Баспана үшін құл қылып

Жарас КЕМЕЛЖАН

19.04.2022, 05:07

1502

Тәуелсіздіктен бері жасалған мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсысын қарасаңыз да, ұлт тағдырына қарайласы саусақпен санарлық. Жазбамыздың айдарын да сол үшін осылай атап отырмыз. Кеңес одағы кезінде де, егемендіктен бергі отыз жылдың ішінде де Алматы мен астана сияқты үлкен мегаполистерде қазақ тағдыры үнемі таразыға тартылып тұрды. Мәселен, қазақтың ең әлсіз әрі жанды жері – баспанасы.

Егемендіктен кейінгі елең-алаңда жақсы өмір сүру үшін қазақ жаппай, қалаға қоныстанғысы келді. Бала-шағасын оқытып, тұрақты жұмыс істеп, тіршілік ету үшін тоқырау жылдары Алматыдан басқа таңдау кем еді. Бірақ ел астанасынан баспана сатып алу түгілі, пропискаға тұрудың өзі қиямет қайым-тұғын. Сол уақыттан бері мейлі ауылдағы ағайын болсын, мейлі қала жағалап, қарекеттеніп жүрген қазақ болсын, баспана зарын тартып-ақ келе жатыр.

Соңғы оншақты жылдың көлемінде баспанаға қатысты әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар шыға бастады. Мәселен, «Жас отбасы», «Алматы жастары», «Отбасы – 2020», «7-20-25». Үкімет үшін ауыз толтырып айтатындай-ақ бағдарламалар. Бірақ осының қай-қайсысын қарасаңыз да, халықты құл қылатын, өміріңнің жартысын ұрлайтын, пәтер үшін күні-түні жалданып 25-30 жыл ғұмырыңды сарп ететін, қазақтың есесін жейтін саясат.

Баспана бағдарламалары туралы экономистердің өзі қарапайым халық түсінбейтін тілде сөйлейді. «Бірге бірді қоссаң, екі болады» деген сияқты қарапайым есеп-қисаппен жетемізге құйып беретіндері аз. Кейде солардың өзі бағдарламаның шын кейпін түсінбейтін шығар, деген ойға қаласың. Өйткені көрінеу көзге 7 немесе 10 пайыз деп айтылғанымен, пәтердің құнын құйып болғанша, 100-120 пайыз еселеп төлейсің. Халық сауатсыз ба, әлде халықты түк білмейтін тобыр санай ма, біздің жүйеде ешнәрсе халыққа ұғынықты тілде түсіндірілмейді.

Тұрғын үй бағдарламаларымен баспаналы болғысы келген, осыны зерттеген адамдарды әңгімеге тарттық. Гүлжан Мақанова есімді келіншек екі бөлмелі пәтер алыпты. Былтыр 13 миллион теңге тұратын үйдің бастапқы жарнасы 2 миллион теңгесін төлеген. Қалған 11 миллионды банктен алады. Сөйтіп, ол қазір ай сайын 160 мың теңге төлеп отыр екен. Дәл осылай 15 жыл бала-шағасының аузынан жырып, беруге мәжбүр. Басқа амал жоқ.

Енді осыны қарапайым қосу-алу амалымен есептеп көріңізші. Бір жылда 2 миллион теңге кредит төлесе, 15 жылда 30 миллион теңге төлейді деген сөз. Сонда 11 миллион кредитті 30 миллион қылып қайтарады. Бұл халықты таза қанау. Тіпті 100 пайыздан артық үстеме ақыны банкке бересіз, банк сіз бен біздің еңбегімізді жеп өмір сүреді.

Гүлжан Мақанова: «Жаңадан ашылған «Ұмай» бағдарламасы да тура осылай екен. 16,5 миллионның үйін алсаң, 10 жыл бойы айына 248 мыңнан төлейсің. Қалған үш жылда 242 мыңнан төлейсің. Сонда 16,5 миллионға алған үйіңді 38 миллионмен жабады екенсің. Алған ақшаңның үстіне 22 миллион қосып бересің» – деп, артық төлемге ашынды.

          Тағы бір алматылық тұрғын Баян Жомартқызы да «Ұмай» бағдарламасының «тонау операциясы» туралы жаны күйзеліп тұрып, айтып берді. Ол: «Бұл бағдарламамен пәтер алу үшін отбасылық кірісіміз айына 640 000 тг болуы шарт екен. Оның ішінен әр балаға және әр ересек адамға 42500 теңге шығынды алып тастайды. Сол кезде сізге берілетін банк сомасы да азайды. Яғни 30 млн теңге береміз деп жазғанымен, жеме-жемге келгенде, 20 млн беретін болып шығады. Одан соң, өзің қалған ақшасын қосып, үй іздейсің. Бұл ақшаға Алматыдағы микрорайондардан, шамамен, 25-28 млн теңгеге 45-50 шаршы метрлік ескі үлгідегі 2 бөлмелі пәтер немесе жаңа үйден дәл осы көлемде 1 бөлмелі квартира ғана аласың. Сөйтіп, бар жиған-тергеніңді саласың да ең көп дегенде, 13 жылға несие рәсімдейсің. Ең қызығы, ай сайын төлейтін сомаңызды қараңызшы! 368 000 теңге. Осыны 13 жыл бойы төлеуің керек. Бәлкім, мынадай инфляция кезінде 3-5 жылда ол да ақша болмай қалатын шығар. Жарайды, оны қойшы. Бірдеңе қып табарсың, төлерсің дейік. Бірақ біз банктен алған 20 млн теңгені 13 жылдың ішінде 22 млн үстемеақымен қайтарады екенбіз. Яғни соңында 45 шаршы метрлік пәтерің 42 млн теңгеге бір-ақ шығады» – деп, қолмен қойғандай түсіндірді.

          Биліктің халықты жарылқап жатырмыз, ең төменгі пайызбен пәтер беретін бағдарламалар жасадық, деген қып-қызыл өтірік жарнамасының шынайы бейнесі осындай. Қазақты жарылқаған үкіметтің тұрғын үй бағдарламасы ешбір елде кездеспейтін 100 пайыздық үстеме ақымен халықты қанап отыр. Ащы да болса шындығы сол.

Тегтер: баспана мәселе халық қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01