Билік түзелмей, ел түзелмейді

Сайт әкімшілігі

27.01.2022, 14:48

1803

Тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтсе де, еш өзгермеген қазақ халқының басында баяғы қасіретті жағдай. Теңгенің құлдырауы, бағаның өсуі, айлықтың, өтемақылар мен зейнетақының мардымсыздығы, жұмыссыздық, ресми көрсеткіштермен шынайы көрсеткіштердің арасының алшақтауы, ат төбеліндей байлар байыған үстіне байи түсуде, халық кедейленіп барады, короновирустың зардабы, бұған ел ішін жайлаған жемқорлықты қосыңыз.

Міне, халықтың бүгінгі тұрмысының көрінісі. Осының бәрі осылайша жалғаса беруі-барлық отаншыл азаматтардың төзімін тауысады. Қоғамда проблемалар қордаланған сайын халықтың айтар сөзі күшейеді. Ащырақ, әрі анығырақ бола түседі. Бұл – саясат заңы. Ал әділетсіздік пен әділеттіліктің сындарлы тепе-теңдігі бұзылған жағдайда қоғамның толқуы кез келген елде болады. Бұл да өмір заңы. Жұрт бекер дүрлікпейді. Бағаның ретсіз әрі күрт өсуіне байланысты қарсы шыққан Жаңа өзендегі бейбіт шеруге көпшіліктің қосылғаны – бұл биліктің халықпен санаспауына қарсылық деп түсінген жөн.

Жалпы, митинг, шеру дегеніміз – адамдардың өз пікірлерін, көзқарастарын ашық айтатын алаң. Күні кеше еліміздің барлық қалаларында митинг өтті. Наразы топ билікке қоғамда өзгерістер болсын, саяси реформалар басталсын, заңды түрде сайлаулар өтсін деп мемлекеттік деңгейдегі ірі талаптар қойды. Ол талаптардан да басқа 30 жылдан бері шешімін таппай қордаланған әлеуметтік-экономикалық, т.б қосымша талаптар болды. Бұл тек Маңғыстаудың емес, өз жерінде өгейлік көріп жүрген жалпы қазақ халқының талабы болды. Байыптап қарасақ, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Әркімнің көкейінде жүрген сауал. Халық өз ойын алаңда тұрып айтқысы келді. Алайда биліктегілер алаңға барып, халықтың алдына шығып, жұрттың айтқандарын тыңдап, ортақ бір шешімге келудің орнына оны тұншықтырып, жаншуға барын салды. Жасалған қиянатқа қарсы халық көшеге шықса, оның себебін оппозициядан немесе террористік іс-әрекеттен іздемеу керек. Оны қоғамдағы әділеттілікті белінен басатын биліктен іздеу керек. Шын мәнінде митинглерден үлкен қауіп-қатер жасап, үрей тудырып отырған биліктің өзі. Яғни, билік қоғамдағы наразылық көңіл-күйді дұрыс пайдалана алмай отыр. Мұның себебі өзін қоғамнан биік қоятын баяғы «өзім білем» деген биліктің ескі түсінік танымында. Мемлекет тәуелсіздігінің негізі азаматтардың бостандығы мен тәуелсіздігінен тұрады. Қазақстанда бейбіт жиын өткізуге, сөз бостандығына заңмен тыйым салынбаған. Демек, билік заң белгіленген шектеулі шеңберде жұмыс істеуі керек. Әрбір азамат заңмен тыйым салынбаса, биліктің араласуынсыз еркін әрекет етуге құқылы. Биліктің халықпен санасуын талап етуге әр азаматтың құқы бар. Алайда билік дағдарыс кезінде шынайы демократияны орнатып, азаматтардың құқықтарын қорғайтын және дамытатын қадамдарға барудың орнына, керісінше, авторитарлық тәсілге бой алдырып келеді. Басқасын айтпағанда, 2011 жылғы Жаңаөзен қасіреті билікке қоғамды тыңдап, халықтың ой-пікірімен ұдайы санасып отыру керектігін барынша қатаң ескертті. Алайда биліктегілер халықтың пікірін тыңдап, өздері шешуге тиісті мәселелерді тиісінше орындаудың орнына үйреншікті әдетіне салып халықты кінәлі жасағысы келеді. Елдің шетінде, желдің өтінде биліктің біліксіздігінен, іске олақтығынан жылдар бойы зардап шегіп келе жатқан ауылдарды «паразит» дейтінде, «Қазақстанда дағдарыс жоқ, тауар бағасы мен тарифтердің қымбаттауы туралы және жер сатылады деп жүргендердің бәрі ылаң салу мақсатындағы әрекеттер. Ел ішінде наразылық тудыратындарды жауапқа

