Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

30.11.2022, 08:45

1125

Кешегі аптада сенатор Дәурен Әділбеков халыққа қолжетімсіз болып отырған мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды сынға алды. Шыны керек Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде халықты баспаналы етуге арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оны жүзеге асыруға бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Әйтсе де еліміздегі шын мұқтаж жандардың мемлекеттік бағдарламаға ілінуге құжаты сай келсе, төлем қабілеті сай келмей немесе төлем қабілетін дәлелдей алғанымен, тағы бір талабына сай бола алмай талай отбасы мемлекеттік бағдарламалардан шет қалып отыр.

Аты бар, заты жоқ мемлекеттік бағдарламалардың арқасында еліміздегі баспана мәселесі шешілмей әлі күнге өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Осы мәселеге орай сенат депутаты «Отбасы банк» АҚ-да сыйақы мөлшерлемесінің диапазоны – жылдық 3,5-7 пайыз, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық бағдарламалары бойынша 19 пайызға дейін және одан жоғары. Олар елдің ипотекалық қоржынының 35 пайыздан астамын құрайды», – дейді. Салыстырар болсақ, Еуропада үй шаруашылықтарына орта есеппен – 1,4%, АҚШ-та – 3,6%, Австралияда – 4,9% пайызбен несие беретін көрінеді. Жалпы еліміз ипотека қолжетімділігінің жаһандық рейтингінде әлемнің 111 елі арасында небәрі 71-орынға ие екен.

Үй алам десең жетпей қалатын, атаулы әлеуметтік көмек алатын кезде асып кетіп жәрдемақы бұйыртпайтын жалақы да көп жағдайда үй алуға кедергі болатыны жасырын емес. Осы орайда атап өтер жайт, жалпы еліміздегі жүйе байығандардың одан әрі байып, ал кедейлердің ыңыршығын айналдырып отырғаны жасырын емес. Жақында ғана еліміздегі баспана иелерінің статистикасын жариялаған «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «717 мың тұрғында екі баспанадан бар. Оның ішінде 607 мың адамның басында екі пәтер, 84 394 адамның атында 3 жылжымайтын мүлік тіркелген. 16 509 адамның атында 4 жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген. Бір басында 5 нысаны барлардың саны әлдеқайда аз – 4 823. 1 935 адамда 6 пәтерден бар. Шамамен 147 адамның 20 және одан да көп баспанасы бар» деген дерек келтірген еді. Ебін тауып екі асағандар, мемлекеттік бағдарламаларға да ауыз салып, қос-қостан үй алып жатса, ал жағдайы жоқтар мемлекеттік бағдарлама арқылы бір пәтер алуға да шамасы жетпей отыр. Нәтижесінде ондай отбасыларды халықтың өзі мойнына алып үйлі етуде. Мәселен, бір жарым жылдың ішінде халықтан жиналған қаржымен 40 отбасыны үйлі қылған блогер Рысбала Икрамбай тек қана жолдасы немесе жұбайы бақилық болған, үш немес одан да көп балалары бар отбасыларды ғана баспаналы қылуды мақсат еткен.

Блогер кеше ғана кілтін тапсырған қырқыншы үйдің иесі Жақсылықтың тұңғышы 15 жаста, көзі 70% көрмейді. Ақыл-есі, дамуында кемістігі бар, мүгедектік тағайындалған. Екінші қызы 7 жаста сөйлеуінде, көруінде кемістігі бар екінші топтағы мүгедек. Үшінші қыз 5 жаста, жүрегіне ота жасап, есептен және мүгедектіктен жақында ғана шығарылған. Аналары 2020 жылы ковидтен қайтыс болған екен.

