Білім жүйесіндегі жемқорлық қайдан шығады?

Тоғайбай Нұрмұратұлы

21.02.2022, 16:00

2582

      Қазіргі таңда мектеп бітірерде, ЖОО түсерде, бұрынғыдай емтихан алуды аңсамайтын мектеп директорлары мен ЖОО мұғалімдері, ректорлары жоқ шығар? Өйткені, «әке-жәкенің», тамыр-таныстың балаларын түсіріп, бедел жинап, қалтаға қаржы түсіп «марқайып» қалатын заман көзден бұл-бұл ұшты. Олардың 90 пайызы аттестат, диплом, тест жауаптарын сатып, ақша табатын табыстарынан айырылып қалғандықтан, бүгінде білім министрлігінен қалай есе қайтарарын білмей отыр. Республика бойынша ауылдық мектеп директорларын, аудандық, облыстық, оқу департаменттерінің басшылары өздерін «тағайындайтын» әкім «көкелеріне» сөз келтірмес үшін, өздерінің білім саласындағы шалағай тірліктеріне, өз қателіктеріне білім министрін кінәлап, шындықтың бетін басқа жаққа бұра салады. Өйткені, «Білім туралы» заңының 6-бабы бойынша, ауыл, аудан, қала, облыстардағы білім жүйесімен жергілікті әкімдер білім жүйесінің басшыларын пара алып немесе тамыр-танысын тағайындап, оқу бағдарламаларына дейін бекітеді. Білім министрлігі өз істеріне өресі жетпеген не мектеп директоры, не аудандық, не облыстық білім басқармасы басшыларын орнынан алмақ түгілі, сөгіс те бере алмайды. Білім саласындағы жемқорлықты, былықты, білімсіздікті жою үшін осы заңның 6-бабының  2, 3, 4-баптарының күшін жойып бүкіл білім саласын басқаруды білім министрлігінің құзіретіне беру керек. Қазір ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында десе де болады.     

      Бір облысты бір өзі билеп «жарты құдайға» айналған облыс, аудан әкімдері қойған білім басшылары мен жергілікті атқарушы билікте білім жүйесін былықтырып бүлдіреді де жаманатты болатын білім министрлігі.   Парламентте депутаттардың жұмыс тобы «Білім туралы» заңды қанша қараса да осы заңның 6-бабы туралы тіс жарғысы келмейді. Тістері батпай тұр.

       Кеңес заманы кезінде-ақ оңтүстікте заңгер, бухгалтер, экономист, журналист, сауда саласының мамандықтарына оқуға түсу үшін берілетін пара он мың сомға дейін көтеріліп кетсе, солтүстікте де тамыр-танысқа соғым беру белең алды. Мұндай мүмкіндікке ЖОО жұмыс істейтін туыс-танысы барлардың ғана балаларының қолы жетті. «Тоқырау» жылдары білім жүйесіндегі әділетсіздіктен зәрезап болғандықтан, алғаш ҰБТ пайда болғанда ақшаң, танысың болмаса да енді біліміңмен оқуға түсесің деп мәз болдық.  Енді оқушылардың білім сапасын тексерудің ең бір әділетті тиімді жолы табылды деп қуандық. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Адамнан әсіресе, алаяқ, жемқорлардан қулық артылған ба, ҰБТ-ның да адам ашпайтын құпиясы жоқ болып шықты. Ол құпияның кілті – қалта екен. Ақша шығатын жерде қарап қалсын ба? ҰБТ-ны ҰҚК, тест тапсырмасын әзірлеушілер мен әкімдіктегілер және олардың «тағайындап» қоятын облыстық, қалалық білім департаменттері мен аудандық білім бөлімінің басшылары мен мектеп директорлары да «құлшына» іске кірісті. Бұлар өз балаларына грантты тегін алса, қалталыларға саудалай бастады. Тест жауаптарын ұрлайтын, сатып ақша табатындарға қарсы тестілеуді жетілдіру білім және ғылым министрлігінің бас ауыртатын проблемасына айналды.

           «Алтын белгі» мен үздік аттестаттың қып-қызыл саудаға түсіп кеткеніне қаншама жыл болды. Оқушының ата-анасы мұғалімдерге сыйақы, пара береді. Сондықтан бағаны көтеріп, «өтірік бестер» қаптап кетеді де, оқушының психологиясы да осыған қалыптасып, тест тапсыра алмай омақаса құлап түскенде: «асылып өлем» деп, жан күйзелісіне түседі. Баланы жан күйзелісіне ұшыратқан – ҰБТ емес, обалы пара берген ата-анасы мен ақшаға өтірік «бес» қойған мұғалімнің мойнында. Мемлекеттің барлық жүйесін жегіқұрттай жайлаған жемқорлық білімнің құнын көк тиын етіп жіберді.   

           Премьер-министрдің бұйрығын құлағына ілмейтін облыс әкімдері білім министрлігін тыңдаушы ма еді? Білім министрлігінің «ата-аналардан ақша жинамау» туралы жарлығын қанашама жылдар бойы бір мектеп те орындаған жоқ. Өйткені, мектептің құдайы әкім. Білім бөлімі басшыларын, мектеп директорларын әкімдердің орынбасарлары жең ұшынан жалғасу, пара алу арқылы, тамыр-таныстарын тағайындайтыны құпия емес. Әкімдердің әбден есірген әрекетінен қазір ауылдағы мектептерде педогогикалық білімі жоқ, өмір бойы әкімшілікте жүрген өздерінің адамдары директор болып, қонжиып отыр. Білім жүйесін ауыл шаруашылық министрлігіне бере салса да болады. Қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары, мемлекетті бір орталыққа әкімдер арқылы бағындыру керек болды. Ол жемісін берді. Сайлауларда әкімдер өздері «тағайындаған» оқу бөлімі басшыларының арқасында билікке керекті «дауысты» қиындықсыз жинап беріп отырды. Мұғалімдер парақорлар мен жемқорлардың қолжаулығына айналды. Елімізде тәуелсіздігіміз сақталып, тыныштық, ұлтаралық дау-жанжалсыз нығаюына өтпелі кезеңде септігі тигенде шығар. Енді қорқатын заман өтті. Бұрынғыдай емтихан тапсыратын жүйені қайтару керек. Тек білім мекеме басшыларын халық өзі сайлағанда ғана.

       Ақпарат көздеріне сүйенсек, білім жүйесі жемқорлықтан бірінші тұр екен. Осылай кете берсе қазіргі жеткен жетістіктерімізге үлкен нұқсан келіп, кері кетеміз. Әкім өз шаруашылығымен айналысып, білім жүйесін басқару – білім министрлігінің құзырына кіруі керек. Әйтпесе, білім жүйесінің былығын кімнен сұрарымызды білмей, кінәлі адамды, органды таппай отырмыз. Сондықтан білім жүйесін сауатсыз, надан, жемқорлардан тазартып, білікті де  білімді мектеп директорларын, аудандық, облыстық білім басшыларын халықтың сайлауы арқылы тағайындалатын болса, парақорлық пен жемқорлық жойылып, білім жүйесіне сонда ғана жан бітер еді.

Тегтер: білім басқарма басшы жемқорлық сыбайлас жемқорлық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01