Біреу миллион теңге жалақы алады, біреу миллиард теңге шығынға батырады

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

05.11.2021, 08:49

2293

— Менің айлығым 1 миллион теңге. Оның алдында да айтылды, қазір де айтамын, ешкімнен ешқандай секрет жоқ, – деген Бауыржан Канкиннің даусы қаттырақ шығып кетті.

Залда отырған қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев:  «Сіздің айлығыңыз әкімнің айлығынан көп екен», – деді. Бірқатар азаматтар Канкиннің даусының қатты шығып кеткенін әңгіме қыла бастады:

– 1 миллион алған соң даусы шығады да, ақша сөйлетіп тұр ғой, бұл кісіні…

«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Бауыржан Канкин Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында берген есебінде осылайша жалақысының 1 миллион теңге екенін айтып ағынан жарылды. Қазір ол қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі белсендісі Дастан Асқарұлының жазуынша, өңір әкімдерінің ішінде жалақысы ең көбі Бақытжан Сағынтаев екен. Алматы әкімінің қолына таза 700 мың теңге тиетін көрінеді. Облыс әкімдері, парламент депутаттары 800 мың теңгеге дейін айлық алады екен. Қарапайым  ғана әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасына 1 миллион теңге жалақыны кімнің белгілеп бергені әзірге белгісіз күйде қалып отыр. Біздің негізгі айтайын дегеніміз бұл емес еді.

Мінбеде қызбаланып сөйлеген Канкин біраз мәселенің басын қайырды. Оның айтуынша, Шымкентте тұрғын үй қорының жетіспеушілігі өте қиын жағдайда. 33 миллион шаршы метр үй салу керек. Мұншама үй салу үшін 800 гектар жер қажет. Тіпті басқарма төрағасы тұрғын үй салу бойынша республикалық маңызы бар қала – Шымкенттің  20 жылға қалып кеткенін де жасырған жоқ.  Шымкенттегі индустриалдық аймақтардағы жағдай да мәз емес. Кәсіпкерлер жерді бауырларына басып, мойнына алған міндеттемелерін орындамайды. Дәлірегі – кәсіпорын салмайды.

–Жерді алып тастаған, бірақ түк істемейді, – деген төраға жер алып, «ұйықтап жатқандардың»  үлкен адамдар екенін тілге тиек етті (бірақ жер иеленгіш дәулердің кімдер екені тағы жұмбақ болып қалды).

 Канкин қаладағы автобустардың мәселесіне келгенде күмілжи бастады. Төрағаның айтуынша, Шымкентке осыдан екі-үш жыл бұрын 590 автобус сатып әкелінген. Оның 300-і жанармаймен, қалған 290-ы табиғи газбен жүреді. Осы уақытқа дейін паркте 200 автобус қаңтарылып тұр. Енді осы 200 автобус қарашада жекеменшік көлік компанияларына беріледі екен. Нәтижесінде корпорация жаңа автобустарға лизинг төлеу міндетінен құтылады. Бұл міндет енді компаниялардың мойнына жүктеледі.        «Автобустар неге қаңтарылып тұрды?» деген сауалға келгенде Канкин «оны автобустарды алу кезінде ойлану керек еді», «ол кезде басқа кісілер отырған» дегеннен әріге барған жоқ.

Шымкентке су жаңа автобустардың  келе жатқаны 2019 жылдың басында белгілі болған-ды. «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сол кездегі басшысы Рашид Аюпов мегаполиске әзірге 300 автобус келгенін, жыл соңына дейін тағы 700 автобустың жеткізілетінін әлеуметтік желіде жариялаған. Маусымда Аюпов қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге жаңа муниципалды автобус паркінің лентасын қиды. 

Арада екі ай өтер-өтпесте Шымкентте жағдай 180 градусқа өзгерді. «Сенім кредиті» таусылған Ғабидолла Әбдірахымов қызметсіз қалды. Рашид Аюпов алдымен Түркістан қаласының әкімі, ал биыл Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына өсіп кетті.  Қос шенеунік Шымкенттегі жылы орындарын суыта салысымен, дәлірегі 2019 жылдың тамызында, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жаңа басшылары  автобустардың тиімсіз жүйемен сатып алынғанын айта бастады. Байқағандарыңыздай, бұл мәселе әлі күнге толық шешімін таппаған. Осыдан кейін Канкиннің айтып отырған «басқа кісілердің» кімдер екенін, олардың қандай лауазымды қызметтерде отырғанын өзіңіз іздеп көріңіз.

Канкин тиімсіз жүйемен сатып алынған автобустарды жекеменшік компанияларға беріп, мекемені шаш етек шығыннан құтқаратынын айтып отыр. Бірақ корпорацияға тиімсіз болған лизинг төлеу жекеменшік компанияларға тиімді болады деп кім айтты сізге?

Ал енді мына жайтқа назар аударып көріңіз. Биыл тамызда Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында қалалық қаржы басқармасының басшысы Кенжебек Жанбосыновтың ісі қаралды. Істің мән-жайы бойынша 2019 жылдың 19 желтоқсанында  «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өткен. Отырыста  құны 4 823 806 953 теңге ішкі қарызға салынған көпқабатты 518 пәтері бар тоғыз тұрғын үйді қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына 3 704 886 000 теңгеге сату мәселесі қаралады. Кеңестің бес мүшесі осы мәселені дауысқа салған. Нәтижесінде екі азамат қалыс қалып, үшеуі жақтап дауыс берген. Жақтап дауыс бергендер Шымкент қаласы әкімінің сол кездегі орынбасары Ербол Садыр (кеңес төрағасы), Б.Қалмырза деген азамат және істі болып жатқан қаржы басқармасының басшысы К.Жанбосынов. Құзырлы органдар К.Жанбосыновқа осы жиында «қолдап» дауыс бергені үшін айып таққан. Себебі шешімнің салдарынан аталған акционерлік қоғамға 1 118 920 953 теңге, яғни аса ірі мөлшерде зиян келген көрінеді. Бірақ, бір қызығы, қылмыстық жауапқа К.Жанбосынов жалғыз тартылған. Е.Садыр мен Б.Қалмырзаның істі болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сонда бұл қалай? Қылмысты үш адам бірге жасайды, бірақ бір ғана адам сотталады. Бұл қисынға келе ме?  

Сот сол жолы Жанбосыновтың ісін Е.Садыр мен Б.Қалмырзаның ісімен бірге қарау қажеттігін алға тартып, қылмыстық істі қайтадан прокуратураға қайтарған еді. Қазан айында ол қайтадан Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына түсті. Бұл істің немен аяқталатынына, кімдердің жауапқа тартылып, кімдердің жазадан құтылып кеткеніне алдағы уақытта тереңірек тоқталатын боламыз.

Тегтер: еңбек нарығы жұмыс беруші мәселе тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30