Бензин бағасы «безілдеп» тұр оны қалай ауыздықтаймыз?

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

05.05.2021, 13:17

1815

Қазақстанда әр жыл сайын бензин бағасы секіріп тұратыны қалыпты құбылысқа айналған. Биыл жыл басында Оралда АИ-92 маркалы бензиннің литрі 170 теңгеге бір-ақ шықты. АИ-95 маркалы бензиннің литрі 180 теңгеге жетті. Халық абыржып ажиотаж туындағасын, кейбір жанармай бекеттері талонмен беруге көшті. Мұнайға мұртымызды малып отырып, бензинге жарымауымыздың сыры неде? Сараптап көрейік.

Біріншіден, әлемде мұнай құны қаншаға құлдыраса, одан алынатын өнімдер соншалықты арзан болуы керек деген түсінік дұрыс емес. Мысалы, жанармай бекеттеріндегі 1 литр бензин бағасындағы шикі мұнайдың үлесі 25 пайыз ғана, көтерме саудадағы тоннасы шамамен 60 мың теңге. Қалғаны қосымша шығындар. Қарапайым тілмен айтқанда, өндірілген мұнай арнайы зауытта өңделеді. Одан әрі өндіруші бензинге акциз, мемлекетке салық төлейді, оған жанармай бекеттері тарапынан цистернамен әрі-бері тасымалдауға, банктік несиелерді төлеуге, мұнай базаларында сақтауға, қызметкерлерге жалақы төлеуге кететін және тағы да басқа шығындарды қосамыз. Сонда көтерме саудада тоннасы екі есеге өсіп, ҚҚС-ті қоспағанда, 100 мың теңгеден асып жығылады.

Осы жағдайда бензин бағасы күрт шарықтап кетпеуі үшін Қазақстан тарапы не істеді? Жанармай бағасын субсидия арқылы ұстап отырды. Нәтижесінде біраз жыл бензиннің литрі 150-165 теңге аралығында болды. Ал көрші Ресейдегі бензиннің әр литрі ұзақ уақыттан бері 50 рубль (250 теңге) төңірегінде. Бұл, сөз жоқ, трейдерлер үшін қызғылықты жағдай, көзді ала беріп контрабандаға көшетіндер де табылды. Еуразиялық одақта, ортақ нарықта отырғасын оны толығымен тоқтату қиын.  

Екінші жағынан, елдегі бензин бағасын субсидиямен жасанды түрде төмен ұстау да тиімді шешім емес әрі ол Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына да қайшы. Сол себепті 2021 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанда бензин құны еркін нарыққа жіберілді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістердің себептері келесідей: ішкі нарықтың көлемі өсті; мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқтала келді; мұнайды сатудан түскен пайда азайғандықтан, бағаны субсидиялауға жұмсалатын Ұлттық қор қаржысы кеміді. «Субсидия болмағасын жанармай бағасы қымбаттайды. Бұл қалыпты үрдіс. Түптің түбінде бензин бағасы Ресейдегі жанармай нарығымен теңеседі», – деп отыр сала мамандары.

Әрине, бұған ешкім алақайлап қуанбасы анық. Медальдың екі жағы болатыны секілді Қазақстан мен Ресейдегі тұрмыс деңгейі әртүрлі. Ресейде жалақы едәуір жоғары, соған сай сатып алу қабілеті де жоғары. Экономистердің айтуынша, бензин бағасының өсуі азық-түліктің құнына кері әсер етеді. Нәтижесінде елде баға тұрақсыздығы белең алуы мүмкін.

— Кез келген энергия тасымалдаушы бағасының көтерілуі барлық тауардың қымбаттауына әкеледі. Оған жанармай, мұнай, электр энергиясы жатады. Себебі кәсіп иесі өзіне шығын келмеу үшін тауар бағасын көтеруге мәжбүр. Қандай тауар айналымы болсын барлығы логистикамен тікелей байланысты, – дейді отандық белгілі экономист ғалымдардың бірі Айдар Әлібаев.

