. Солардың тәжірибесіне сүйене отырып, баланың балалық шағының алаңсыз өтуін қарастыратын арнайы заң керек. Әсіресе бұл заң біздің елімізге өте керек. Менталитет пе екен, ажырасу кезінде әке мен шеше балаларына жабысып қалады. Бір-бірін жамандап, баланы барынша өзіне жақ қылып, тіпті күш көрсетуіне балаларын куә етіп жатады. Не әкесі, не анасы баланың өміріне ажырасуларының әсер етпеуін ойламайды. Бұл олардың ата-аналық жауапкершілігінің де төмендігінен болса керек. Көбіне отбасына қатысты істерде сот отырыстарына қатысатындықтан, мұндай жағдайға жиі куә боламын. Бұл мәселеге тиісті орындар араласуы керек. Әйтпесе жағдай ушығып барады», – дейді.

Ресми деректерге сенсек, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір екінші неке ажырасумен аяқталуда. Олардың 83 пайызының ортақ балалары бар көрінеді. Сондай-ақ 400 мың ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 мың жалғызбасты әке бар екен. Осы статистикаға қарап-ақ ажырасу салдарынан қаншама баланың психологиялық соққы алып жатқанын аңғару қиын емес. Өкінішке қарай, зорлық-зомбылықтың көп бөлігі балалар болған кезде жасалып, ұру мен зорлауды қоса алғанда, зорлық-зомбылық актілерінің шамамен 50 пайызы балалардың көзінше жасалады екен.  Қазақ қоғамында ажырасудың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қалыпты жағдай болып бара жатқаны, көп жағдайда ерлі-зайыптылардың бір-біріне шамалары жетпеген кезде балаға күш көрсетуі, баланы есеп айырысу құралы етіп отырғаны жүректі ауыртады. Өз әке-шешесінен мұндай қысым көрген баланың ертеңі қалай қалыптасады? Ең қорқыныштысы да осы.

Ажырасуды қалыпты жағдай санайтын, қатыгездікке қанып өскен ұрпақ қалыптаспасын десек, мәселенің түйінін бүгін шешкен жөн.

Маман не дейді?

      Маргарита Өскембаева, балалар психологі:

     – Ажырасу кезінде балалардың көбірек зардап шегетіні рас. Алайда ерлі-зайыптылар өзімшілдікпен оған мән бере бермейді. Сондықтан мүмкіндігінше ажырасудың алдын алып, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігін көтеруге тырысу керек. Ажырасу кезіндегі күйзелістен балаларды арашаламасақ, отбасы құндылығын түсінбейтін қатыгез ұрпақ көбейеді. Ерлі-зайыптылардың небір қатыгездіктері балалардың көз алдында өтуде. Сондықтан ажырасу кезіндегі бала құқығына қатысты заңнаманы жетілдіру керек.

Тегтер: қоғам ажырасу ерлі-зайыпты

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 22.10.2021, 19:23
Қуатты өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31