Бар кінә өзімізде

Б. НҰРЛЫБАЕВ

17.09.2020, 05:03

3466

      Сөзімді осыдан 3-4 жыл бұрын «Караван» газетінен оқыған мақаладан бастамақпын. Алматы облысының бір ауылында тұратын әзірбайжан мен курдтар «бұдан былай балаларымызды қазақ мектебінде оқытпаймыз» деп, арыз жазып, орыс мектебін ашқызып алады. Мұндай парадоксты (адам сенбейтін оқиғаны) жер бетінде орналасқан бізден басқа мемлекеттерден кездестіре алмайсың. Кез келген өркениетті елдің азаматтары сол елдің мемлекеттік тілін білуге, сол тілде білім алуға міндетті. Мемлекеттік тілді білмейтін адамға азаматтық берілмейді, қызметке қабылданбайды. Жаныңа бататыны сол – тек Қазақстанда ғана өзге ұлт өкілдері (өзбек, ұйғыр, тәжік) бірінші сыныптан бастап ана тілінде білім алады. Олар мемлекеттік тілден емтихан тапсырмайды. Мемлекеттік тілді білу шарт емес. Олар үшін мемлекеттік тіл – орыс тілі.

     «Мемлекеттік тілде арыз жаз немесе мемлекеттік тілде сөйле» деп айтып көріңіз. «Менің құқығым бұзылды» деп байбалам салады. Сірә, кезінде елбасымыз «орыс тілінде берілген сұраққа қазақша жауап беретіндерді сотқа беру керек» деп тегін айтпаса керек. Өкінішке қарай, арамызда «қазақ», «қазақ тілі» десе ат-тонын ала қашатын, тіпті өзінің қазақ болып туғанына намыстанатын қандастарымыз кездесіп қалады. Тап осы азаматтар қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайды, сондықтан балаларын орыс мектебіне береді.

       Дәлел ретінде тағы бір мысал келтірейін. Тамыз айының аяғында бір шаруамен №60 орыс мектеп-гимназиясында болдым. Ғимарат ішіне кірген бетте көзіме қабырғада ілулі тұрған 1-сынып оқушыларының тізіміне көзім түсті. Сыныптардың ұзын саны жетеу екен. Бір сыныптағы оқушылардың тізімін бастан-аяқ қарап шықтым. 35 баланың 20-сы өзіміздің қарадомалақтарымыз болып шықты. Қалған сынып тізімдерін қарап шығуға уақытым болмады. Вахтер әйелден сұрап білгенім: мектептегі оқушылардың жалпы саны 2500-ден асып түседі екен. Демек, осы оқу орнында 1000-нан астам қазақ баласы орыс тілінде білім алады. Бұл бір мектептегі ғана көрсеткіштер. Бүкіл республика көлемінде бұл цифрдың қанша есеге көбейетінін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Көңілің құлазиды. Намысың келеді.

      Орыс тілінде оқып, ана тілінен, халқының әдет-ғұрпынан қағылып қалған адам түрі қазақ болса да, еш уақытта ұлтжанды бола алмайды. Оның баласы да орыс мектебінде оқиды. Бұдан шығатын қорытынды: бізде мемлекеттік тілді насихаттау жұмысы және жастарымызға тәрбие беру мәселесі (Отанына, ұлтына, ана тіліне деген сүйіспеншілікке баулу) ақсап тұр. Өз басым асыра сілтеушілікті жақтамаймын. Украина мен Прибалтика елдеріндегідей орыс мектептері жабылсын демеймін. Неге біз армяндардан үлгі алып, «қазақ балалары ана тілінде білім алуға міндетті» деген заң шығармаймыз? Бала өз ана тілінде оқып білім алса, оның несі айып?

     «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 31 жыл болды. Осы уақытта құлаш-құлаш мақала жаздық, талай жиналыс, конференция өткіздік. Бірақ қанша егілсек те, нәтиже болмады. Қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне жете алмады. Барлық салада орыс тілі үстемдік етіп, мемлекеттік тіл қызметін атқарып жатыр. Өзіміз ескі әдет бойынша өтініш-арыздарды орыс тілінде жазамыз. Арамызға кездейсоқтан бір орыс қосылса, бәріміз орыс тілінде сайрай жөнелеміз (әрине, ақкөңіл халық болған соң, өзгелерді ренжіткіміз келмейтін шығар). Әсіресе елге үлгі болар атқамінерлеріміз (министрлер, әкімдер, депутаттар) орыс тілінде сөйлеу әдетінен арылар емес. Әрине, оқта-текте қазақ тілінде сөйлейтіндері бар. Бірақ олар қағазға басылған тексті амалсыздан оқиды. Сондықтан айтқан сөздерін шын жүректен айтылған сөз ретінде қабылдай алмайсың.

       Меніңше, «Тіл туралы» заңды қайта қарап, оған өзгерістер мен  толықтырулар енгізу қазіргі күн талабы. Әрине, біз орыс тілінің қолданылуына тыйым салынсын деген ойдан аулақпыз. Орыстілділер басым өңірлерде орыс тілі бұрынғыша мемлекеттік тілмен бірге өз функциясын атқара берсін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: елтаңба, әнұран сияқты мемлекеттік символика болып саналатын қасиетті қазақ тілінің мәртебесін түсірмеу үшін күресті тоқтатпайық. Оның қазіргі және келешек тағдыры өз қолымызда. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 17:05
Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
Айжан БҮРКІТБАЕВА 16:52
Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
Сайт әкімшілігі 11:09
Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
Сайт әкімшілігі 10:54
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
Бифат ЕЛТАЕВА 27.11.2020, 16:22
Атыраудағы зейнеткердің жанайқайы: емхана емдемейді, әкімдік тыңдамайды
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 11:31
Жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүрмейтіні мәлім болды

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    13:30
  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    27.11.2020, 09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16