22.02.2021, 09:50
1049
Алдын ала мәліметтер бойынша, Жаңатастағы тұрғын үйдегі пәтердегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындаған, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тигенінен болған. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптамалардың нәтижелері бойынша жарияланатын болады», — деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев.
Өз кезегінде ТЖ департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертхананы зерттеудің алдын ала деректерін жариялады.
«Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханасы зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған», — деп атап өтті ТЖД басшысы.
Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР