«Балық басынан шіриді»

Құрбандыққа шалынған директор ма, әлде заң ба?

Б.СӘРСЕНБИ

22.06.2021, 11:41

4736

Түркістан облысының мұғалімдері тағы да  шулатып жатыр. Әлеуметтік желінің белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы өткен аптада фейсбуктегі парақшасында видео жариялады. Бейнекөріністе жас шамасы отыздардағы әлдебір азаматша рульде отырған жас жігітке боқтық сөздерді қарша боратып, тіпті қол жұмсайды. Видеодағы басты кейіпкердің Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы А.Шерімқұлов атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары екені  көпшіліктің жағасын ұстатты.

Мектептегі тәрбиеге жауапты ұстаз осындай әдепсіздікке барса, басқасынан не күтуге болады? Қазір жоғарыда аталған мектеп директоры Өмірзақ Ақбөпе мен ғаламтордың «жұлдызына» айналған оның орынбасары Ұлжан Елмұратова әлеуметтік желі арқылы осы оқиғаға түсінік беріп жатыр. Олардың айтқан сөздері бір-біріне қайшы келеді. Тіпті қайсысының сөзіне сенеріңді білмей дал боласың.

Әркімнің айтар өз шындығы бар. Елмұратованың берген түсініктемесіне қарағанда, оқиға Бадам ауылында болған. Сол күні түнгі мезгілде жеке көлігімен келе жатқан оны теміржол өткелінде отыз шақты машина қыспаққа алып, рульде отырған жігіттер әдепсіздік көрсетіпті. Ашуға шыдай алмаған ол өзінің не істеп қойғанын білмей қалған көрінеді.

Елмұратова мектепте алдымен қойма меңгерушісі болып істепті, одан кейін бастауыш сыныптарға дене тәрбиесі бойынша үйірмелерде сабақ берген, былтыр күзде директордың орынбасары лауазымына тағайындалған. Мектеп директоры Өмірзақ Ақбөпе республикалық телеарнаға берген сұхбатында Елмұратованы тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлыққа аудан әкімі орынбасарының ықпалымен алуға мәжбүр болғанын алға тартты. Алайда Елмұратова бұл қызметке директор Ө.Ақбөпенің тікелей ұсынысымен тағайындалғанын айтып отыр. Тіпті ол директор қайта-қайта емеурін білдіріп қоймаған соң, «жолын жасағанын», дәлірегі 200 мың теңге қаражатты «Kaspi Gold»-ына салып жібергенін де жасырған жоқ. Бұл, әрине, нақты айғақсыз айтылған сөз болса да, Ө.Ақбөпе үшін ауыр айыптау екені рас.

    Осы оқиға бойынша Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті арнайы тексеру жүргізді. Нәтижесінде директор да, орынбасар да қызметінен босатылды. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының (облыстық білім басқармасы қазір осылай аталады) таратқан мәліметі бойынша, 18 маусымда А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектепте Түркістан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы, Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі және А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің әдеп кеңесі мүшелерінің біріккен кезектен тыс көшпелі кеңесі өткізілген. Ақбөпе қызметінен кеңестің ұсынысы бойынша босатылған. Оған өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше атқармағаны және өрескел заңбұзушылық жасағаны себеп болыпты. Ал оқу-тәрбие ісіне жауапты қызметкер бола тұра, моральға қайшы іс-әрекеттер жасағаны үшін Елмұратова директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен кезекті еңбек демалысы аяқталған соң  босатылмақ.

Қазір әлеуметтік желіде директор Ө.Ақбөпенің «құрбандыққа шалынғаны», орынбасарының әдепсіздігі үшін оны жұмыстан кетірудің әділетсіздік болғаны айтылып жатыр. Алайда облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының таратқан мәліметіне қарағанда, директор орынбасарының теріс қылығы үшін емес, қызмет барысында жіберген кемшілігі үшін босатылған. Ө.Ақбөпе онсыз да биылғы ақпан және маусым айларында жұмысында жіберген кемшіліктері үшін «ескерту» және «сөгіс» түрінде тәртіптік жазалар алған болып шықты. Ал өрескел заңбұзушылықтарды ол Елмұратоваға қатысты шешімдерді қабылдау барысында жіберген. Ө.Ақбөпе былтыр Елмұратованы біліктілік санаттарының сәйкес келмейтініне қарамастан, өзінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындаған. Директор тіпті Елмұратовадан заңға сәйкес өтінішін де алмаған, еңбек шартын да жасамаған. Яғни Өмірзақ Ақбөпенің жоғарыдағы дөкейлердің тапсырмасын орындау барысында (егер, әрине, оның бұл сөзі рас болса) заңды құрбандыққа қиғаны байқалады. Сонда директор үшін жоғарыдағылардың берген тапсырмасы заңнан да жоғары болғаны ма? Осыдан кейін оның қызметінен босатылуын әділетсіздік деп атауға бола ма?   

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев та осы мәселеге орай көпшілікке түсініктеме берді. Облыстың бас ұстазының айтуынша, директор Өмірзақ Ақбөпе тек атқарып отырған лауазымынан босатылды, ол алдағы уақытта мектепте мұғалім немесе директордың орынбасары болып істеуіне құқылы. Қазір Ордабасы ауданындағы барлық білім ұяларында  тексеріс жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша кемшіліктерге жол бергендерге шара көрілетін болады.

Бір қызығы, директор Ө.Ақбөпенің заңсыздыққа жол бергенін қит етсе білім ұяларын қайта-қайта тексере беретін бақылаушы органдар қалайша байқамай қалған? Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі қайда қарап отыр? Бұл сұрақ жауапсыз қалды. Ал директор Ө.Ақбөпеге тапсырма беріп, Ұ.Елмұратованы «завучтыққа» алдырды деген Ордабасы ауданы әкімінің орынбасарына қатысты қызметтік тексеру жүргізіле ме, әлде бәрі «жабулы қазан жабулы» күйінде қала ма? Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті бұған не дейді?

Жалпы, Түркістан облысының білім саласында шулы оқиғалар соңғы жылдары толастамай кетті. Қайбір жылдары Түлкібаста «емтиханға строго 2000 теңге алатын» колледж мұғаліміне қатысты видео ғаламторда хитқа айналған. Сарыағашта зорланған жеті жастағы баланың мәселесі де шетелдің  ақпарат құралдарында жарияланды. Былтыр мен биылдың өзінде облыстағы қаншама мектеп, балабақша, колледж басшылары парамен ұсталып, сотталды. Осы жуырда ғана «Жас Алашта» Кентау қаласында бір мектеп директорының мамандарды жұмысқа қабылдайтын арнайы бағдарламаны қитұрқылық жолмен айналып өтіп, пара алғаны, ақыр аяғында сот үкімімен айыппұл салу жазасына кесілгенін жазған едік. Биылдан бастап облыстағы барлық білім ұялары аудан әкімдіктерінің құзырынан алынып, тікелей облыстық білім басқармасына (адами әлеуетті дамыту басқармасы) өтті. Бұдан не өзгереді? «Баяғы жартас – сол жартас». Осының бәрі де «балықтың басынан шіріп» жатқанын, білім саласындағы қалыптасқан жүйенің дұрыс еместігін  көрсететін сияқты.

P.S. Соңғы бір-екі күнде әлеуметтік желіде Ұ.Елмұратованың өз-өзіне қол жұмсап, ауруханаға түскені жазылуда. Бадамдағы оқиғаға осымен нүкте қойыла ма?

Тегтер: оқиға қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»
Сайт әкімшілігі 11:34
Вирус жұқтырғандардың саны 7778-ге жетті
Дайындаған Айдын ОЛЖАЕВ 09:00
Ей, енді не істейміз?
Дарын ЗАМАНБАЙ 29.07.2021, 08:41
Жалқау қазақтың ғалымдары да жалқау болды
Еркежан АРЫН 28.07.2021, 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15