  Тығырықтан қалай шығуға болады? Бұл сауалға берілетін жауаптардың бірі  елімізде өндірілетін мұнай көлемін арттырып, сапасын жақсартумен, шығындарды азайтумен тікелей байланысты болмақ. Президент Қ.Тоқаев таяуда Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өткізген онлайн-кеңесте осы бағытта нақты тапсырмалар берді. «Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуға тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды.  Сондай-ақ Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Энергетика министрлігі келтірген дерекке сүйенсек, 2021 жылдың алғашқы тоқсанында Теңіз кенішінде 6,7 млн тонна, ал Қашағанда 3,7 млн тонна мұнай өндірілген. Қарашығанақ кеніші 3,1 млн тонна «қара алтын» берген. Бұларды өңдеуден қаңтар-наурыз аралығында жалпы жиынтығы 3 млн тонна мұнай өнімдері, соның ішінде 1 млн тонна бензин, 1 млн тонна  дизель отыны алынған. Жер-жердегі тапшылыққа қарамастан, министрлік өкілдері бензин мен дизель отынының кем дегенде бір айлық қоры бар деп отыр. Жану – жағармай өндірісінің кему себебі  электр қуаты жеткілікті болмауына байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта-қайта тоқтап қалатын көрінеді. Сол себепті наурызда жөндеу жұмыстары басталған. Таяуда жұмыс аяқталып, зауыт толық қуатында іске кіріскен. 

Сөз арасында айта кетсек, елде мұнай өнімдері дефицитін болдырмау үшін биылғы 25 наурыз – 24 сәуір аралығына жоспарланған Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары 1 – 31 мамыр аралығына ауыстырылыпты.

Жағдайды біршама түзеуге Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кенішініңдәлтүбінен бой көтерген «Конденсат» мұнай өңдеу зауыты көмектесер еді. Бұл зауыт, негізінде, жылына 200 мың тонна бензин, тағы осынша дизель отынын өндіруге қауқарлы. Жалпы құны 170 млн АҚШ долларына жуықтайтын жобаның 70 пайызын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне қарасты «Қазақстанның Даму банкі» қаржыландырды. Зауыт толық қуатына көшкенде батыс өңірдің жанармайға қажеттілігін толық өтей алады. Экологиялық қауіпсіз Еуро-5 сыныпты жанармайдың артылғанын көрші облыстарға, қала берді, экспортқа жіберуге жағдайы бар. Бірақ, өкінішке қарай, күні бүгін КПО б.в компаниясы «Конденсатқа» қажетті шикізатты дұрыс бермей, әбден әуре-сарсаңға салуда. Арзан бағамен шикізат босату мәселесі үкімет деңгейінде шешілуі тиіс болса да, отандық өндіріс ошағына оң көзқарас жоқтың қасы. 

«Конденсат» АҚ бас директоры Н.Муфтееваның айтуынша, биылғы 14 сәуірден бастап зауыт там-тұмдап түскен шикізатты өңдеп, жанармай шығаруды бастаған. Алайда ол өнім он шақты күнге ғана жетеді және тек зауыттың өз жанармай бекеттерінен артылмайды.

Қалай болғанда да, жанармай өндіру ойнайтын нәрсе емес, өнеркәсіптің күретамыры іспеттес стратегиялық сала. Сондықтан оған да стратегиялық көзқарас пен салмақты жоба-жоспар қажеттігін ұмытпайық.  

Тегтер: жанармай мәселе баға нарық экономика

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:03
"Қазақстандағы демократиялық институттар" тақырыбындағы инфографика байқауы
Сайт әкімшілігі 12:35
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы тұрғыны қалада тегін әжетхана салуға бел буды
Әділ АҚЫЛБАЙ 10:19
Веложарыс: Сағынтаев бұл қайткенің?
Еркежан АРЫН 09:51
Волонтерлік – Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің жаңа түрі
Қонысбай АҚПАН 12.05.2021, 08:07
Қонаев болсын, басқа болсын, күйе жақпайық
Сайт әкімшілігі 12.05.2021, 07:32
Марат Бәйділдаұлы, жазушы-публицист: Мәңгілік алау да мәңгілікке өшер

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06