Білімнен неге береке қашты?

Еліміздегі 354 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

27.08.2021, 09:05

1308

Білім беру мекемелерінің санитарлық талаптарға сәйкестігін тексерген денсаулық сақтау министрлігі осындай мәлімдеме жасап отыр. Оқушылар мектепке бармаған бір жылдан астам уақытты есепке алмағанда, биыл үш ай жазғы демалыста мектептердің дайындығына жауапты органдардың не бітіргенін қайдам, санитарлық дайындық түгіл, елімізде апатты жағдайдағы мектептер де көп болып тұр. Былтыр онлайн білімді оңдыртпағанымыз аздай, мына түрімізбен биыл офлайн білім бере алмайтын секілдіміз.

Жаңа карантин талаптарына сәйкес, егер сыныпта бір оқушыдан коронавирус анықталса, онда ол сынып түгелімен онлайн форматқа көшетіні айтылуда. Санитарлық талапқа сай болмаса, ертеңгі күні мектеп індет ошағына айналуы әбден мүмкін. Ата-аналардың басты уайымы да осы болып отыр. Бір қызығы, о баста еліміздің білім беру мекемелері жаппай  дәстүрлі білім беру форматына көшетіні айтылғанымен, жеме-жемге келгенде Алматыдағы кейбір жоғары оқу орындарының 1-2 курс студенттеріне қазірдің өзінде қашықтан білім алатыны ескертілген. Артынша алматылық оқушылар да үйде білім алуды қаласа, ата-аналарының өтінішімен қашықтан білім беруге көшірілетіні айтылды. Оқушыларды толықтай дәстүрлі білімге көшіреміз, санитарлық қауіпсіздігіне де жауап береміз деп, білім министрлігі жауапкершілікті толықтай мойнына ала алмай отыр. Нәтижесінде биыл тағы да «ала қойды бөле қырқып», білім алатын түріміз бар. Білім берудегі бұл ала-құлалық білім сапасына кері әсер ететіні сөзсіз.

         Мектептеріміз санитарлық тұрғыдан ғана емес, жөндеу жұмыстарының уақтылы бітпеуінен де жаңа оқу жылына дайын болмай отырған көрінеді. Күз келсе, сабақ басталатыны айдан анық болса да, жыл сайын еліміздегі мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталмай, алғашқы қар жауғанша созылып жатады. Биыл да Алматы облысындағы тоғыз мектептің күрделі жөндеу жұмыстары желтоқсан айында бітеді деп жоспарлануда. Ал күрделі жөндеудің кешігуіне қаражаттың кеш бөлінуі себеп көрінеді. Жөндеу жұмыстары бітпеген мектептердің оқушылары әкімдік, мәдениет үйінде оқитыны айтылуда. Ол жерлерде санитарлық нормалардың сақталмасы анық.

         Шығыс Қазақстан облысында да тоғыз мектеп апатты жағдайда тұр. ШҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Махсұтованың айтуынша, бүгінде 647 мектеп тексерілген. Оның ішінде 154 қалалық және 493 ауылдық мектеп бар. «Өңір бойынша білім беру мекемелері ғимараттарының жағдайын тексеру барысында апаттық жағдайдағы тоғыз және үш ауысыммен оқытуға көшу қаупі бар екі мектеп анықталды. Қазіргі уақытта облыс әкімдігінде аталған мәселені шешу бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Нақты айтқанда, апатты деп танылған мектептердің орнына жаңаларының құрылысы басталады», – дейді ШҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы. Оқу жылының басталуына бір апта қалғанда апатты мектептер мәселесін  қозғап, «жаздай шырылдап жүріп ән салған шегірткені» еске түсіргендердің әрекетіне не дерсің?!