тарту керек» деп өз халқына қоқан-лоққы жасайтында, 55 зауытқа қарсы шыққан халықты кінәлап, «арандатушылыққа» алданбаңыздар, ол даңғаза «әңгіме» дейтінде осы биліктегілер емес пе? Халық өзінің жеке пікірін білдіріп, митингіге шыққысы келсе, өз құқығының қорғалуын талап етсе, оны дереу біреулер қаржыландырып отыр деп жариялайтын биліктің қитұрқы әдеті және бар. Сөйтіп, елдің назарын басқа жаққа аударуға тырысып, өздерінше жауапкершілікті ысырып тастайтынын да халық көріп біліп отыр. Бұл жолы да терроризммен күресіп жатырмыз деген желеумен митингіге шыққан қаншама бейбіт тұрғындар оққа ұшып, мерт болды. Рас, жылдар өтер, әр нәрсенің зауалы мен обалы болады. Осы күні әркімнің жауап беруіне тура келеді. Терроризммен күресті желеу етіп бейбіт шерушілерді, саяси белсендіні, тәуелсіз журналистерді, еркін ойлы азаматтарды қудалап, қамап, ұрып-соғып, яғни «құрбандыққа шалу» арқылы басқаға «сабақ болсын» деп шындықты айтқан азаматтардың соңына түсіп жатқандардың қарапайым халық сезіп отыр.

Елдегі орын алған жағдайға, яғни бүлікке, атыс-шабысқа, терроризмге бейбіт түрде алаңдарға шыққан халықтың және ел жанашырлары, ұлт жанашырлары кінәлі емес. Терроризммен күрес бүкіл әлемде жүріп жатыр. Алайда ол бейбіт жиынға тыйым салудың және белсенділерді қудалауға негіз болмауы тиіс. Билік елде тұрақтылық болсын дейді. Алайда биліктегілер осындай қудалау, қысым көрсету, күш қолдану әрекеттерімен ел ішіндегі тұрақтылықты қолдап отыр деуге бола ма? Егер биліктегілер салиқалы ұлт саясатын жүргізсе, қазіргі ұлт басындағы проблемалар туындамаған болар еді. Бүгінге дейін ұлт жанашырларының көтеріп жүрген – тіл, жер, тағы да басқа ең өзекті мәселелері шешімін тауып, жүзеге асқан жағдайда сөз жоқ, мұның өзі ұлттық рухтың көтерілуіне, патриоттық сезімнің оянуына, мемлекетшілдіктің қалыптасуына негіз болар еді. Алайда биліктегілер бұқара халықты қоғамдық, әлеуметтік және саяси белсенділіктен шектеп, еркін ойын шектеп, тым жасқаншақтық күйге жеткізгісі келеді. Қорқыту мен үркіту арқылы жағдайды реттемек. Әрине, бұл ұстаным биліктегілер үшін тиімді шығар. Бұл жағдай бүгінгі билік үшін құтқарушы күш бола алмайды. Тарихтың обьективті ағысына қарсы жүзуге ұмтылыс еш жақсылыққа апармайды. Сөз бостандығын елеместен, басып жаншитын халық бәрін біле бермесін деген қитұрқы саясатын ұстанып, азаматтардың табиғи құқықтарын ескермей, оларды қуғындау жалғаса беретін болса, бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын тудырады. Қайта олардың билікке деген қарсылығын күшейте түседі. Қазақ халқының тарихында сөзге тыйым салу деген болмаған, сөз дала демократиясының өзегі болған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген. Біздің халық бәрін біліп айтқан, шындықты тіліп айтқан! Заман өзгергенімен, халықтың ақиқатшылдығы, теріс құбылысқа төзбеушілігі өзгермейді. Халықтың аузына қақпақ қоя алмайсың. Басқаша ойлайтындарды халық жауы, бейбіт шеруге шыққандарды «террорист» жасағыштардың заманы өткен. Әрі-беріден соң сөз бостандығы – қоғамда, биліктің бойында орын алатын «аурулардың» емі. Билік тарапынан жіберіліп жатқан олқылықтар мен теріс қадамдардың барлығы ертең елге соққы болып тиетінін түйсінуіміз керек. Сөз бостандығын басып-жаншитын және азаматтардың табиғи құқыларын ескермейтін, қоғамдық өзгерістерді басқарудың ескірген үлгісі ерте ме, кеш пе, істен шығып, мүлде жұмыс істеуден қалады. Биліктің өз қолымен жасаған саяси дағдарысынан шығудың жолы бұл емес, бұл жол, керісінше, жағдайды одан әрі ушықтырады.

