БІЗ КҮТКЕН БАҚЫТ

Мәлік ОТАРБАЕВ

14.04.2021, 16:07

971

Ақынды ақын бағалайды

Дұрсын Күвелоғлы. Туысқан түрік азаматы. Қазақтың салтын, психологиясын жақсы біледі. «Қайдан?» дейсіз ғой. Әдебиет арқылы таныс. Бірқатар жазушыларымыздың шығармаларын оқыды. Оқып қана қоймай, аудармаларын өңдеп, қол ұшын созды. Өзі де жазушы. Белгілі прозаик.

Дұрсын бейдің «Ней және Мей» атты романы жарық көрген еді. Түріктің дарынды да адуынды ақыны әрі композиторы Нейзен Тауфиқ туралы жазылған қызықты шығарма. Сол кітаптың тұсаукесеріне қатыстық.

Сөйтсек, «Нейзен Тауфиқ» деген жұмбақ адамның мінезі оғаштау болған екен. Өткен ғасырдың басында өмір сүрген, Осман патшалығына қарсы шығып, одан кейінгі билікке де көңілі толмаған жан. Қызыл тілге дес бермеген шешен. Қайда жүрсе де, «басы ноқтаға сыймаған» талант иесі. Бірақ «Нейзен» десе, жұрт түріктің «ракы» дейтін арағына қатты құмар  адамды, бұ дүниенің емес, о дүниенің қонағындай өмір сүрген, көше кезіп жүрген ақынды көз алдына елестететін болған.

Әлгі кітаптың тұсаукесерінде ақынның замандасы әрі әнұранның авторы Мехмет Акиф Ерсой туралы да сөз болды. Нейзен Тауфиқ екеуі бір-бірін өмір бойы сыйлап өткен жандар екен. Бір-біріне адал дос болған.

– Мехмет Акиф, – деді баяндамашы. – «Сафахат» атты өлеңдер жинағының авторы. Өте діндар кісі болатын. Тақуа болатын әрі Нейзеннің ажырамас замандасы. Бірақ екеуінің табиғаты екі бөлек, қарама-қайшы. Біреуі Жаратқан иемізге құлдық ұрудан бас көтермесе, екіншісі ішімдікке мас болып, басын көтере алмай жатады. Сонда қалай?  

Осыны кезінде замандастары Мехмет Акифтің өзінен сұраған екен.

– Нейзен көп арақ ішеді. Ал сіз арақты арам деп қабылдайсыз. Ащы суға  мүлде жоламайсыз. Бірақ ол кісі сіздің ажырамас досыңыз емес пе?! Оны қалай түсінеміз?!

Сонда атақты ақын:

– Шырағым, достық деген бәрінен биік тұрады. Мен арақтан бас тартамын, бірақ Нейзеннен бас тартпаймын! – деп іркілмей жауап беріпті.

Баяндамашының сөзіне отырғандар ду күліп, қол шапалақтап жіберді.

Құмырсқаның қамы

Сүлеймен пайғамбар құмырсқамен тілдескен. Тілдесіп қана қоймай, сырласқан да. Тіпті сырласқаны өз алдына, тәлім де алған.

Бағзы заманның бір абызы құмырсқаны әңгімеге тартқан көрінеді.

– Шымал атаулы кімнен қорқады? – деп сұрайды одан.

– Қанатымен қағып, тұмсығымен шоқитын құс атаулының бәрінен қорқады. Жер бетіндегі ең оңбаған, қатыгез жыртқыштар солар, – депті құмырсқа.

– Қызық екен. Сонда сендерге кімнің жаны ашиды?

– Жылан мен шаяннан, қабылан мен арыстаннан асқан мейірімді жануар жоқ мына дүниеде. Солардың ғана бізге жаны ашып, шарапаты тиеді. Олар тірі жүргенде біз қам жемейміз.

Иә, тіршілікке құмырсқаның көзімен қарасаң, әрине, солай.

Тәтті туынды

Атақты ақын Сағди болашақта әлем халықтары сүйсініп оқитын «Гүлістан» атты шығармасын өзінің замандасы, белгілі ойшыл Румиге сыйлапты.

«Гүлістан», кейін оқырманға мәлім болғанындай, патшалар мен дәруіштердің өмірін, адамгершілік пен имандылықты, жастық шақ пен махаббатты, достық пен бауырмалдықты, кәрілік пен әлсіздікті жырлайтын үлкен поэма емес пе?!  

Сәті түскенде атақты ақын: «Қалай екен?» деп, шығарма туралы ойшылдың пікірін білгісі келеді.

– Бір түйір тұзы жоқ, – депті ойшыл езу тартып.

– Сонда қалай? – дейді ақын ойшылдың пікірін анықтай түскісі келіп.

Руми Сағдидің арқасынан қағып:

– Шығармаң балдай тәтті екен! Тамаша туынды! – депті.

Өмір деген не?

– Өмір деген… өмір д-е-г-е-н… өмір… – деп іркіліп қалды ақ мамық бұлт. Содан соң сәл есін жиып алып: – Жылап өту ғой, – деді. – Иә, иә, дәл  солай. Жыламасаңыз дүн-дүние қалай көгереді? Түрлі түсті гүлдер қалай күлімдейді? Өзендер ше, көлдер ше, олар қайтпек? Тартылып, кеуіп кетпей ме?

– Жылау керек дейді ғой, жылауық неме, – деп кекетті оны найзағай. – Қателесесің. Өмір дегенің – бір ғана сәт. Бәрі бір-ақ сәтте жарқ етіп, ғайып болады. Күлсең де, жыласаң да солай. Болар іс болам десе, бір-ақ сәтте бола салады.

… Ал сіз қалай ойлайсыз?

Жүзіктегі жазу

Анадолының бір музейінде Осман патшасының жүзігі көзімізге түсті. Жазуы бар. Күміс жүзік екен. Шеберлікпен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Көздің жауын алады.

– Қай патшаныкі екені белгісіз, – деді музей қызметкері.

– Жазуы арабша сияқты ғой. Не жазылған екен? – деп сұрадық.

– «Бұдан кейін не болады?» деп жазылған.

– Қызық екен...

– Иә, оның қызық бір әңгімесі бар. Сіздерге соны айтып берейін.

Қасиетті жұма күні патша мешітке барып, имамның уағызын жамағатпен бірге ұйып тыңдапты. Мінбеде сөйлеп тұрған имам: «Бұл дүниеден озған адамның жағдайы қалай болады? Ертеңгі күн қандай болады? Бұдан кейін не болады?» деген екен сөз арасында.

Патша құлшылық міндетін атқарып, мешіттен шыға бергенде бір қайыршы: «О, сұлтаным! Тілегің қабыл болсын! Уағыздан не үйрендің?» деп сұрапты.

Патша сәл ойланып: «Бұдан кейін не болады?» деген сауал мәңгі-бақи есімде қалады», – депті.

Кейін ол өзінің жүзігіне осыны жаздырып алады. Міне, бұл жүзіктің аңыз-әңгімесі осындай.

Біз таңғалып, бас шұлғыдық.    

Расында да, кейінгі күніміз, келешегіміз қандай болмақ?..

Бұл мәңгілік сұрақ қой.

Бабрак Кармал

– Студентсіз бе? – деп сұрады қасымда отырған жолаушы. – Әңгіме айта отырыңыз. Жол қысқартайық. Ыстамбұлға дейін бес сағат ұшу деген оңай емес.

– Оныңыз рас, – дедім оқып отырған кітабымды алдымдағы күрсінің қалтасына салып қойып.

– Студент болмасақ та, өмірдің шәкіртіміз ғой,  – деп қалжыңдадым сосын. – Негізі… қызмет етемін. Жұмыс орным Анкара қаласында. Қазақ жастарымен де, түрік зиялыларымен де жақын араласып тұрамын. Әрине, сіздей  туысқандармен әңгімелескен біз үшін бір ғанибет.

– Әп-бәрекелді! Мен де Анкарада ұзақ жыл қызмет еттім. Қазір Швецияда тұрамын. Алматыдағы достарыма жолығып, үйге қайтып бара жатырмын, – деді жасы егде тартқан түрік азаматы. Содан кейін есіне бірдеме түсіп кеткендей әңгімені басқа арнаға бұрды. – Негізі, оқыған дұрыс қой, бауырым. Бәріміздің арманымыз – білімді де білікті ұрпақ өсіру. Мен кезінде Тұрғыт Өзалмен бірге жұмыс істедім. Президент кеңесшісі болдым. Өзімізде де, шетелдерде де оқу орындарын аштық. Білім сапасын көтеретін істер атқардық. Осы салаға өз үлесін қосқан азаматтарды барынша қолдадық. Өйткені жастарымызды өзіміз тәрбиелемесек, ертең олардан айырылып қаламыз ғой. Болашағымыздан айырыламыз.

– Әсілі, бізді алаңдататын да осы мәселе, – дедім. – «Болашағымыз қалай болмақ?» деген сауал көкейімізде әлі күнге дейін түйін болып тұр. Білімді жастар шетел асып кетіп жатыр. Бай-қуатты азаматтарымыздың есіл-дерті басқа… Білімге араласса да, тек өзінің табысын ойлайды. Ал сіздерде байқап отырсам, о бастан жолға қойылған көрінеді. «Қарным тоқ, қайғым жоқ» демейді. Мектепті де, мәдениет үйлерін де салып беріп жатады. Ұстаздарға стипендия беретін қаншама жеке компаниялар бар. Бізге де сондай мәдениет қалыптастыру керек.

– Біздің елде бұл мәдениетті қалыптастырған дін ғой. Сосын, әрине, қоғамдық жүйе. Білесіз бе, сізді тыңдап отырып, бұрын Ауғанстанның президенті болған Бабрак Кармалдың өмірбаяны есіме түсіп кетті, – деді бір қызық әңгіме бастап. – Оның өмір жолы қызық. Бабрак Кармал 1952 жылы Анкара университетінің медицина факультетіне түсіп оқиды. Мұсылмандық салт-дәстүрді жақсы білетін көңілі зерек, көкірегі ояу, алғыр бала болады. Арманы – Анадолыда сапалы білім алып, еліне қайтып, қызмет ету.

Бірақ, әттең! Тағдырдың жазуы емес пе, 1954 жылы Бабрак Кармал тарығып, қиналып қалады. Сірә, туған ауылынан ешқандай көмек келмесе керек. Алатын стипендиясы да жоқ. Ол кезде Анкарада жеке қорлар жұмыс істейтін. Олардың да жағдайы мәз емес-ті. Әйтеуір, бармаған жері, сұрамаған адамы жоқ. Ешкім көмек бере алмайды. Шарасыз жүрген баланың қанаты қырқылады...

Сапарласымның көмейіне өксік тығылғандай даусы тарғылданып шықты. Сәл тоқталып, көзін орамалымен сүртіп, әңгімесін ары қарай жалғастырды.

– Ол кезде Кеңес Одағының консулдығы арнайы стипендиямен оқытады екен. Соны Бабрак Кармал ести салып, құжатын тапсырады. Консулдықтың қызметкерлері оны шақырып алып: «Біз саған стипендия береміз, бірақ сен медицина факультетінде емес, халықаралық қатынастар факультетінде, Мәскеуде оқисың» деп шарт қояды. Бала қайтеді, амалсыз көнеді. Сөйтіп, Мәскеуге барып оқиды. Баяғы мұсылман бала құдайсыздыққа бет бұрған тап-таза «коммунист» болып шыға келеді. Оқуын аяқтап, қызметке араласып, Ауғанстанға оралады. Содан соң, 1979 жылы билікке таласады. Арғы жағын өзіңіз жақсы білесіз. Ауған соғысында 1 миллионға жуық адам қырылды, 3 миллионнан астам адам босқын болып, шекара асып кетті. Бұл үлкен қасірет.

– Бір ғана адам қандай қасіретке себепші болды десеңізші. Тарихтан үлгі алу керек деген осы ғой. Қап, сол кезде Анкарада қалып қойғанда басқаша болар ма еді… – дедім.

– Әттеген-ай десеңізші, – деді өткенге өкініш білдіргендей ол да қамығып. – Сол кезде баланың алдынан шығып, көмегімді бергенімде ғой, әттең… Бірақ амал нешік. Тағдырдың жазғаны… Енді бұған жол бермеуіміз керек. Меніңше, шығыс әлеміне соққы болған бұл соғыстың басты себепкері Бабрак Кармал ғана емес, көмекке зәру болып жүрген кезде оған қол ұшын бермеген біздің мұсылман бауырларымыз. Сондықтан жастарымызға өзіміз барынша қолдау көрсетуіміз керек. Мемлекеттің қолынан келмесе, қоғамның ішінен қолдау көрсететін азаматтар – ұлтын сүйетін жігіттер шығуы керек. Ал ондай азаматтар әр елде бар.

Шынында да, әңгімеміз аспандағы жолымызды қысқартты. Ыстамбұлға қалай жетіп қалғанымызды білмеймін. Жер бетінен биіктеген сайын тұманды ойлар сейіліп, күрделі сұрақтардың анық-қанығына көз жеткізгендей боласың. Әсіресе қасыңда ой қозғайтын кісілер отырса...