Тағы бір мысал осы блогердің ұйымдастыруымен халықтың қолдауымен 39-үйдің иесі атанған Нұрлан әкенің де жары жол апатынан қайтыс болған, құлағында ақауы бар. Үш қыз, бір ұлды бір өзі бағып қағып отырған әкеге үймен қоса көлікті де еткен. Осының алдында 38 үйлі болған Жәния да 32 жасында жарынан айырылған, 4 ұлды бір өзі бағып отыр. Тұңғышы 8 жаста, кенжесі 1 жастан асқан. Қайырымды жандардың арқасында біреудің ескі үйінде бір жыл тегін тұруға мүмкіндік алған анаға халық екі күнде үйлі болуға ақша жинап берген. Тізе берсек жарты жолда серігінен айырылып, үйлі болмақ түгілі тағдырдың тауқіметінен еңсесін көтере алмай қалған жандар жетерлік көрінеді. Блогердің ұйымдастыруымен үйлі болған жандардың еңіреп жылап тұрып, халыққа айтқан алғысын көзіңе жас алмай көру мүмкін емес.

Әрбір үйді жөндеуден өткізіп, бүкіл керек-жарақ, балаларға киім-кешегімен, азық-түлігін түгелдеп кіргізіп беру – халықтың ғана қолынан келер жақсылық екені даусыз. Серігінен айырылғаны аздай, шиеттей бала-шағамен пәтерден пәтерге көшіп жүрген отбасыларды халық қарық қылғанша мемлекеттің көзіне түспеуі, мемлекеттік қолдауға ие бола алмауы қынжылтады. Тіпті мемлекеттік бағдарлама арқылы бөлінген миллиардтар мен триллиондардың мұндай отбасылардың жыртығын бүтіндемек түгілі, сапасыз салынған үйлерімен әшкере болып, істі болып жатқаны бөлек әңгіме. Мемлекеттің қайырымсыз мемлекеттік бағдарламаларына ілінбейтін мұндай отбасыларды әзірге қазақ халқының қайырымдылық қасиеті құтқарып тұр.

Қазақты баспанамен қамтуды көздеген барлық мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыны есептесек ми айналдырар сандарға тап боларымыз анық. Бір ғана «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасын мысалға келтірер болсақ. 2017-2021 жылдарды қамтыған бағдарлама аясында 1 трлн 675 млн теңге бөлінген. Алайда бағдарлама бойынша 122 қылмыстық іс қозғалған көрінеді. Яғни бағдарлама аясында заң бұзушылықтар көп болған. Мұндай жағдайда мемлекеттік бағдарламаның көздеген межесіне жетпеуі де заңдылық. Ал еліміз бойынша пәтер кезегінде тұрғандар саны 622 мыңға жуықтайды. Оның 250 мыңға жуығы халықтың әлеуметтік осал топтары. 215 мыңнан астамы мемлекеттік қызметкер және 92 мыңға жуығы көпбалалы отбасылар екен. Халық санының өсуі мен урбанизация арқасында бұл сан әлі де еселеп өсе түсуі мүмкін. Ондай жағдайда баспана мәселесі еліміздің мәңгілік басты мәселесі болып қала беретін секілді. Ал шын мұқтаж, шиттей бала-шағасымен көрінген есікті жағалап жүрген, тұрмыс тауқіметінен балалары да ауру сырқау, асыраушысынан айырылған жандарды баспаналы ету – халықтың мойнына артылған жүк болып тұра беретіндей. Өйткені мемлекеттік бағдарламалар олар үшін қолжетімсіз...

Тегтер: баспана мәселе халық қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әсет МАТАЕВ 02.02.2023, 14:15
Біздің ұрпақ мәселелерді шеше алады!
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 02.02.2023, 07:20
Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
Сайт әкімшілігі 01.02.2023, 14:24
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие алу үшін банк шарттары аталды
Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ 01.02.2023, 11:26
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер!»
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ 01.02.2023, 04:13
Сұмдық демеске лаж жоқ...
С. БӨКЕНОВ 31.01.2023, 16:35
Неге жерлеу рәсіміне арнайы қаражат бөлінбейді?

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16