«Бесоба» синдромы сабақ болмады ма?!

      Шонжыдағы спорт кешені салынбай жатып неге қирады?

Қарлығаш Зарыққанқызы

24.09.2020, 09:34

675

       22 қыркүйек  күні  «Алматы облысының Шонжы ауылында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешені бітпей жатып қирап қалды» деген ақпарат тарады. Ақпаратты ести сала  бірқатар БАҚ өкілдері мен  бұқара қауым  дүрліктік те қалдық. Енді ше, дүрлігетіндей жөніміз бар,  2019 жылы басталған, жобалық құны миллиардтан асатын қымбат спорт кешені қалайша салынбай жатып құлап қалады?! Бұған дейін де біздің елде қаншама құрылыстың қабырғасы бітпей жатып қақырады. Ойымызға «бұл да солардың кебін киіп, қисайған, жарамсыз құрылыс кешеніне айнала ма» деген сауал келді.

                       Миллиардтар далаға кетпей ме?

       Зерттеп көрсек, Ұйғыр ауданындағы бұл нысанның құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019 жылдың қараша айында басталған екен. Жоспар бойынша спорт кешені 2021 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілуі тиіс. Мердігер «Лидер НК» компаниясы салып жатқан нысанның жалпы құны – 1 млрд 171 млн теңге.

      Мәселенің мән-жайын анықтау үшін  біз облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усмановқа хабарластық. «Жас Алашқа» пікір білдірген Усманов мырза:

     – Салынып жатқан ғимарат тұтас құлап қалған жоқ.  Кеше, шамамен күндізгі сағат 12-лерде денешынықтыру-сауықтыру кешенінде үшінші блоктың төбесі, яғни шатыры құлады. Құрылыс болған соң, ондай жағдайлар болады.  Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл әлі қабылданып алынбаған нысан. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қаңтар айында бітуі керек. Құрылыс өз деңгейінде жүріп жатыр. Бөлінген қаражаттың далаға кетпеуін бақылаймыз, – деп сендірді.

      Сөйтіп, облыстық құрылыс саласының мамандары «нысанның бір шатыры ғана құлады, оған даурығатын дәнеңе жоқ» деп, арқаны кеңге салып отырған тәрізді.  Алайда бұл арада «абырой болғанда, шатыры ғана құлаған екен» деп, мәселені жылы жауып қоя салуға тағы болмайды. Болашақта құрылыс сапасының беріктігі қатаң бақылауға алынып, қатаң тексеруден өтуі тиіс екені осындайда аңғарылады. 

  

                                    Сырты – бүтін, іші – түтін

     Жалпы,  бір бұл емес, қиранды құрылыстардың мәселесі бізде жетіп-артылады. Мысалы, 2012 жылы Қарағандыда іргетасымен бірге опырылып құлаған Бесобаның жыры сегіз жыл өтсе де, әлі таусылмады.  Былтыр осы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің жұртшылығы әлі күнге дейін пәтерлерін ала алмай жүргенін айтып, аудандық прокуратураға жиналып, жергілікті әкімдіктен мәселелерін шешіп беруді талап еткен болатын. Бесобалықтарға уәде еткендей, 2014 жылы 60-тан астам отбасына баспана берілуі тиіс еді. Алайда апатты ғимараттың орнына салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Ең қызығы, сол «Бесоба» кешенін салып берген мердігер де, құрылысты қабылдап алған мамандар да бір жыл өте салысымен ақталып шыққан. Ал тұрғындар қиранды құрылыстың зардабын әлі тартып отыр.

       Осыдан кейін-ақ «Бесоба» синдромы атанып кеткен  бұл оқиғадан сабақ алатын шығармыз деп үміттенгенбіз. Бірақ бұл оқиға жауаптыларға таяқ, құзыреті барларға сабақ болмаған тәрізді. Өйткені біздің елді  әлі сапасыз құрылыстардың «синдромы» кезіп жүр. Мәселен, былтыр Орал қаласының орталығында тұрғын үйдің балконы опырылып құлады. Екінші қабатта тұратын бірнеше адам бір мезетте шылым шегуге шыққан екен,  балкон бетон еденмен бірге төменге құлап, өзгелер әжуалайтындай оқиға болды.  Облыс, аймақтарды қойып, алып мегаполис атанған Алматының халқын да мұндай сапасыз салынған құрылыстар сан соқтырып тұр. Алматыдағы «Алғабас» ықшамауданы тұрғындарының арман арызы,  қалада жаңадан салынған «Жас қанат»  тұрғын үй кешенінің жыры сапасыз құрылыстардың нәтижесін көрсетіп тұр. Қазір алғабастықтар үйлерінің қисайғанын айтып мұңайса, жасқанаттықтар жаңбыр жауса су толып кететін жертөлелерін жөндеп әлек болады.

      

              Айтып келмейтін апат қорқытпай ма?

     Осылайша тізе берсек, бізде салынып жатып құлаған көпір, төселе салысымен шұрық-тесікке айналатын жолдар, бас-аяғына қаржысы жетпей қалған сақалды құрылыстар аз емес. Ел аман, жұрт тынышта тұрғын үйлердің қабырғасы  қақырап жатады. Ал техногендік апат, жер сілкінісі болса, қайтпек керек?!

      Бұл ретте, кеңес заманында құрылыс салу кезінде алдымен сейсмикалық төзімділікке аса мән берілетінін алға тартқан мамандар «қазіргі құрылыста мұндай  төзімділік жетіспейді» деп ашып айтты. Техника ғылымдарының докторы, профессор Қинаят Қадыржановтың айтуынша, қандай да бір  құрылыс саларда алдымен сейсмикалық карталар жүйесін нықтап алу қажет. Себебі қазір тасқын су кезінде техногендік жер сілкіністерінің болуы тіптен күшейе түседі. Мәселен, мұнай мен газды қазір бес шақырымға дейінгі тереңдіктен алады. Ал шикізат алынған жер қыртыстары босап қалып жататыны даусыз.

     – Міне, осындай бос жерлер өзінің табиғи қалпына бірден келе қоймайды. Бұл жерде табиғи заңдылық бұзылып отыр. Сөйтіп, физика-механикалық құрамы өзгерген аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болып жатыр. Ал техногенді жер сілкіністері табиғи апаттар (су басу, қар көшкіні) кезінде тіптен күшейеді. Осыларды ойласақ, бізге болашақта құрылыс нысандарының сапалы болуына қатты мән беру қажет, – дейді маман.

    Негізінен, бізде тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу, кәсіпорын, зауыт-фабрикалардың арақашықтығын, техникалық регламентті сақтап салынуы күмәнді екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан келешекте осындай жайттарды ескере отырып, бірінші кезекте елдегі стратегиялық маңызы бар нысандардың дұрыс салынуын қатаң бақылауға алуды ойластырғанымыз абзал.

  – Қазір Алматыдағы жаңадан салынған үйлерде тұруға қорқасың. Үйдің ішінде отырып сырттағы дауыстарды естіп отырасың. Бұдан бөлек, қалада тұрғын үйлер бір-біріне тым жақын салынып жатыр, қанша жерден сапалы салынса да, арақашықтық сақтау жағы да ескерілуі керек. Олай етпесек, қандай да бір айтып келмейтін апаттар орын алған жағдайда сапасыз салынған құрылыстардың салдарынан қаладағы тұрғын үйлердің көбісі біріне-бірі соғылып-ақ құлайды, – дейді профессор Қинаят Қадыржанов.

          Қазақтың үйін неге өзбек пен қырғыз салуы керек? 

     Ал экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, біз бұл арада құрылыс саласында жүрген құрылысшылардың көбі мигранттар екенін ұмытпағанымыз жөн.

    – Құрылыс саласында жүрген қарапайым жұмысшылардың арасында өзбектер мен қырғыздар бар. Өз елдерінде жұмыс таппай жүрген өзбектер келіп, қазаққа үй салып береді. Әрине, олардың ұсынатын жұмысы арзан болғандықтан, біз солардың еңбегіне жүгінеміз. Бірақ сол мигранттардың барлық талаптарды сақтап, тұрғын үй салып беруі өте күмәнді. Сондықтан көпқабатты тұрғын үй салу жұмыстарына, стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылысын жүргізген кездегідей арнайы оқыған мамандығы бар құрылысшылар легі жасақталғаны дұрыс. Қазір құрылыс саласына білімі жоқ жұмысшыларды жинап алып, ертең өкініп қалмауымыз үшін осы мәселені шешу керек, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

      Жалпы, салаға қатысты деректерге жүгінсек, құрылыс саласының ЖІӨ-ні қалыптастырудағы үлесі биыл 5,6 пайызға дейін жетті. Пандемия кезінде елдегі құрылыс саласын қолдауға 35 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Халықты жұмыспен қамту мақсатында әлі де талай құрылыс нысандарын салып, жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Қазіргідей қиындықта құрылыс саласына артылып отырған үміт басым. Үкімет басшысы Асқар  Мамин құрылыс саласын тұралатып алмау керегін жиі айтады. Бірақ бұл салада  сапаның сын көтермей, солқылдап тұрғанын тағы жасыра алмаймыз. Алда қанша  құрылыс қирап, қаншасы өркендейтінін уақыт көрсетер. Бірақ миллиардтаған бюджет қаржысына салынып жатқан бұл салаға  әсте мықты бақылау, қадағалау қажеттігі даусыз.

Тегтер: құрылыс сапа сейсмикалық қауіпсіздік техногендік апат бесоба алғабас жас қанат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 10:16
ПТР тест тапсыру бағасы арзандады
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 09:52
Коронавирус бойынша ең көп өсім тіркелген өңірлер аталды

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38