Түркістан облысында да 200 млн теңгеге салынған мектеп құлайын деп тұр. Іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақырап, үлкен жарықтары тереңдеп бара жатқан апатты жағдайдағы мектепке ата-аналар балаларын жіберуге қорқып отыр. Салынғанына 10-ақ жыл болған мектеп бүгінгі күні апатты жағдайда. Кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен, жөндеу жұмыстарын мойнына алар ешкім жоқ. Төлеби ауданының адами даму бөлімінің маманы Пернебек Асанов: «Қабырғалардағы жарықтар 10 сантиметрге дейін, бірінші қабаттың жері қисайып кеткен, плиткалар жарылған, атап айтқанда олқылықтар тек қана асханада бар. Мұның бәрі техникалық сараптама кезінде расталды. Біз мектептің күрделі жөндеуін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға 6 миллион 939 мың теңге бөлу туралы шешім қабылдадық және облыстық әкімдікке тиісті хаттар жібердік», – деп, ақша бөлу, құжаттарды дайындау және жөндеу жұмыстарын жүргізуге уақыт қажет болғандықтан, жөндеу жұмысы тек келер жылы жасалатынына сендіріп отыр. Ал биыл оқушылар апатты мектепте білім алуға мәжбүр.

Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласының Хамраев атындағы орта мектеп 2017 жылы 1 миллиард теңгеге салынған.  Салынғанына бес жыл да өтпеген мектептің жөндеу жұмыстарына биыл тағы 15 миллион теңге бөлінген. Аудандық әкімдік таратқан мәлімдемеде «Бұл мектеп 430 балаға арналған. Сметалық құны 1 миллиард теңгеден асады. Кепілдік мерзімі үш жыл болған. Ғимаратты қабылдағанда мұндай олқылықтар болған жоқ. 2019 жылы қабырғаларда жарықшақтар пайда бола бастады. Бақылаушы органдар тексеру жүргізді. Олар сылақтың қалың жасалғанын анықтады. Биыл сол штукатурка құлай бастады. Кепілдік мерзімі аяқталғандықтан, бюджеттен 15 миллион теңге бөлу қарастырылды» делінген. Салынғанына бірнеше жыл ғана болған мектептерді жамап-жасқап жүре берсек, үш ауысымды мектептер мәселесін әзір шеше алмасымыз анық.

Қызылорда облысы Арал ауданы Тоқабай елді мекенінің оқушылары да биыл әкімдік ғимаратында білім алады. Өйткені бес жыл бұрын ғана бюджеттің 402 миллион теңгесіне салынған ауылдағы су жаңа білім ұясының қабырғасы сөгіліп, апатты жағдайда деп танылып, есігіне қара құлып салынған.

Қарағанды қаласында да «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған, көру қабілетінде ақауы бар балаларға арналған жаңа мектеп қирай бастағандықтан, жабылып тынған. Төбелерде жарықтар пайда болып, бетонның қорғаныш қабаты құлаған мектептің құрылысына бюджеттен 1,5 миллиард теңге жұмсалған екен.  Қарағанды облыстық білім басқармасының бас маманы Людмила Гавриленко: «Ғимарат бойынша үлкен жарық анықталды. Ол балалар мен барлық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Ең бастысы – бұл сот шешімі, мектеп ғимаратының аумағына келуге тыйым салынады», – дейді. Қазір жаңа оқу жылының басталуына орай, мектеп басшылығы шұғыл түрде жаңа ғимарат іздеуде.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өтсе де, апатты мектептер азаю орнына көбейіп барады. Үш ауысымды мектептер мәселесін де шеше алмай отырмыз. Мектеп жетіспегендіктен, табылған ғимаратта білім алып жатқан оқушыларымыздың  санитарлық қауіпсіздігі мен денсаулығына кім жауапты? Мұндай жағдайда көп ұзамай қайтадан қашықтан білім алуға көшсек, білім сапасы не болмақ? Былтыр онлайн білім салдарынан оқушылардың білім сапасы күрт төмендеп кетті. Биыл дәстүрлі білім аламыз дегенімізбен, мектептеріміз дайын емес. Бұл бетімізбен індетті қоздырып, бірнеше жыл қатарынан білім ала алмаған балаларымыз сауатсыз ұрпаққа айналмай ма?! Бірнеше жылдан бері не індетті жеңе алмадық, не білім берудің оңтайлы әдісін жасап шығара алмадық. Ұлт саулығы ғана емес, білімі де қыл үстінде тұр.

Тегтер: оқу білім мектеп директор

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39