Аполлон-11

1969 жылы Айға қонған «Аполлон-11» ғарыш кемесінің астронавттары – оның ішінде Айда азан даусын естіген әлемге белгілі Нил Армстронг бастаған экипаж Американың шөл даласында жаттығу жасап, қызу дайындық жасайды.

Астронавттар ары-бері жүгіріп өткенде алыстан бір үндістің шалы бұларды бақылап, ұзақ қарап отырады екен. Содан бірнеше күннен кейін астронавттардың не мақсатпен дайындық жасап жүргендерін анықтап білген соң, бұларға өтініш айтады.

– Менің бір ауыз сөзімді Айдың тұрғындарына жеткізіңдерші, – дейді өз тілінде.

Бұлар «мақұл» деп келіседі. Содан Айға барып қайтады.  

Кейін әлгі үндіс шалы айтқан сөздің аудармасын сұрайды ғой білетіндерден. Сөйтсе, шалдың «жеткізіңдер» деген сөзінің мағынасы былай екен: «Мынау адамдардың айтқанына әсте сенбеңдер! Бұлар жерлеріңді жаулап алуға келді!»

Асыққан тіршілік

Көшеге шықсаң, бәрі бір жаққа асығулы. Көлікке мінсең де солай. Асығыс дүние.

Жұмысқа барсаң – шұғыл тапсырма. Төбеңе жай түскендей боласың.

Салынып жатқан ғимаратқа көз салсаң, онда да бәрі асығыс. Әкімқара келгенше салып болу керек дейді. Байғұстар тексерістен көз ашпайды.

Жолдағы көліктердің кептелісі – қиямет-қайым. Сонда да асығыс. Бір-біріне жол бермей, жүйкелерін тоздырады. «Қайда асығасың?!» деп айқайлайды.

Қалта телефон кемінде үш адамның міндетін атқарса да, бәрібір уақыт жетпейді. Не деген тіршілік? Асықтырған үстіне асықтыра түседі.

Құдды бір әлденеден кешігіп қалатындаймыз. Өмірден артта қалып бара жатқандаймыз. Коммунизмге жете алмадық… «Содан ба екен?» деп қаласың кейде.

Бірақ соншама жау шапқандай асыққанда не бітірдік? Қай өлкеміз өсіп, қай өлкеміз өшті? Діттеген мақсатқа тезірек жетеміз деп, өз өмірімізді қысқартып жіберген жоқпыз ба? Тіршілік кептелісіне түскен қамшының сабындай қысқа ғана өміріміз зая кетпей ме?

Асығыс жасалған дүниенің сырты – бүтін, іші – түтін. Жып-жылтыр, берекесі жоқ. Осындайда бір кісінің айтқаны еске түседі: «XXI ғасырдың басты мәселесі – асығыстық. Ал «асыққан» іс «аса маңызды» істің берекесін кетіреді. Осылайша асығыстық көздің жауын алатын көрікті дүниені, көңілге қонатын жағымды істің нәтижесін кейінге қалдырады».

Сонда не үшін асығамыз?

Екі айрық жол

Ауыл тіршілігін шебер жырлаған америкалық ақын Роберт Фрост Пулитцер сыйлығын алғанда бір топ журналист:

– Сізді басқа ақындардан ерекшелендіретін не нәрсе? – деп сұрапты.

– Бала кезімде біздің ауылда қалың орман болған, – депті ақын сонда. – Әлгі орманда екіге айырылатын арба жол бар еді. Мен соның екеуімен де жүрмей, өзім жол салуға тырысатынмын. Бар болғаны сол ғана.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айшуақ Арай 17:07
Сатпаевтағы бұзақылыққа қатысқандар сотталды
Сайт әкімшілігі 11:57
Университеттер арасында алғашқы болып елордалық ЖОО «Ashyq» жобасын қолдады
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 09:19
Жат жерде белгісіз жағдайда көз жұмған қандастар
Сайт әкімшілігі 13.05.2021, 13:03
"Қазақстандағы демократиялық институттар" тақырыбындағы инфографика байқауы
Сайт әкімшілігі 13.05.2021, 12:35
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы тұрғыны қалада тегін әжетхана салуға бел буды
Еркежан АРЫН 13.05.2021, 09:51
Волонтерлік – Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің жаңа түрі

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06