«Билайн» балаларды неге соттайды?

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

21.06.2022, 11:40

1270

Сырттан үйге кіргенім сол, екінші сыныпты енді бітірген қызым қасыма жүгіріп келді. Түрі әлем тапырық. «Анашым, бірдеңе айтам бірақ, уайымдамаңызшы», дейді. «Мені соттайтын болды, бірақ мен кінәлі емеспін», дейді тағы. Түсініп, істің анық-қанығына жетем дегенше, жүрегім тас төбемнен шықты.

«Билайн» орталығынан телефонына хабарлама келіпті. «Сенім төлемінің» қарызын қайтарыңыз. Қайтармасаңыз, сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз. Мобильді нөміріңіздің теңгерімін мына жерде толтырыңыз», деп билайн орталығы хабарлама жолдапты. Үш ай жазғы демалысқа шыққан соң, шыны керек, оқушының телефон нөміріне қаржы сала бермейміз. «Көз алдымызда жүр ғой, телефон керек емес», деп ақша үнемдеу ниетімен мамыр айынан соң, балалардың тарифіне ақша салмаған едік. Тариф қосылмаған соң, билайн орталықтан «жанашырлықпен» «қосымша қаржы керек пе» деген хабарлама келген. Бала «иә» деген түймешесін басқан соң, қарызға 400 теңге жіберген. Тексеріп көрсем, сол 400 теңге үшін «Билайн» компаниясы балалардың зәресін алып, «сотқа жүгінуге мәжбүр» болып отыр екен. Баланы тыныштандырып, «Билайнның» орталығына қоңырау шалдым. Оператор қыз біресе, хабарламаның қате жазылғанын, біресе, қате жолданғанын айтып, басшылыққа ескертуге уәде берді. Мұндай хабарламаның қанша баланың зәресін алып, қаншасын уайымға салғанын құдай білсін.

Орталық «осы уақытқа дейін осындай қарыз үшін қанша адамды сотқа бердіңіздер?» деген сұрағыма жауап бермей қойды. Жарайды, компанияның өзіне қарыз адамнан талап етуге құқығы бар, бірақ балаларды сотқа тартуға, сот туралы хабарлама жіберіп, қорқытып-үркітуге қандай қақысы бар? Осы орайда, айта кетер жайт, компания өкілдері хабарламаны кімнің нөміріне жіберіп жатқанынан хабарсыз екендерін айтып та ақталды.

Алайда былтыр, қыркүйек айында үйдегі екі оқушының нөмірлерін тіркеу міндетті деп хабарлама келгенде, арнайы «Билайн» орталыққа барып, тіркеуден өткізген едік. Сонда нөмірдің оқушылардікі екенін, алайда олар кәмелетке толмағандықтан, аналарының атына тіркелетінін өздері тайға таңба басқандай, түсіндіріп, оқушылардың да аты-жөнін жазып алып, тіркеуден өткізген еді. Ал бүгінгі күні кімге қандай хабарлама жіберіп отырғандарын білмей қалыпты. Есепке келгенде, жаңылмастар, осындайда өтірік аңқау бола қалатыны несі?!

Жалпы, әй-шәй жоқ, байыбына бармастан, балаларды бас салып, «соттау» «Билайндай» компанияға жарасар ма екен?! Осындайда еліміздегі белді деген компаниялардың жауапкершіліктен қашар кезде сан бұлтаққа салып, ұстатпайтындары қарын аштырады.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Бифат НҰРМАХАН 21.06.2022, 09:25
Елімізде туу көрсеткіші күрт азайған

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33