26.11.2021, 09:01
1762
Бұл хат редакциямызға Амандық Баталов Алматы облысының әкімі болып тұрған кезде келген. Бір күн өтер-өтпесте Амандық мырза туралы өткен шақта сөйлеп отырамыз деп кім ойлаған?! Дәл газет беттелер күні таң азанмен оның орнына жаңа әкім болып Қайрат Бозымбаев келетінін хат иесі де, біз де болжап үлгермедік. Дегенмен, жаңа басшының ә дегенде екпіндетіп келетінін ескеріп, Баталов орта жолдан тастап кеткен шаруаны Бозымбаев қолға алар деген үмітпен өзгеріссіз жариялап отырмыз.
Редакциядан
Алматы облысының әкіміне
Ашық хат
600 орындық мектепте 1900 бала оқып жатыр
Республикалық «Жас Алаш» газетінің 28.09.2021 жылғы №78 санында жарияланған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атына жазылған «Депутаттан да, аудан әкімінен де жауап жоқ, Амандық мырза?» тақырыбындағы ашық хатты өз иесіне жеткізбей, орнына облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев осы газеттің 12.10.2021 жылғы №82 санында шала-шарпы жауап беріпті.
Ашық хатқа жауапта бүкіл елге жария болып отырған екі мәселенің бірі көптен бері айтылып та, жазылып та келеді. Тіпті екі рет жобалық-сметалық құжаттарды дайын тұрған мектеп стадионы қашан салынады деген нақты сауалды алыстан торғыта келіп, Панфилов ауданындағы жалпы спорт нысандарының санын тізіп, әлі салынбаған стритворкаут спорт алаңдарын да қосып және аудандағы жалғыз аты бар, бірақ заты жоқ бос тұрған Алты үй ауылындағы спорт кешеніндегі жабық жүзу бассейнінің жұмыс істеп тұрғанын (!) айтып кетіпті. Ал енді мектеп түбінен көшіп кеткен кәсіпорын орнына жапсарлай жаңа мектеп салу мәселесі жайлы тіпті тіс жарып, тіл қатпапты.
Көзі қарақты оқырман әрі қоғам белсендісі ретінде осы берілген жауапқа ҚР әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда шағым жасауға құқығым бар екенін ескере отырып, ашық хатқа берілген жауапқа қатысты тағы хат жазып отырмын.
«Кемеңгерге де кеңес керек, ай түнде керек, ақыл күнде керек». Артық кетсем кешірерсіз, Амандық Ғаббасұлы! Мүмкін болса мен жеке қабылдауыңызға жазылғым келеді. Бұл хат сізге жете ме, жетпей ме, білмеймін, бірақ, баспасөз хатшыңыз, өзге де жауапты қызметкерлеріңіз мұны сізге айтады ғой деп үміттенем. Әйтпесе, сіздің орынбасарларыңыз бас десең құлақ деп, нақты мәселеге келгенде тайсақтап кетеді екен. Қабылдауыңызға кіргенде айтпағым да басқа емес, алдыңғы хатта айтылған жайдың анық-қанығы.
Қайталап өтейін: Жаркент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектептің бір ерекшілігі бүгінгі таңда облыс бойынша тіркеліп отырған 740-тан астам орта мектептің арасында бір ғана мектеп баланысында тұрған 1,5 гектар спорт алаңы бар. Міне осы дайын жер аумағына заманауи талапқа сай трибуналы бар мектеп стадионы салынса деген мәселемен облыстық білім және спорт басқармаларында мақұлданып, келісілгенімен, әлі күнге тым-тырыс. Тіпті 2010 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бұл мектепке арнайы келіп, осы мектептің түлегі, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгер-интернационалист Шыңғыз Сатқалиев атына ескерткіш тақта орнатып, мектеп стадионын салуға мәжіліс депутаты ретінде уәде де берген. Содан бері қаншама жыл өтті, жыл сайын ары-бергіге хат жазып, сұрау салғанымызбен, болады не болмайды деген жауап ала алмай, пұшайман болып келеміз. Бұл стадион құрылысының жобалық-сметалық құжаттары да дайын тұр. Тек ары қарай іске асуы не үшін тоқтап тұрғанын өз назарыңызға алып, облыстағы бірден-бір ерекше мектеп стадионы салынуына өз тарапыңыздан тікелей ықпал етсеңіз деймін.
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» демекші, екінші мәселеге келер болсам, тағы да сол Жаркент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепке қатысты гәп. Биыл республика бойынша Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай, оның есімімен аталатын мектептерге қолдау көрсетіліп отырған тұста, осы мектеп түбінен 2013 жылы қоршаған ортаға зиянды қалдықтар бөлетін болғандықтан Жаркент крахмал-сірне зауыты амалсыз көшірілген. Осы мектеп сонау кеңес кезінде, 1972 жылы 600 оқушыға арнап салынған. Бүгіндері бұл мектепте үш тілде (қазақ, орыс, ұйғыр) оқушы саны 1900-дан асып, оқушылар қысылып-қымтырылып, үш ауысыммен оқыса да сыймай жатыр. Сондықтан осы мектеп жанынан көшіп кетіп, қазір бос тұрған кәсіпорынның әлі жеке меншіктегі жер иесі Закиржан Кузиев мырзадан осы жер мемлекетке қайтарылып, жаңа мектеп салынса дейміз. Бұл сауалға ауыса беретін аудан әкімдеріне, ішінде өзіңіз күні кеше ғана облыстың бас архитекторы етіп тағайындалған Т.Бектасов мырзаға айтсақ, олар орынбасарларына сілтеп, орынбасарлары құзыреттері жетпейтінін айтып, жер бөліміне сілтеп, ал жер қатынасы кадастірлігінде отырған қызметкерлер мектеп жанындағы жердің заңды меншік иесі бар екенін айтып, су аяғын құрдымға жібереді.
Әлде ешкімнен ықпайтын, қарапайым жұртпен санаспайтын «кісі», көшіп кеткен кәсіпорын иесімен бір келісімге келе алмай жатыр ма? Ол мына пандемиялық жағдайды пайдаланып жерді басқа біреуге сатып жібере ме деген де ой келеді… Бәлкім, мектеп карантинге жабылып қалса, қайта көшіп келіп кәсібін әрі қарай дөңгелетуден де үміттенетін шығар?
Бұл менің жеке басымның мәселесі емес, «еститін мемлекет» құрып отырып жолдауларында үкіметке үш ауысымдық мектептерді жою туралы тапсырма беріп және еліміздегі осындай мектептерді анықтап, жаңадан 1000 мектеп салу туралы айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы базына хатымды оқып қалар деген оймен «Жас Алашқа» зарымды жолдап отырмын.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР