Бессмертный полкты тоқтата аламыз ба?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

14.04.2022, 05:25

3184

Жақында Өзбекстанның «Миллий тикланиш» демократиялық партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров«Бессмертный полк» акциясынан бас тарту жайлы ойын жария етті.«Бұл акция – Кеңес одағының саясатын насихаттаудың құралы, көрші елдің «жұмсақ күші». Біз мұндай шерулерге қарсымыз. Адамзаттың фашизмді жеңуіне өзбек халқы да өз үлесін қосты. Алайда Отан үшін қаза тапқан аталарымыздың фотосуреттерін көшеге алып шығып, бәзбіреулердің саяси құралына айналдырғымыз келмейді. Оның орнына ардагерлердің рухтарына, аруақтарына құран бағыштағанымыз дұрыс», – деді ол.

Жасыратыны жоқ, өзағамдар ұлт мүддесін жоқтау, ұлттық ұстанымдарын айқындауға келгенде, бізден әлдеқайда сергектеу. Жалтақтық жоқ. Ең болмаса, солардан үлгі алып, біз де осы мерекеден бас тартсақ қайтеді осы?! Талай қазақты жұтқан Екінші дүниежүзілік соғысты Ұлы жеңіс күні ретінде тойлауымыздың жөні бар ма?! Кейбір деректерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігі немесе 1,3 миллион адам аттанған екен. Оның 410 мыңы, яғни үштен бірі оралмаған көрінеді. Қаншама шаңырақты қара жамылдырған күннің шынайы бағасын бере алып отырмыз ба осы біз? Мұндай жағдайда қаншама құрбандармен, төгілген қанмен келген жеңістің құны бар ма бізге?!

Жыл сайын 9 мамырда Жеңіс күніне орай, сал­танатты шерулер өтеді. Сол уақытта елімізде Кеңес одағы кезіндегі қызыл ленталарды тағып алатындар да жиі кездеседі. Көлігіне де, киіміне де жабыстырып шығады. Іштей кіжініп қоямыз. «Болмайды ғой» дейміз. Бірақ неге болмайтынын ашып айтқан заңнамамыз жоқ. Шын мәнінде, Z бел­гісі де осыған ұқ­сас дүние. Қазір еліміздің полиция қызметкерлері ондай белгісі бар көліктерді қуалап жүріп, алдыртып тастап жатыр. Әйткенмен, қан­дай заңға сүйеніп отырғаны белгісіз. Өйткені белгілі бір жазуға, белгіге тыйым салынған нақты тізімі бар заңнамамыз жоқ. Фашистік немесе қоғамға жат деп тапқан белгілердің тізімі бекітілмеген. Қазіргі таңда по­лиция қызметкерлері «Көлік құралдарын пайда­ла­ну ережелерін бұзу» заңнамасына сүйенуде. Көлік жүргізушісі нақты себебін сұраса, жоғарыдағы заңнаманы алға тартады. Одан артыққа құзіреті жоқ. Себебі көп дүние өзімізге де беймәлім, ұстанымымыз айқын емес. Сондықтан 9 мамыр күні де ала лентаны тағып алып, ойқастағандарға жауап бере алмайсың. Бәлкім, бізге де осындай нәрселерге мән беріп, ұлттық идеологиямызды айқындап алуымыз керек шығар. Жасыратыны жоқ, Ресейдің әлсірегенін пайдаланып, енді біреулер олардың ұстанымын қолдамағандықтан, көп нәрсенің тереңіне үңілуде. Украинадағы жағдайға байланысты, тым саясиланып кеткен бұл «мерекені» біз де биыл атап өтпесек, бюджетке де үнемді, ұлттық ұстанымымызды айқындауға да септігі тиер ме еді?

Шыны керек, өзімнің есіме 9 мамыр десе, снярядтың жарықшағы тиген аяғы кешке қарай қақсап, аяғын бастырып қоятын атам көз алдыма келеді. Сосын, денсаулығын кім үшін берді, сол соғысқа бармағанда, ұзақтау өмір сүрер ме еді деп ойланам, ұрпақсыз кеткен атамның інісі еске түседі. Сосын, тағы да сұм соғыс болмағанда, немере ағайыным болар ма еді деп ойланам. Өзім үшін жеңістен гөрі, аталарымның амандығы қымбат көрінеді. Қуанышты күннен гөрі, көңілге көңілсіздік сыйлар қайғысы басым күн ретінде сезінем. Ендеше, неменеге жетісіп тойлаймын… Ал мемлекеттің не ойлағаны бар?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01