Билік қазақ тілді кадрға зәру

Жарас КЕМЕЛЖАН

04.02.2022, 08:57

2846

Биліктегі шенеуніктердің, әкімқаралардың бәрі қопаңдап отыр. Орысша айтқанда, «чемоданное настроение». Қаңтар оқиғасынан кейінгі реформалар шенді біткенді қидай сыпырсын. Бүгін болмаса, ертең ұшып кететінін білгендер абыройының барында алдын ала арызын жазып, отыз жылғы жұмақтарымен қоштасуда. Қоштасып үлгермегендері қаншама? Ал бұрын Назарбаевқа қатты берілмеген, Тоқаевтан үміттілер бір жақсы қызметтің құлағына қонжиып қалудан дәмелі.

Кадрдан қадір қашқалы қашан? Назарбаев кадр мәселесіне келгенде, халықпен мүлде санаспады. Отыз жыл бойы өз білгенін істеп келді. Әйтпесе, Мәсімовтің опасыз екенін халық айтпады емес, жетесіне жеткізіп тұрып айтты. Күндердің күні Кәрім «ағай» кәріне мініп, бір бүлік шығарарын жұрт сезді. Ал Қазақстан теміржолында қызмет еткендер Мәминді түтіп жеуге әзір. «Бүтін бір саланы тұралатып кетті» дейді, кіммен сөйлессең де. Теміржолды тоздырған адамға атамыз үкіметті басқартып қойған соң, не сұрайсың? Ол кісі кадр тағайындауда халықтың пікіріне ешқашан құлақ асқан емес. Өз араларында не шешеді, соны жасайды. Өз араларында деп отыз жыл Назарбаевты айналып-толғанып жүрген шал-шауқандарды айтып отырмыз. Солардың өздері ғана емес, бала-шағасының біреуі – министр, біреуі әкім, біреуі депутат болып келді. Мұндайды қазақ бір ұяның бөлтірігі дейді. Ұяластар бірін-бірі сатпайды. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген де осыларға қаратылып айтылған.  

Әңгіме кадр мәселесі туралы еді ғой. Назарбаевтың «көзін шұқымайтын» кадрлардың дені орыстілді болды. Ауылда туғандары некен-саяқ. Тоқаевтың «Бізде кадр дефициті бар» деуі де тегін емес. Онысы түсінікті, Президент өз командасын әлі жасақтап үлгерген жоқ. Ал мына болып жатқан ауыс-түйіс өтпелі кезеңнің жыртық-тесігін жамаудың амалы ғана. Тоқаев Қызылқұмда қой жайып жүрген Қотанбайды әкеліп бір мекемеге қонжитып қоя алмайды. Сондықтан да амалсыздан барды ұқсатуға мәжбүр болып отырғандай.

Назарбаев билігінен бері келе жатқан ескі сарын – қазақтілді кадрларды менсінбеу. Ауылда туған, қаны да, жаны да қазақы азаматтарды қабілетсіз дейтін түсінік биліктегілердің санасынан әлі өшкен жоқ. Халық та Ақордаға «қазақтілді кадрлар қабілетсіз емес» дегенді жеткізе алмай келеді. Тілі қазақша шыққан адамның ділі дұрыс келеді. Ділдің дұрыстығы азаматтың жан-дүниесінің айнасы іспетті. Бірақ оны түсінетін шенділер бар ма? Халық биліктен қазақтілді мамандарды көбірек көргісі келеді. Жиын-шаралардың мемлекеттік тілде өткенін қалайды. Қашанғы Ресей тілінде сөйлейміз? Өз тіліміз, мемлекеттік тіліміз бар емес пе? Тоқаев тағайындаған кадрлар осыны ескерсе екен дейсің.

Нығматулиннің орнына келген Қошанов елдегі өзгеріске қазақ тілді қауым қозғау салғанынан хабардар шығар. Президент әкімшілігіне жетекшілік ететін Мұрат Нұртілеу де қазақтілді аудиторияның мінез-құлқын тануға тырысып, қас-қабағына қарайлауы тиіс. Өйткені, қазақтың саны 70 пайыздан асты. Қазақ қаласа, қаңтар қасіретін жасай алатын күшке ие екенін де көрсетті. Сондықтан қазақ тілді қауыммен санасудан, билікке қазақтілді кадрларды тағайындаудан Қасым-Жомарт Тоқаев қателеспейді. 

«Әрі қарайғы сөзімді бәріне ұғынықты болуы үшін ресми тілде жалғайын...» деген әңгімелер қазақтілді аудиторияны ашындыра түсетінін ұмытпау керек. Қазіргі қазақ тілді орта Кеңес одағы кезінде тәрбиеленген жартылай орыс рухты қазақтар емес. Қазіргі жастар тәуелсіз Қазақстанның патриоттары. Президент тағайындап жатқан кадрлар Қошанов пен Тілеуберді де сөзі дұрыс, артынан сөз ермеген кадрлардай көрінді. Коррупциялық даудан таза сияқты. Қ.Тоқаевтың кадрлық саясаты бірінші кезекте осыған негізделіп отырғандай.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарлы БАЙҒАНИН 05:08
«Құдай маған форточкадан береді»
Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 14:59
Мектептегі зорлық: ата-аналар іс жабылып қала ма деп қорқады
Бифат НҰРМАХАН 13.05.2022, 13:00
Бала құқығы – басты құндылық
Нұрболат ӘЛДИБЕК 13.05.2022, 10:45
«Көне Тараз» құлағалы тұр
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 13.05.2022, 07:59
BI Group-тың былығы тексерісті қажет етеді
Сайт әкімшілігі 12.05.2022, 18:50
ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабының алғашқы отырысы өтті

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27