Қазір сырты өзгерген, іші сол қалпы саяси реформамен халықты алдағанмен, уақытты алдау әсте мүмкін емес. Сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарын қудалау, тамыры тереңге жайылған жемқорлық, кейінге ысырылып жылы жауып тасталған мәселелер, бет бақтырмайтын арнайы қызмет түрлерінің көбеюі мен сайлау қорытындыларын бұрмалау, қиянаттармен қасіреттер, кешегі елімізде орын алған қайғылы жағдай сол саяси реформаны кейінге қалдырудан туындап отыр. Бүгінде өтіп жатқан реформалар, өкінішке қарай, қоғамда орын алған келеңсіздіктерді шынайы демократиялық жолмен шешіп жатқан жоқ. Керісінше, бұрынғыдай қоғамның назарынан тыс, жасырын әдістермен шешуге тырысып бағуда. Бірақ біздің қоғам анағұрлым жетілген. «Бізде бәрі дұрыс» деп, мәселені түбінде жасыра бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Жасырған мәселенің соңы неге ұласатынын халық көріп отыр. Бар мәселенің бір ғана шешімі бар: ол – шынайы, толыққанды саяси реформа жасау. Тұрақтылық дегеніміз –қоғамдағы барлық пікірді ұштастырып, оның жүйесін тауып отыру. Бұл тек демократиялық жолмен келеді. Халықтың ойымен, санасымен, көзқарасымен ұштастырмай, мемлекет басқару мүмкін емес. Ұштастырып үйлестірудің жолы біреу-ақ: ол – демократиялық сайлау өткізу, елдің сайлау мен сайлану құқын сақтау, партия құруға мүмкіндіктер туғызу, сөз бостандығын шын мәнінде жүзеге асыру. Осы жүйеде ғана мемлекет дұрыс жолмен дамиды. Сол үшін саяси жүйені өзгерту қажет. Бізге мүлдем тәуелсіз парламент керек. Елдің тағдырын кез келген заңның жобасына ойланып-толғанып, жан қинап жатпай-ақ, қалай болса солай қол көтере салу сияқты роботтық парықсыздық танытатын бүгінгі парламенттен құтылып, ешкімге бағынбайтын, өз көзқарасы мен ұстанымынан таймайтын депутаттардан парламент құру қажет. Осындай тәуелсіз парламент құрылғанда ғана ұзақ жыл бойы қордаланған проблемаларды шеше аламыз. Сонда ғана жаңа парламент ескі жүйе өкілдерінің шетелдегі есеп шотында жатқан қисапсыз қаражатты елге қайтару үшін күреседі. Сонда ғана ел байлығы әр азаматқа әділ бөлініп беріледі. Басқадай құрылым жағдайында мұны орындаудың мүмкін еместігіне халықтың көзі жетті. Өркениетті елдер қатарындағы қай мемлекетті алсаңыз да, олар халықты тыңдап, халықты сыйлаған билігімен мықты. Биліктің мықтылығы демократиялық негізге келіп тіреледі. Ал демократияның ең басты идеясы – халықтың саяси еркіндігі. Билік жүйесі демократия мен азаматтардың еркіндігіне негізделген жағдайда нарықтық экономика қоғамның тұрақтылығына, ел мен халықтың өркендеуіне жол ашады. Кез келген саяси реформаның алғы шарты – сенім мен өзара түсіністікті қалыптастыру. Ал билік өз қарсыластарын, өзгеше ойлайтын азаматтарды қудалаған кезде мұны іске асыру мүмкін емес.

Сондықтан бүгінгі мақсат – елдегі процестерге өзіндік балама пікірі бар азаматтарға дұшпан көзбен қарау емес, пікір тоқайластыратын жер іздеу. Алға жылжу тек бір-бірін толықтырғанда ғана бола алады. Еліміздің сындарлы, парасатты, қақтығыссыз дамуының кілті де – осы. Ал өз күшіне сеніп, мықтылығын дәріптесе, бұл биліктің әлсіз тұсы. Өз қателіктерімен мүлт кеткен тұстарын мойында – билік мықтылығының белгісі. Олай болса, билік халыққа бір табан жақындауы тиіс. Халыққа жақындау дегеніміз – шынайы, толыққанды саяси реформа жасау. Қоғамның өзіне деген сенімін ояту мақсатында нақты қадамға баруы керек. Өзінің саяси қателіктерін түзетіп, халықтың таңдауына сыйластықпен қарауы керек. Егер бүгінгі билік оның айналасындағылар әлеуметтік реформаға, саяси реформаға халықты жетектей алса, елдің ішіндегі ерегіс те, кикілжің де азаяр

еді. Егер осының бәрі елді алдауға арналған бетперде болса, онда билік көп нәрседен, елдің сенімінен, халықтың сый құрметінен әп-сәтте айырылып қалары анық.

Мұрат Өтебайұлы

Саудакент ауылы,

Сарысу ауданы

Жамбыл облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20